Ауыл – дәстүрлі қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан қауымдастық. Ауылда қазақ халқының этникалық, рухани құндылықтары жақсы сақталған. Ол жердің тыныс-тіршілігі, қайнаған өмірі мен қыбырлаған жәндігіне дейін адамға ерекше шабыт беретіндей көрінеді. Осы орайда арнайы бір әулеттің балалары үшін апталық рухани лагерь «Aul Camp» ұйымдастырылды.
«Ауыл түбі-бірлік, қауым түбі-тірлік» демекші, ауылдың атмосферасы өте ыстық. Таң атысымен қайнаған самаурын, өріске кеткен төрт түлік, үйдің тіршілігімен тыным таппайтын келіншектер де жаныңа жылылық сыйлайды. Мұны қалада жүріп сезіну мүмкін емес, себебі қала халқы бір сарынды өмірге қалыптасып қалған. Яғни күнделікті жұмыс пен үйдің арасында жүріп айналадағы қызықты жайттарға көңіл бөлмейді.
Бүлдіршіндер үшін ұйымдастырылған «Aul Camp» лагерінің арқасында оқушыларға ауыл өмірін сезіну бақыты бұйырды. Лагерьұйымдастырушылары балалардың жайлылығы үшін барлығын жасады. Оларға арнайы тағам мәзірі құрылды, сондай-ақ балалардың тәрбиесімен әулеттің үлкендері айналысты.
Жалпы лагерьдің мақсаты – балаларды рухани және діни біліммен сусындандыру. Сонымен қатар ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстыру арқылы балаларды еңбекке баулу. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйрету. Лагерьдің үлкен артықшылықтарының бірі – әулеттегі балалар бір апта ішінде бір-бірімен жақын араласып, бауырмал болып өсуді үйренеді. Ал ең қатты қуантатыны – барлық әулеттің үлкендері бірлесу арқылы осы нәтижені көрсете алды. Яғни жұмыла жүріп, өскелең ұрпаққа жақсы тәлім-тәрбие беруге барлығы атсалысады.
Ал енді балалардың Қармақшы ауданы, Алдашбай Ахун ауылындағы қызықтарына тоқталсақ. Бір әулеттің ішінде он бес шақты баланың әр күнін қызыққа толтыру, олардың өмірлеріне бас-көз болу үлкен жауапкершілік. Әр бала өз үйінің еркесі, сол себепті бөтен ортада олардың жайлылығын қамтамасыз ете білу де шеберлік. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, баланың отбасыдан алатын тәрбиесі әрқашанда маңызды рөл атқарған. Ал осы балалар лагерінің арқасында әр бүлдіршін бойына жақсы қасиеттер мен көптеген жылы естелікті жинай алды.
Қорытындылай келе түйген ой, кез келген жұмысты бірлесіп ұйымшылдықпен істесе, алынбайтын қамал, аса алмайтын асу жоқ! Лагерде өткен күндер бұл ойды балаларға ұғындырды деп ойлаймын. Бала үшін қызмет еткен «Aul Camp» лагерінінің ұйымдастырушыларының да мақсаты да осы еді.
Ақнұр ЖӘНІБЕКҚЫЗЫ,
Қ.Мұхамеджанов атындағы
№1 мектеп-гимназиясының
11 «Ә» сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!