Redaktor bagany

Ел газеті «Егемен Қазақстанның» сейсенбі күнгі санын­да (5 қаңтар, 2021 жыл) Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласы жарқ ете қалды. Жұрт аузында дер кезінде жазылған мақала деп бағаланып үлгерген бұл жазба расында да көпшіліктің көкейіндегісін тап басқандай.

Мұның себебі де жоқ емес. Айдың-күннің аманында ауыз­ша ғана емес, жазбаша түрде мәңгі достық келісіміне қол қойылған көршіміз өзінің мемлекеттік деңгейдегі лауазымды адамдарының аузымен айдай әлемге «Қазақ жері – біздің сыйлығымыз» деген сыңайда әңгіме таратты. Апыр-ай ә бұ қазақтың «орыстан досың болса, қойныңда айбалтаң болсын» деген сөзі осындайда айтылған екен-ау деп, іштей еріксіз күбірлеп, көңілге күмән ұялап үлгерген-ді. Мәңгілік достық жай айтыла салған көп қызыл сөздің бірі емес, 1998 жылы 6 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы» Декларация бар. Украина мен Беларусия, көршіміз Қырғызстанды көріп отырып, қалай ышқынбай тұра алады бұл қазақ. Тіпті мұны төрінде күнде қосулы аты дардай «Хабар» телеарнасы орыс тілді журналистің аузымен белден бір-ақ сызып, азшылық топтың түкке тұрмайтын амбициясы – конспирология деп ат қойып, айдар тағып, әншейін аттандау деп отырса.

Кейде қазақ тілді журналистерді, яғни бізді, тіл мен жер, ұлт, рух, т.б. осындай кең масштабты тақырыпты шиырлай береді деп айыптап жатады ғой. Оны оқып та отырмыз, естіп те жүрміз. Жалпы, өзіміз жақсы білеміз неде болса. Бірақ кейде осындай ішкі-сыртқы жағдайда болып жатқан ірілі-ұсақты оқиғалар енді не дер екен деп қазақ тілді журналистердің қанын қыздырып, сөйлетіп қою үшін әдейі ұйымдастырылатындай көрінеді. Сөйтіп бізді бір айтқанын мың айтатын көпірме етіп көрсету де біреудің қасақана ойынындай әсер қалдыратынын несіне жасырайын. Айтып-айтпай не керек, сөйтіп біз бір тақырыпты 10-20 жыл жырлаудан шаршамайтын, «айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегеннің нағыз өзі болып отырмыз. Бірақ айтпасыңа тағы болмайды. Никоновтың шовинистік пиғылдағы әлгіндей сөзін Сыртқы істер министрі сандырақ деп еді, айтары жоқ болған соң, әрине солай дейді деп қарап отыр Федоров деген тағы біреу. Бұлардың қай қайсысы да жай көшеде жүрген көп орыстың бірі емес, Думада салмақты орны бар адамдар. Әрі-беріден соң бұл – Путиннің де позициясы деп ашық айтты. Бірін-бірі іліп әкетіп, көсеумен түртпектеген бұл не деген көрші?!

Қош, сонымен мақалада былай дейді: «…Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек.

Шекара сызығын ресми түрде халықаралық шартпен бекітіп, оны әлем жұртының мойындауы соңғы бірнеше ғасырда үрдіске айналды. Оған дейін қазіргідей делими­тация, демаркация деген ұғымдар болмаған. Біз шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кей­бір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асық­пайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге сал­ғысы келгені есімізде. Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды» деп нүктесін қойды.

Бұған қоса енді әрі қарай не істеуге болады деген сұраққа жауап береді: «Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді.

Жоғарыда айтқанымдай, шекара толығымен шеген­дел­ді. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілді» дейді Мемлекет Басшысы.

Біздің ең қымбат қазынамыз, ең аяулы құндылығымыз бұл – Тәуелсіздік. Ұлт десе жанып кететін ұл-қыздары­мыздың жанашыр пікір-пейілі де осы бір асыл қазынамызды сақтап қала алсақ деген ізгі ниеттен туындайды. Міне, табалдырықтан енген 2021 жылмен бірге біздің Тәуел­сіздіктің 30 жылдығы деген мерейлі мерекелі жыл төрге озып отыр. Той да, ой да толайым болғай!

Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!