Елімізде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласында педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі – «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша республикалық кәсіби шеберлік байқауы өз бастауын алды.
Байқаудың мақсаты – ауыл шаруашылығы саласына қажетті заманауи талаптарға сай білікті мамандар даярлауда еңбек етіп жүрген оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіби деңгейін анықтау, тәжірибе алмасу, білім мен шеберлікті дамыту.
Биылғы байқауды ұйымдастыру мәртебесі Қызылорда облысындағы Қазалы аграрлы-техникалық колледжіне бұйырды. Колледж ұжымы шараның салтанатты ашылуын жоғары деңгейде өткізіп, еліміздің алты өңірінен келген педагогтерді жылы жүзбен қарсы алды.
Байқауға алдын ала іріктеуден сүрінбей өткен арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері қатысуда. Олар – өз саласының үздіктері, ауыл шаруашылығы мен білім беру жүйесіне үлес қосып жүрген тәжірибелі мамандар.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – теориялық, онда қатысушылардың кәсіби білімі мен дағдысы тестілеу арқылы бағаланады. Бұл кезеңде ең жоғары жинай алатын ұпай – 20 балл. Алдағы кезеңдерде педагогтер өз тәжірибесін жан-жақты көрсетіп, кәсіби шеберлігін дәлелдеуге мүмкіндік алады.
Осындай байқаулар – білім беру сапасын арттырып қана қоймай, педагогтер арасында тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар мен әдістемелерді ортаға салуға жол ашатын маңызды алаң.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!