Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, атқарушылық құжаттарды іс жүргізуге қабылдау сот орындаушыларының нақты ережелерді сақтай отырып жүзеге асырылады. Бұл процесс өндіріп алушының арызы негізінде немесе заңнамада белгіленген өзге де жағдайларда жүзеге асырылады.
Атқарушылық іс жүргізуді қозғау шарттары
Атқарушылық іс жүргізуді бастау үшін өндіріп алушы немесе оның өкілі жазбаша түрде арыз береді. Өкілдер арызға сенімхатты немесе өкілеттігін растайтын өзге де құжаттарды қосады. Арызда борышкердің мүлкіне тыйым салу, сондай-ақ оған қатысты заңда көзделген шектеулерді енгізу туралы өтініш болуы мүмкін.
Егер атқарушылық құжат сот немесе уәкілетті орган тарапынан жіберілсе, мемлекеттік сот орындаушысы арызсыз іс жүргізуді бастайды. Жеке сот орындаушысы да кей жағдайларда, мысалы, әлеуметтік маңызы бар істерде, өндіріп алушының арызынсыз әрекет етуге құқылы.
Іс жүргізуді бастау мерзімдері мен шаралары
Сот орындаушысы атқарушылық құжатты алғаннан кейін үш жұмыс күнінің ішінде атқарушылық іс жүргізуді қозғайды. Бұл жөнінде тиісті қаулы шығарады. Сонымен қатар, жеке сот орындаушы өндіріп алушымен құжаттың орындалу шарттары бойынша келісімге қол қойып, оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Мемлекет пайдасына қатысты өндіріп алу құжаттары бойынша келісім жасалмайды.
Атқарушылық іс жүргізу қозғалған соң, сот орындаушы борышкердің міндеттерін орындауын қамтамасыз ету шараларын қабылдайды. Ол атқарушылық құжаттардың орындалу тәртібін қадағалап, борышкерге қатысты өзге де іс жүргізулердің бар-жоғын анықтайды. Қосымша істер болған жағдайда, өндіріп алушыға бұл туралы хабарланып, талаптарды қанағаттандырудың кезектілігі түсіндіріледі.
Ж.Баекеева, "Қармақшы ауданаралық мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімі" филиалының басшысы, аға сот орындаушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!