Атқарушылық іс жүргізу – борышкерден атқарушылық санкциясын атқарушылық іс жүргізу бойынша өсімпұлдарды, шығыстарды, жеке сот орындаушысының қызмет ақысын өндіріп ала отырып, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шаралар. Бұл жүйе азаматтардың құқықтарын қорғауға, әділеттілікті орнатуға және міндеттемелерді уақытылы орындауға бағытталған.

1. Атқарушылық іс жүргізудің мәні мен маңызы

Атқарушылық іс жүргізу заңды күшіне енген сот актілерін және өзге де міндетті құжаттарды орындауды қамтамасыз ететін процесс. Оның басты мақсаты – борышкерлердің міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету және сот шешімдерінің нақты жүзеге асуын бақылау.

Атқарушылық іс жүргізу мыналарға қатысты:

• Азаматтық істер (несие берешектері, алимент өндіріп алу, еңбек даулары және т.б.).

• Әкімшілік істер (айыппұлдар, әкімшілік жазаға тарту).

• Қылмыстық істер бойынша материалдық шығындарды өндіру.

2. Атқарушылық іс жүргізу тәртібі келесі кезеңдерден тұрады:

1) Атқарушылық іс жүргізуді қозғау:

• Өндіріп алушы атқару құжатын жеке сот орындаушылардың Өңірлік палатасына немесе басқа да жеке сот орындаушысына атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы арызбен жүгінеді.

• Сот орындаушысы атқарушылық құжатты орындауға қабылдап, борышкерге хабарлама жібереді.

2) Мәжбүрлеп орындату шаралары:

• Сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде мәжбүрлеп орындату шаралар қабылдауға міндетті.

3) Іс жүргізуді аяқтау:

• Атқарушылық құжаттың талаптары толық көлемде орындалғаннан кейін атқарушылық іс жүргізу аяқталады.

• Егер орындау мүмкін болмаса, сот орындаушысы қаулы қабылдап, атқарушылық құжатты өндіріп алушыға орындаусыз кері қайтарады.

3. Атқарушылық іс жүргізудің субъектілері

Атқарушылық іс жүргізуге мыналар қатысады:

• Өндіріп алушы-сот шешімі немесе басқа акт негізінде өз пайдасына міндеттемелер орындалуы тиіс тұлға.

• Борышкер-міндеттемені орындауға тиісті тұлға.

• Сот орындаушылары-жеке немесе мемлекеттік сот орындаушылары, олар атқарушылық іс жүргізудің орындалуын жүзеге асырады.

Қорытындылай келе, атқарушылық іс жүргізу-құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін маңызды механизм. Ол сот шешімдерінің орындалуын бақылап, азаматтардың заңды құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Қазақстанда бұл жүйе заңнамалық тұрғыда жетілдіріліп, борышкерлер мен өндіріп алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

А.Әжіғали,
Қызылорда облысы
Әділет департаментінің бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!