Фото: t.me/qr_tjm
Атыраулық ғалымдар өңірге тасқын судың көп бөлігі мамыр айының басында келуі мүмкін екеніне болжам жасап отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Атырау облыстық жедел штаб жанындағы зерттеуші ғалымдардың жұмысшы тобы бар. Аталған топтың мүшесі Арман Жұмағазиевтің айтуынша, Жайықпен келетін мол су мамыр айының басында өзеннің арнасына шығып, тасуы мүмкін.
«Су тасқынына байланысты көп жылғы деректерді сараптау, ескеру керек. Осы тұрғыдан бұрынғы деректерге сараласақ, Атырау облысының аумағына тасқын судың көп бөлігі әдетте мамыр айының ортасында келгенін білеміз. Бірақ, биылғы жылы Ресей Федерацясының аймағынан мол су келіп, көктемгі тасқынның ерте басталуына себеп болып отыр. Батыс Қазақстан облысының аумағымен төменге қарай аққан су Атырауға шамамен 6-7 күнде келеді. Осындай болжамға сүйенсек, 2-3 мамыр күндері Жайық өзенінің Атырау облысындағы арнасы толуы мүмкін», – дейді ғалым Арман Жұмағазиев.
Облыстық жедел штабтың мәліметінше, бүгін, 24 сәуірдегі таңертеңгі сағат 08:00-де Атырау қаласы гидробекетте Жайық өзенінің деңгейі 422 см-ге жеткен.
«Бұл өңірде Жайық өзенінің қауіпті деңгейі – 550 см. Су тасқынының қаупіне байланысты 24 сәуір күнгі мәлімет бойынша Атырау қаласындағы Жайық жағалауына 229,6 шақырым бөгет тұрғызылды», – деп мәлім етті облыстық жедел штабтан.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!