Ашық дереккөзден

Астанадағы ақылы мектептердің бірінде 8-сынып оқушысы өз қатарласына электрошокер қолданып, оның есінен танып қалуына себеп болды. Оқиға білім ордасының дәлізінде орын алған, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы КТК телеарнасы.

Тоқ соққан оқушы бірден еденге құлап, мектептің медициналық пунктіне жеткізілген. Дәрігерлер оған алғашқы көмек көрсеткенімен, бала шамамен екі сағат бойы есін жия алмаған. Тек содан кейін ғана мектеп әкімшілігі жедел жәрдем шақырып, оқушы №2 көпбейінді ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырып, қажетті ем-дом жасады.

Бұл оқиға ата-аналардың наразылығын тудырды. Олар мектепке балалардың сөмкелерін тексеретін арнайы сканер орнатуды талап етуде.

«Ай сайын миллион теңгеден астам ақша төлейміз, бірақ балаларымыздың қауіпсіздігіне ешқандай кепіл жоқ. Оқушылар сыныпқа қалаған затын алып кіре беретін болса, жағдай бұдан да ушығуы мүмкін. Мектеп әкімшілігі қауіпсіздік шараларын күшейтуі тиіс», – дейді ата-аналардың бірі Әлия Дашкеева.

Құқық қорғау органдары оқиғаны «бұзақылық» бабы бойынша тергеуге алды. Бұзақылық жасаған оқушының ата-анасына хаттама толтырылып, тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта мектеп әкімшілігі мен тиісті органдар қауіпсіздік шараларын қайта қарастыруда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!