Фото: gov.kz
Бұл картаны алған этникалық қазақтардың көбі Астана мен Алматы қалаларында тұрады, – деп хабарлайды informburo.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин «Ата жолы» картасын 57 этникалық қазақ алғанын хабарлады.
«Әлемде инвестициялар үшін бәсекелестіктің күшеюі аясында елдегі бизнес-иммиграцияны одан әрі дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Этникалық қазақтарды «Ата жолы» картасына тарту шаралары қолға алынды. Осы картаны алуға үміткерлердің географиясы кеңейіп келеді. Қазіргі кезде Ресей Федерациясы, Германия, Қытай сияқты таяу шет елдермен қатар, «Ата жолы» картасын алуға АҚШ, Еуро одағы елдерінің азаматтары – этникалық қазақтар да қызығушылық танытып отыр.
Естеріңізге сала кетсек, «Ата жолы» картасы өз елдерінде сұранысқа ие кәсібі бар немесе табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда кеңінен қолдануға ниет білдірген этникалық қазақтарға беріледі», – деді Абулхатин Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
«Ата жолы» картасын алған 57 этникалық қазақтың көбі Астана мен Алматы қалаларында тұрады. Олардың арасында сұранысқа ие мамандығы бар 31 адам қамтылған. Ал, 26 адам кәсіпкерлікпен айналысады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!