Фото: ТАСС / Алексей Коновалов

KAZINFORM – Атыраулық әйел 2021 жылы Ресей Федерациясының азаматтығын алған. Алайда, бұл туралы ішкі істер органына хабарламаған.

Осы дерекке байланысты Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 496-бабының 2-бөлігі (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау) бойынша азаматша Ч.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. 

«Азаматша Ч. 2021 жылы Ресей Федерациясы азаматтығының төлқұжатын алған. Кейін күнтізбелік 30 күн ішінде шетел азаматтығын алу фактісі туралы Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне хабарламаған. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе жеке куәлігін тапсырмаған. Ч.-ның кінәсі сот отырысында зерттелген іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сауалнама хаттамасымен расталды», – деп хабарлады соттан. 

Сот қаулысымен Ч. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 516 880 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. 

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!