Фото: Облыстық ПД

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға жұқа мұздың қаупі туралы бірнеше рет ескерту жасады.

Атырау облысында жүргізуші жеңіл көлігімен мұз үстімен жүрген. Алайда көліктің салмағын көтере алмай мұз ойылды. Көлік көлге түсіп кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жеңіл көліктің суға батқаны туралы фото әлеуметтік желіге жүктелді. Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға Жылыой ауданында болған.

Кеше, 18 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 17:00 шамасында Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының маңындағы Қамыскөл көліне жеңіл көлік түсіп кеткен. Toyota Camry көлігінің жүргізушісі тыйым салынған белгілерге қарамастан мұз үстімен журге әрекет жасаған. Жеңіл көлік жағалаудан 40 метрдей жүргенде мұз жарылған.

«Көлікте болған адамдар дін аман. Ешкім зардап шеккен жоқ», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Көлік иесі облыстық төтенше жағдайлар департаменті Жылыой аудандық бөлімінің қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Төтеншеліктер жеңіл көлікті судан шығарды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға жұқа мұздың қаупі туралы бірнеше рет ескерту жасады.

«Қалыңдығы 15 см кем емес қауіпсіз деп саналады. Мұздың қауіпсіз екенін жасыл немесе көкшіл түске боялғанына білуге болады. Су айдыны қоймаларында арнайы жабдықталған өткел болмаса, мұз үстімен жүрмеген жөн. Қар астында және жағалауда мұздың өте қауіпті екенін есте ұстау қажет», – деді департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!