Атқарушылық іс жүргізу – сот актілері мен өзге де уәкілетті органдардың шешімдерін орындауды қамтамасыз ететін құқықтық рәсім. Бұл азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін нақты қалпына келтіруге бағытталған және сот төрелігінің түпкі нәтижесін жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады.

Қазақстан Республикасында атқарушылық іс жүргізу «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылады. Аталған заң атқарушылық іс жүргізудің тәртібін, сот орындаушыларының өкілеттіктерін, сондай-ақ өндіріп алушы мен борышкердің құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Атқарушылық іс жүргізу сот орындаушысына атқарушылық құжаттың келіп түсуімен басталады. Сот орындаушысы белгіленген мерзімде іс қозғап, тараптарды бұл туралы хабардар етеді. Алдымен борышкерге сот актісін өз еркімен орындау үшін уақыт беріледі. Егер осы мерзім ішінде талаптар орындалмаса, заңда көзделген мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылады.

Мәжбүрлеп орындату барысында борышкердің мүлкі мен ақшалай қаражатына тыйым салу, банк шоттарын бұғаттау, мүлікті тәркілеу және оны өткізу, сондай-ақ басқа да мәжбүрлеу шаралары жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл шаралар сот актісінің толық әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Атқарушылық іс жүргізу барысында тараптардың құқықтары заңмен қорғалады. Өндіріп алушы атқарушылық іс жүргізудің барысы туралы ақпарат алуға құқылы, ал борышкер сот орындаушысының әрекеттері мен қаулыларына заңда белгіленген тәртіппен шағым жасай алады. Сонымен қатар тараптар сот орындаушысының заңды талаптарын орындауға міндетті.

Қазіргі таңда атқарушылық іс жүргізу саласында цифрлық технологиялар кеңінен қолданылуда. Электронды атқарушылық іс жүргізу, «Тараптар кабинеті», робот-сот орындаушы жүйесі сияқты сервистер сот актілерін орындаудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, атқарушылық іс жүргізу – сот шешімдерінің нақты орындалуын қамтамасыз ететін маңызды құқықтық тетік. Заң талаптарының сақталуы, сот орындаушыларының кәсіби жауапкершілігі және азаматтардың құқықтық мәдениеті атқарушылық іс жүргізудің тиімді жүзеге асырылуына негіз болады.

Бисембаев Манат Кәрімбайұлы,
Қызылорда облысы Әділет департаменті
«Қызылорда қаласының №1 мәжбүрлеп
орындату аумақтық бөлімі" филиалы
бөлім басшысы аға-сот орындаушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!