SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында ірі қара арасында қауіпті жұқпалы аурулар анықталды. Өңірлік ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, Құрманғазы және Исатай аудандарында шамамен 1500 бас ірі қарадан вирустық диарея мен инфекциялық ринотрахеит тіркелген.

Мамандар ауру белгілері былтыр желтоқсан айының соңында байқалғанын хабарлады. Арнайы зертханалық тексерулер жүргізіліп, малға симптоматикалық ем тағайындалған. Қазіргі таңда ауырған малдың 1000-нан астамы толық айыққан.

Аурудың таралу қаупіне байланысты Исатай ауданының Зинеден ауылында, сондай-ақ Құрманғазы ауданындағы Дыңғызыл, Еңбекші, Бөкейхан және Құрманғазы ауылдарында карантиндік шектеулер енгізілді. Бұл елді мекендерге мал кіргізуге және шығаруға уақытша тыйым салынды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Сайран Гуднанның айтуынша, індеттің таралуына мал тасымалы тікелей әсер етеді.

«Аталған екі аудан транзиттік бағытта орналасқан. Мал көбіне көршілес Ресей Федерациясынан әкелінеді. Аурудың алғашқы белгісі – ауыз қуысында жараның пайда болуы. Кейін сілекей ағып, мал жем-шөптен бас тартады. Қолданылған шаралардың нәтижесінде мал шығыны тіркелген жоқ», – деді ол.

Ақпанда облысқа 12 түрлі ауруға қарсы 1 445 000 доза вакцина жеткізілген. Оның ішінде анықталған инфекцияларға қарсы препараттар да бар. Қазір вакциналар өңірдің барлық ауылдарына таратылып, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Атырау облысының Исатай ауданындағы Қамыскөл ауылында 50-ден астам жылқы қырылғаны хабарланған болатын. Кейін бұл елді мекенге Орал қаласынан жем-шөп жеткізілген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!