Егер маған әлдекім «2025 жыл несімен есіңде қалды?» десе, еш ойланбастан «подкастарымен» дер едім. Бұлай деуімнің себебін өзіңіз де түсініп отырған боларсыз…
Кейінгі жылдары түрлі әлеуметтік желіде кеңінен тараған, беделі күннен-күнге артып келе жатқан медиа саланың бірі – подкастинг. Бұл сөз ағылшын тіліндегі «podcast» ұғымынан туындап, жалпы мағынасы «хабар тарату» дегенді білдіреді. Қарапайым тілмен айтқанда, подкаст – аудио, видео немесе телерадио форматында белгілі бір тақырыпты қамтитын еркін әңгіме, сұхбат немесе авторлық ой-толғам. Оны бір адам да, бірнеше адам да жүргізе алады.
Кей мамандар подкасты «қазіргі заманның тәрбие құралы» десе, енді бір деректе ол нақты жанрға жатпайтын еркін формат ретінде көрсетіледі. Шын мәнінде, подкасттың артықшылығы да осында: оны жасауға қатаң талап та, қатаң шектеу де жоқ. Автор еркін форматты таңдап, ойына келген тақырыпты талқылай алады. Осы себепті подкастинг жаһандық деңгейде де, елімізде де серпінді дамып келеді.
Осы жыл жоғарыда атап өткендей «подкастинг жылына» айналғандай. Бұлай деуге бір емес, бірнеше себеп бар. Оның бірі актриса Дариға Бадықованың экс-күйеуі Дархан Мұсаевтың YouTube платформасындағы «Уақыт көрсетеді» арнасында Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбаты. Әлеуметтік желінің қайсын ашсаң да көпшіліктің көлдей жазбасы осы сұхбаттың айналасында өрбиді. Пікірталас тудырған бұл подкаст небәрі бір айдың ішінде 1,4 миллион қаралым жинаған екен. Жуырда ғана Дариға Бадықованың продюсерлігімен түсірілген «Ыстық ұя» атты кезекті фильм жарыққа шыққан еді. Осынау фильммен жарыса жарияланған экс-күйеудің сұхбаты ел ішін демде екіге бөліп тастады. Бір топ Дариғаны қолдаса, енді бір тобы Дарханның сойылын соғып, фильмге бармауға үгіттеп бақты. Соған қарамастан аталған фильм 1 миллиард 755 миллионға жуық касса жинап, Қазақстанның кино тарихында «миллиардер фильмдер» тізімінде екінші орынға жайғасты. Дәл осы тізімде бірінші орында да Дариға Бадықова алғаш рет продюсерлік еткен «Таптым-ау сені 1» фильмі 1 миллиард 835 миллион касса жинап, көш бастап тұрғанын айтуға болады.
Подкастқа оралайық. Сұхбат арасында Дархан Мұсаев Дариға екеуінің шаңырағындағы қыз баланың туған перзенті емес екені жайлы ақпаратты жайып салды. Ізінше қоғам белсендісі Айгүл Орынбек бала асырап алу құпиясын жалпыға жария еткені үшін Дарханның үстінен құқық қорғау органдарына ресми арыз жолдады. Қоғам белсендісінің айтуынша, бұл отбасылық құпияны бұзу – тек әдепсіздік емес, ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабы, яки «Бала асырап алу құпиясын жария ету» және 147-бабы, дәлірек айтқанда «Жеке өмірге қол сұғу» бойынша нақты қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет. Сонымен қатар Айгүл Орынбек өз жазбасында сұхбат алушы журналисті де қатаң сынға алды. «Рейтинг үшін біреудің тағдырын талқыға салу – кәсіби абыройға көлеңге түсіреді» деді ол.
Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың экс-жұбайы Мөлдір Мұқанованың сұхбаты да желі беттерінде шуға ұласты. Журналист Жанар Байсеміздің YouTube арнасында жарияланған подкаст бір ай ішінде 3,6 миллион қаралым жинаған. Жаппай талқылауға түскен сұхбат желісі жұбайлар арасындағы жанжал мен «тоқал» тақырыбында өрбиді. Бір шаңырақ астындағы 14 жылдың оқиғасы көптің көңілін толқытты. Алайда көрерменнің басым бөлігі оның әрекетін фильм алдындағы хайпқа балады. Себебі ізінше Мөлдірдің продюсерлігімен «Шәй в большом городе» атты фильм прокатқа шыққан болатын. Бүгінге дейін кинотеатрлардың экранында көрсетілімі жалғасып жатқан фильмді мақтаушылар да, даттаушылар да табылды. Мәселен Тұрсынбек құрған театр актеры Қайрат Әділгерейдің жұбайы Бақыт Тұрман аталған фильм жайында жеке пікірін білдіремін деп, соңы Мөлдір Мұқановамен арадағы кикілжіңге ұласты. Көп өтпей-ақ әнші Қыдырәлі Болманов жаңа туындыға оң бағасын беріп, ақ тілегін арнады.
Екінші тарапқа назар аударып едік, Тұрсынбек Қабатов инстаграм желісінде сторис арқылы ғана қарсылығын білдіріп, балаларын қара тізімге салғаны жайлы ақпаратты өтірікке шығарды. Алайда аталған сұхбаттан кейін халық әзілкешке жаппай бойкот жариялап, концертіне барудан бас тартты. Тіпті желі беттеріне «Отбасыма Тұрсынбектің концертіне түгелдей билет алып беріп едім, енді бармаймыз, билетті кері өткіземіз» деген жазбаны да көзіміз шалып қалды.
Қош. Әр үйдің сыры басқа. Сөз еткіміз келгені өзгенің отбасы емес, өзекті тақырыпқа айналған сұхбаттар. Жазушы Қанат Тілеуханның YouTube арнасында ақын Бақыт Беделханмен құрған сұхбаты да назарымызды еріксіз бұрып әкетті. Әлеуметтік желі беттерінде әйелдерге қатысты айтылған бейнажазба қиындысы елді дүрліктіріп, желдей ескені жасырын емес. Тіпті сұхбат алушының тарапына да тас лақтырғандар табылды. Бірі мұнда көтерген мәселені «гендерлік арандату» десе, енді бірі «журналист бейтарап болуы керек» деген сыңайда пікірін жазған.
Facebook желісінде ақын Ербол Алшынбай:
– Қанат Тілеухан өзі қатарлы қаламгерлер арасында әйел жанын түсініп, өзінің шығармаларында әйел қауымын әспеттеген, әйелге құрмет көрсетіп, үлкен образдар жасаған жақсы қаламгер. Мықты жазушы. Оны бас салып басын мүжуге кіріскендер Қанаттың бірде-бір шығармасын оқымаған ба, сонда? – деп ренішін білдірді.
Иә, жазушы Қанат Тілеуханның «Шатырдағы әйел» атты кітабын толық оқып шыққан адам оны кінәлауға асықпас еді. Алайда көптің көзқарасын өзгерту оңай дүние емес.
Ақын Бақыт Беделханның аталған сұхбатының толық нұсқасын тыңдаған жан үшін санасына тоқып, түртіп алар дүние көп-ақ. Мәселен дәл осы подкаста әдебиет әлеміндегі түрлі жанрлар жайынан бастап, қазақ дүниетанымы, ұлы тұлғалардың ұстанымы, олардың басынан өткерген оқиғалары жайлы ақпараттар айтылғанын аңғардық. Тереңіне үңілсек көкірек көзін ашатын тәрбиелік һәм таным мен тағылымға толы рухани сұхбат екенін түсінер едік. Зу ете қалған минуттық бейнежазбаға шу ете қалғанымызға жол болсын! Байыбына бармай бас салып балағаттауға дайын, бір деңгейде ғана ойланатын тобырға айналып бара жатқандаймыз. Бір ит көріп үреді, бір ит еріп үреді. «Әттең» дейсің осындайда…
Сазгер Арман Дүйсеновтың жұбайы Айсұлу Айданқызының сұхбаты да көпшіліктің көкейіне көп сұрақ ұялатқан подкастардың бірі. Сұхбат барысында спикер жары Арман Дүйсеновтің қазасына қатысты жайттарды астарлап һәм тұспалдап айтқанымен, мұнда кім жайлы айтылғанын ел түсініп қойған іспетті. Көрермен әнші Индира Елеместің парақшасына жаппай шабуыл жасап, жариялаған жазбаларына кері пікірлер жазып жатқанын аңғардық. Бұл іске сазгер дүниеден өткен уақытта айтқан бір ауыз сөзі себепші болар деп топшыладық.
Нақтырақ айтқанда 2023 жылдың басында белгілі композитор Арман Дүйсенов өмірден өткен болатын. Араға жыл салып, 2024 жылы сазгердің үлкен ұлы Абылай Арманұлы да қапыда көз жұмған еді. Қос қаза жайлы шындықтың шетін сазгердің жұбайы Айсұлу Айданқызы жоғарыда аталған подкаста ашып айтқандай болды. Осыдан соң-ақ желідегі көпшілік қауым бұл іске заңгер Мейірман Шекеевтің көмек қолын созуын өтіне бастады. Алайда қос тараптың келісуімен заңгер кеңсесінде барлық жайды баяндап берген Айсұлу Айданқызы кенеттен шешімін өзгертіп, заңгердің бұл іспен айналысуынан үзілді-кесілді бас тартқан.
– Құрметті достар, сіздердің өтініштеріңізбен Арман Дүйсеновтің әйелі Айсұлу ханым осында келіп, істің мән-жайын баяндады. Десе де біраз уақыт өткеннен кейін Айсұлу ханым менен бұл іске өкіл ретінде қатыспауымды сұрады. Бұның артында «Аты жоқ» адам тұрғанын сеземін.
Қоғамның мүшесі ретінде және мұндай қиын жағдайда бейжай қалмайтын азамат ретінде бұл істі мен өзімнің назарымнан тыс қалдырмаймын. Айсұлу ханымға қандай да бір қатер төнетін болса, мен қол үшін беруге дайынмын.
Мейірман істі тастап кетіпті, болмаса қорқып қалыпты деген сияқты түрлі әңгіме тарамас үшін, алдарыңызға шығып, шындықты айтуды жөн көрдім. Біз бұл іске Руслан Өтепбай екеуіміз мұқтаж да емес едік. Тек бар ниетіміз қолдан келгенше көмектесу еді. Халықтың өтінішін жерге тастамау еді. Ал іске біздің қатысқанымызды қаламаған «аты жоқ адам» жақында өзін білдірер, – деді Мейірман Шекеев.
Осынау мәлімдемеден кейін көпшілік үшін «Аты жоқ» адам қызықты һәм үрейлі тақырыпқа айналып үлгерді. Бәлкім заңгер айтқандай бұл жұмбақтың да сыры ашылар күн алыс емес болар, кім білсін…
Подкаст тақырыбына оралайық. Бір айта кететін жайт, сұхбат алушы подкастерлер қатарында кәсіби журналистер де, қоғам белсенділері де, тіпті блогерлер де бар. Әрине әркімнің қозғайтын тақырыбы мен қонағына қояр сұрағы өз деңгейінен хабар береді. Алайда «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бекер айтылмағанын мойындау қажет. Бұл жөнінде кәсіпкер-журналист Динара Сәтжан былай дейді:
– Иә, подкаст деген көп. Бірақ блогерлер ешқашан журналистер сияқты ойланып, олар сияқты сұрақ қоя алмайды. Біз алдымызға келген кейіпкерді жан-жақты ашамыз. Сондықтан блогерлер бізге бәсекелес емес. Журналист адамды зерттейді, кейіпкерді ашады. Блогер мен журналисті салыстырудың қажеті жоқ, – дейді тілші.
Подкаст жасау барысында автор кез келген тақырыпты қозғай алады, ғылыми талқылау, психология, дін, өнер, қоғам, тіпті жеңіл әңгіме – барлығы автор қалауы. Бірақ маңызды бір жайт, қандай тақырып таңдасаңыз, сіздің аудиторияңыз да соған сай қалыптасады. Жеңіл-желпі әңгіме айтсаңыз – жеңіл контентті ұнататындар, терең ой қозғалса – ізденуші тыңдаушылар жиналады. Яғни подкастер өз аудиториясын өзі айқындайды.
Подкастинг – бүгінгі заманның еркін ой алаңы. Ақпарат алуға да, пайдалы контент таратуға да таптырмас құрал. Сондықтан подкасты тиімді пайдаланып, тыңдарманға да, қоғамға да пайдалы дүниелер өндіру – әр подкастердің мақсаты болуы тиіс.
Қорытындылай келе сөз соңын Шәкәрім Құдайбердіұлының нақылымен тәмамдайық. Сөзіңді түзе, әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, ал мінезің – сенің тағдырың. Жақсы сөз сөйлейік, жақсы сөз тыңдайық!
Тілек ҚАБЫЛ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!