Адам құқығы – конституциялық құқықтың маңызды институты. Адам құқықтарын қорғау механизмі – бұл адам құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қанағаттандыру жолындағы кедергілерді жою мақсатында кезекті түрде ұйымдастырылған заңды құралдардың жүйесі. Жалпы адам құқықтарын қорғау механизмінің мақсаты адам құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің кедергісіз бағыт алуын қамтамасыз ету екені анық. Құқықтық реттеу механизмі заңдық құралдардың жүйесі, олардың көмегімен қоғамдық қатынастарға құқықтық əсер ету жүзеге асырылады, құқық субъектілерінің мүдделері қанағат­тандырылады. Құқықтық реттеу механизмі элементтерінің құрамына құқықтық норма, құқықтық қатынастар, жеке құқықтық актілер, құқықтық тəртіп пен құқықтық сана кіреді.
Мемлекетте демократияның басты негізі адамның, жеке тұлғаның құқықтық жағдайы болып табылады. Сондықтан адам құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау механизміне нормативті құқықтық актілер жатады. Барлық қазіргі заманға сай конститу­ция­лар, оның ішінде Қазақстан Респуб­лика­сының Консти­туциясы да бұл мəселеге ерекше назар аударады. Көпшілігінде адам құқықтары мен бостандықтары алғашқы бөлімдерде келтірілген, бұл мемлекеттің жеке тұлғаның құқықтық жағдайына қанша­лықты ты­ғыз қарым-қатынаста болатындығын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясы ең жоғары құндылық ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостан­дықтары деп бекітті. Бұл қағида демокра­тиялық мемле­кеттің қызметі мен оның халық­аралық құқық­тық міндеті іспетті. Конс­титу­цияда бекітіл­ген жеке тұлға­ның құқығы оны жүзе­ге асыру мен қорғау­дың тиімді ме­ха­низмін құруды бол­жай­ды. Адам құқығы, оны сақтау мен кепілдік беру бүгінгі таң­дағы ма­ңыз­ды мəсе­лелердің бірі. Адам құқықтарын сақтаудың шын­дық жағдайы – демо­кра­тияның маңызды көрсеткіші, оның кемеліне келуі мен руханилы­ғының белгісі.
Адам құқықтары мен бостандықтары тек қана бір мемлекеттің ісі емес, бүкіл халықаралық бірлестіктің субъектісі. Ал адам құқығы саласындағы жалпы танылған халықаралық нормалар қазір ұлттық заңдарды қалыптас­тырудың негізі. Сондықтан да мемлекет ішіндегі адам құқы­ғын қорғау механизмі халықаралық құқық нысан­дары­мен қамта­масыз етілуі­мен тығыз байла­нысты. Адам құқығын қорғау жөнінде нормалар қабылдаған халықаралық ұйымдар, адам құқығының бұзылмауына жол бермеуге нақты механизмдер қарастырды.
Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.
Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты.

Б.Изенов,
Қызылорда қаласының
мамандандырылған тергеу
бас маман аға сот приставы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!