Кәсіпкерлердің құқығын қорғау, кеңес беру, экономиканы әртараптандыру мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тыңғылықты жұмыс істеп келеді. Бүгінде республика бойынша 1,4 миллион кәсіп иесін біріктіріп, отандық бизнесіне қолдау көрсетуде. Ал өңірлік палатадағы ахуал қандай?

Өткенге көз салсақ, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы сервистік және ақпараттық қызметтер көрсетуде үздік үштікте бой көрсетті. Сол уақытта палата кеңесшілері 2549 азаматқа сегіз мыңнан астам консультация, 900-ге жуық бизнес иелеріне 949 сервистік қызметтерін ұсынған. Биылғы көрсеткіштер де жаман емес. Жыл басынан 1595 азаматқа 5384 рет кеңес берсе, сервистік қызмет аясында 468 кәсіпкерлік субъектісіне 593 қызмет көрсеткен. Сонымен қатар сауда, қызмет көрсету және туризм, өнеркәсіп, құрылыс, адами капиталды дамыту, агроөнеркәсіптік кешені кеңестері тұрақты 174 кәсіпкерді қамтып отыр. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық баяндады.

Палатаның жұмысын жинақтасақ, аймақ кәсіпкерлерін салық заңнамасындағы өзгерістермен ақпараттандыру мақсатында палата жанынан құрылған «Бухгалтерлер клубының» бизнес өкілдері мен салық органы мамандарының қатысуымен 7 отырыс ұйымдастырылған. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі 10 айдың ішінде 9 отырыс өткізіп, түйткілді 11 мәселені қарады. Кеңеспен кәсіпкердің құқықтарын қалпына келтіру бойынша мемлекеттік органдарға 15 ұсыныс берілсе, оның 8-і қолдауға ие болған.

– Интерактивті инвестициялық карта бойынша бизнес субъектілер мен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ақпаратына сәйкес 20 инвестициялық жоба бойынша мәліметтер платформаға салынды. Бұл карта әр жобаның жүзеге асырылу кезеңін анықтауға мүмкіндік береді, – деді Пірмұхаммед Айтбайұлы.

Спикердің айтуынша, биыл кәсіпкерлерден 98 бизнесті қорғау бағытында өтініш түскен. Бұл ретте өтініштердің 30-ы оң шешімін тапты. Нәтижесінде кәсіпкерлердің 450 миллион теңгеден астам қаражаты сақталған. Бұдан бөлек «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өткен өнімдер көрмесіне 36 тауар өндіруші қатысып, Бренд-комитетінің шешімімен 3 финалист анықталды. Олардың ішінде қарағаштан музыкалық аспаптар шығару, ешкі сүтінің өнімдері мен түйе етінен шұжық өндіру бар. Сондай-ақ «Іскерлік байланыстарды кеңейту» құралы аясында «Абай Даулет», «CTSolutions» ЖШС Германиядан, ал «Абзал и К» ТС, «Асыл Дән» ЖШС Жапония елінен бизнес- тағылымдамадан өтті.

Аймақтағы кадр қажеттілігін анықтау мақсатында 5 қаңтар мен 28 ақпан аралығында «Атамекен» ҰКП мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп, «www.enbek.kz» сайты арқылы республика аумағында сауалнама жүргізді. Қызылорда облысы бойынша 1917 жұмыс беруші сауалнамаға қатысқан. Бұл белгіленген КРІ-дан 120%-ға артық орындалған.

Бұдан бөлек облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры кәсіпкерлікті дамыту аясында қолға алынған қысқа мерзімді оқытуға тоқталып, білім беру ұйымдарын тізілімге енгізу мен шығару бойынша арнайы жұмыс тобының есепті кезеңде 5 отырысы өткенін айтты.

– Қызылорда облысы бойынша тізілімге 13 оқу орталығы енген. Оның ішінде 6 кәсіпорындардың жанындағы оқу орталығы, 6 колледж, 1 қауымдастық жанындағы оқу орталығы. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің міндетті зейнетақы жарналарының аударымдары арқылы анықталатын бітірушілердің жұмысқа орналасу үлесі 60%-дан асқан 13 оқу орталығы өткен жылы қысқа мерзімді оқу өткізуге жіберілді.

Сонымен қатар дуальды білім беру жүйесі бойынша 2190 оқушы білім алады. 2023-2024 оқу жылында 990 оқушы тәмамдады. Кәсіптік және техникалық білім беру саласында барлығы 28 колледж жұмыс істейді. Оның ішінде 17 мемлекеттік колледж болса, 11-і жеке колледж, – деді ол.

Жол картасы аясында дуальды білім беру жүйесінен бөлек интерактивті инвестициялық карта бойынша да мардымды жұмыстар атқарылған. Мәселен, жалпы құны 598,53 миллиард теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба бойынша мәліметтер платформаға салынған. Спикер карта әр жобаның жүзеге асырылуы қандай кезеңде екенін анықтауға мүмкіндік беретіні жөнінде де атап өтті. Оның ішінде 7 жоба іске қосылған.

Агроөнеркәсіп кешені бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы проблемалық мәселелерді шешуге арналған 7 кеңес отырысы ұйымдастырылған.

– Өзекті мәселелердің қатарында зияткерлік меншікті қорғау мәселесі де бар. Осыған орай ҚР ӘМ «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК бірлесіп кәсіпкерлер арасында тауар белгілерін, географиялық нұсқамалар мен өнеркәсіптік үлгілерді тіркеуге арналған оқыту ұйымдастырылды. Нәтижесінде өңірде өндірілетін өнімдердің ұлттық брендін қалыптастыру мақсатында «Күріш өңдеу және өндіру қауымдастығы» атынан күріштің «Элита» және «Алтын Орда» ЖШС «Қызылорда тұзы» атауымен географиялық нұсқама алу үшін «QazPatent»-ке аталған өнімдердің тіркелуіне сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп, географиялық көрсеткішке куәлік алды, – деп бөлісті Пірмұхаммед Сыздық.

Қорытындыласақ, ақпарат алаңында Қызылорда облысындағы кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүзеге асқан жұмыстар таныстырылды. Байқағанымыздай өңірлік кәсіпкерлер палатасы бизнесті дамытуға қажетті сервистік және ақпараттық қызметтер ұсынып, инвестициялық жобаларды ілгерілетуде. Сондай-ақ арқылы кадр мәселесін шешіп, ұлттық брендтерді қалыптастыруға ден қойып отыр.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!