Атыраудағы шекара бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген Медет Амангелді 20 шілдеде Шымкент арқылы әуе рейсімен ҚР Қорғаныс министрлігінің Алматы қаласындағы әскери-клиникалық госпиталіне жіберілді. Бұл туралы әкесі Октябрь Төлемісовтен білдік деп хабарлайды turkystan.kz.

9 шілдеде Медеттің басына түсірілген МРТ оның жедел гайморитпен ауырғанын көрсеткен, ал «басында» бәрі дұрыс екен. О.Төлемісов осыдан кейін әскерилер ұлын облыстық психоневрологиялық диспансердегі дәрігерлерге көрсеткенін айтады.

– Ол жерде оған 5-6 дәрігер сұрақ қойды. Медет оларға адекватты жауап берді. Дәрігерлер бәрі жақсы екенін, тек денсаулығын сәл жақсарту керегін айтты. Кеше, 19 шілдеде Алматыға ұшамыз деп едік, бірақ билет болмады, тек бүгін ғана бәрі шешілді, маған ғана ұлыммен бірге баруға рұқсат берілді, – дейді Төлемісов.

Біз Батыс өңірінің әскери прокуратурасынан түсініктеме сұраған едік. Олар былай жауап берді: «18 шілдеде Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасы М.Амангелдінің анасы Д.Төлемісованың ҚР ҰҚК Атырау облысы бойынша шекара қызметі департаменті қызметкерінің ұлын ұрып-соғу фактісі бойынша берген арызы негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабының 1-бөлігі («Билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану») бойынша қылмыстық істі тіркеді.

Тергеу шаралары, соның ішінде сот-медициналық сараптама, куәгерлерден жауап алу және басқа да тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Әскери қызметшінің ата-анасының өтініші бойынша компьютерлік томография жасалды. Дәрігерлердің алдын ала қорытындысы бойынша, М.Амангелдінің басы зақымданбаған, денесінен ешқандай жарақат табылмаған. Қазір әскерге шақырылған сарбаздың дәлелдері толығымен тексеріліп жатыр. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды».

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!