Бүгін сұранысқа ие болған сала, ертең қажет болмауы әбден мүмкін. Себебі еңбек нарығы бұрынғыдай 30-40 жылға тұрақтамайды, тек бес жыл ішінде-ақ түбегейлі өзгеріп кетеді. Сондықтан алдағы уақытты болжай отырып, саланы саналы түрде таңдау маңызды.
Қазір әр өңірде жеке мамандықтар атласы жасалуда. Соңғы дерекке сәйкес, республика бойынша 1000-нан астам жаңа мамандық анықталған. Мамандар «Жаңа мамандықтар атласын» навигациялық құралға теңейді. Ол арқылы қандай мамандықтар пайда болғанын, трансформацияланып немесе жойылып бара жатқанын білуге болады.
Осы орайда Қызылорда облысы бойынша өңірлік координатор, үйлестіруші Жандос Оразмахановпен байланысқа шықтық.
− Жандос Шынжырбайұлы, бір жақта жұмыссыз жүрген жастар бар, ал екінші тарапта кадр тапшылығы байқалады. Еңбек нарығындағы мұндай парадокстың себебі неде деп ойлайсыз?
− Білім беру жүйесі мен еңбек нарығының арасындағы байланыс әлсіз. Міне, мұндағы негізгі себеп осы. Яғни жастар бір мамандықты меңгеріп шығады, бірақ нарықта сол мамандыққа деген сұраныс болмауы мүмкін немесе талап етілетін дағдылар мен қабілеттер басқа болады.
Екіншіден, ақпараттың жетіспеушілігі. Көп жағдайда талапкерлер нақты қай салада сұраныс бар екенін білмей, дәстүрлі немесе «танымал» мамандықтарды таңдайды. Нәтижесінде бір салада кадр артық, ал екінші салада керісінше маман тапшы. Бұл – кадр даярлау жүйесінің дерекке емес, инерцияға сүйеніп дамуының салдары. Сонымен қатар ата-ананың да ықпалын ұмытпауымыз керек.
− Осындай теңсіздікті азайтуға «Жаңа мамандықтар атласы» қаншалықты ықпал ете алады?
− Атласты жай ақпараттық жинақ деп емес, нақты шешім қабылдауға арналған құрал ретінде қарастырған дұрыс. Оның негізгі мақсаты – өңірдегі кадрларға нақты қажеттілікті анықтап, білім беру жүйесін сол сұранысқа сәйкестендіру. Яғни осы жоба арқылы «қай салаға қандай маман керек?», «қандай дағдылар қажет?», «болашақта қандай кәсіптер пайда болады?» деген сұрақтарға нақты жауап бердік. Атласты нәтижелері білім беру гранттарын дұрыс бөлуге, оқу бағдарламаларын жаңартуға және жастарды сұранысқа ие мамандықтарға бағыттауға мүмкіндік беретін жоба деп айтуға болады. Қоғам үшін ең үлкен пайдасы – бұл жұмыссыздықты азайтып, кадр тапшылығын жүйелі түрде шешуге негіз болады деп есептейміз.
− Қызылорда бойынша атлас әзірлеу барысында қандай жұмыстар жүргізілді?
− Жоба аясында кешенді зерттеу жүргізілді. Біріншіден, тұрғындар, білім беру ұйымдары және жұмыс берушілер арасында онлайн сауалнамалар өткізілді. Екіншіден, негізгі салалар – білім беру, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп бойынша сарапшылармен тереңдетілген интервью алынды. Үшіншіден, форсайт-сессиялар ұйымдастырылып, сарапшылармен бірге алдағы 5-10 жылдағы еңбек нарығының өзгерістері талқыланды.
Сонымен қатар оқушылар арасында кәсіби диагностика жүргізіліп, олардың қызығушылықтары мен қабілеттері зерттелді. Осы барлық дерек біріктіріліп, өңірлік кадрларға қажеттіліктің толық картинасы жасалды.
− Жобаны әзірлеу барысында жұмыс тобы үшін күтпеген немесе таңқалдырған қандай да бір дерек анықталды ма?
− Иә, бірнеше маңызды тұжырымды айтуға болады. Соның бірі – кадр тапшылығы тек жұмысшы мамандықтарында емес, сонымен қатар заманауи дағдыларды талап ететін салаларда да байқалатынын аңғардық. Мысалы аграрлық секторда тек агроном емес, цифрлық технологияны меңгерген мамандарға сұраныс жоғары екені анықталды.
Тағы бір маңызды мәселе – жастардың таңдауы мен нарық сұранысының сәйкес келмеуі. Көп жас әлі де дәстүрлі мамандықтарды таңдайды, ал жұмыс берушілер мүлде басқа бағыттағы кадрларды іздеуде.

− Жобаны жүзеге асырған жұмыс тобы туралы айтып өтсеңіз.
− Жоба Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасымен, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми-әдістемелік жетекшілігімен жүзеге асты. Бұл ынтымақтастық білім мен экономиканы, ғылым мен өндірісті бір ортақ мақсатқа — өңірлік кадр саясатын жаңғыртуға бағыттаудың үлгісі болды. Жұмыс тобының құрамында зерттеушілер, аналитиктер, оқытушылар, салалық сарапшылар мен ұйымдастырушылар бар.
Жобаны әзірлеу бірнеше айға созылды. Жұмыс барысында 7 мыңнан астам сауалнама, 3 сала бойынша 14 мекеме басшысынан сұхбат алынды, 8025 оқушы кәсіптік бағдар беру диагностикасынан өтті. Білім саласы бойында 10 жаңа, 7 трансформацияланатын және тағы да жеті жойылатын мамандық анықталды. Ауыл шаруашылығымен өнеркәсіп және құрылыс екеуінде де сегіз- сегізден жаңа мамандық пайда болады. Атлас бойынша жалпы 26 жаңа, өзгеретін 25, жойылатын 23 мамандық анықталды. Қазір жоба мен қорытынды есеп толық дайын. Енді бұл материалдарды нақты басқару шешімдеріне енгізу, яғни білім беру саясаты мен кадр даярлау жүйесінде қолдануды жоспарлап отырмыз.
Атласпен танысып, оқып шығамын деушілер болса, «enbek.kz» сайтынан жүктеп алуға болады. Ол жерде тек Қызылорда облысы емес, еліміздегі барлық өңірінің атластары қолжетімді.
− Қазір көп жас әлі де дәстүрлі мамандықтарға, яғни заңгер, менеджер, экономист секілді бағыттарға ұмтылады. Ал еңбек нарығы бұл сұранысты қаншалықты көтере алады?
− Өкінішке қарай, мұндай сұраныс қазіргі еңбек нарығының нақты қажеттілігіне сәйкес келмейді. Бұл мамандықтарды қажет емес деп айтуға болмайды, бірақ олардың саны шектен тыс көп. Еңбек нарығында қазіргі таңда практикалық дағдылары бар, техникалық және қолданбалы бағыттағы мамандарға сұраныс әлдеқайда жоғары. Сондықтан мәселе мамандық атауында емес, оның сапасы мен мазмұнында екенін ескерген жөн. Егер экономист немесе заңгер заманауи дағдыларды меңгерсе – ол сұранысқа ие болады. Ал егер классикалық деңгейде қалса, әрине қиындық туындайды.
− Өңірге тоқталсақ, нақты қай салада маман тапшы, ал қайсында шектен тыс көп?
− Қызылорда облысында ең алдымен ауыл шаруашылығы, инженерлік-техникалық бағыттар, құрылыс және өндіріс салаларында кадр тапшылығы бар. Ал артық мамандар көбіне экономика, менеджмент және құқық салаларында байқалады. Бұл бағыттарда ұсыныс сұраныстан әлдеқайда жоғары.
− Қызылорда облысында алдағы 5 жылда қандай үш мамандық сұранысқа ие болады? Ал өңірлік экономикада қандай жаңа сала пайда болуы мүмкін?
− Алдағы жылдары агротехнология, инженерлік және құрылыс саласының мамандары мен цифрлық технологиялар және IT бағытындағы кадрларға сұраныс артуы мүмкін. Иә, бұл сұраныс өңір экономикасының құрылымымен байланысты. Қызылордада ауыл шаруашылығы негізгі сала ретінде қала береді, бірақ ол технологиялық деңгейге өтуде.
Сонымен қатар инфрақұрылымдық және өндірістік жобалар да дамып келеді. Болашақта агротехнология, цифрлық ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі бағыттары жаңа драйверге айналуы мүмкін.
− Егер бұл жоба толық жүзеге асса оның нәтижесі қандай болады?
− Егер атлас нәтижелері нақты саясатқа енгізілсе, біз бірнеше маңызды тетікке қол жеткіземіз. Біріншіден, кадр тапшылығы жүйелі түрде азаяды, екіншіден, жастар сұранысқа ие мамандықтарды саналы түрде таңдай бастайды, ал үшіншіден, білім беру жүйесі еңбек нарығына нақты бейімделеді.
Ең бастысы – бұл жоба мемлекеттік басқаруда шешім қабылдауды жаңа деңгейге көтереді, яғни дерекке негізделген, тиімді және нәтижелі жүйе қалыптасады деп санаймын. − Жауабыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!