Әлемде урбанизация процесі қарқынды дамып, көптеген адам ауылдық жерден қалаға көшуге ұмтылуда. Бұл үрдіс Қазақстан қоғамында да байқалады. Қала өмірі кең мүмкіндіктер мен дамудың қайнар көзі ретінде көрінсе, ауыл таза табиғатымен, қарапайым тіршілігімен тартымды. Алайда қай жерде өмір сүру сапасы жоғары деген сұраққа біржақты жауап беру қиын. Бұл мәселе көптеген факторларға байланысты: инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау, экология, мәдениет және әлеуметтік қарым-қатынастар.
Қала тұрғындарының көпшілігі үшін негізгі артықшылық – жұмыс орындарының, білім беру және денсаулық сақтау мүмкіндіктерінің көптігі. Қалаларда ірі өндіріс орындары, бизнес орталықтары және оқу орындары шоғырланған. Бұл жастарға өз болашағын құру үшін жақсы перспективалар береді. Мысалы, жоғары оқу орындарының көпшілігі қалаларда орналасқандықтан, сапалы білім алу үшін жастар ауылдан қалаға көшуді жөн көреді. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында да қала тұрғындарына заманауи жабдықталған ауруханалар мен білікті дәрігерлердің қызметі қолжетімді.
Инфрақұрылымның жоғары деңгейі де қала өмірінің артықшылықтарының бірі. Қалалық жерде жол, қоғамдық көлік, сауда және ойын-сауық орталықтары дамыған. Бұл адамдардың өмірін жеңілдетіп, түрлі қызметтерге қолжетімділікті арттырады.
Ауылдық жерде өмірдің қарапайымдылығы мен табиғаттың тазалығы басты артықшылық. Ауылда таза ауа, экологиялық таза азық- түлік, тыныштық, өмір сүрудің баяу қарқыны адамдарға жайлылық сыйлайды. Қала өмірінің қарбаласынан шаршаған адамдар көбіне ауылды тыныштық мекені ретінде бағалайды.
Ауыл тұрғындарының бір-біріне жақын, мейірімді қарым-қатынасы да маңызды фактор. Мұндай ортада адамдар бір-біріне жиі көмектесіп, ынтымақтастық танытады. Бұл ауылдағы қоғамның ерекше құндылығы. Сонымен қатар, ауылдық аймақтарда дәстүрлер мен ұлттық құндылықтар жақсы сақталады. Ауыл шаруашылығы мен мал өсіру саласында жұмыс істейтіндер үшін ауылда өмір сүру қолайлы.
Ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының маңызды бөлігі болғандықтан, ауылдық жерлердің әлеуетін дамыту қажеттігі туындайды. Қала мен ауыл өмірінің әрқайсысында өзіндік артықшылықтармен қатар мәселелер де бар. Қалаларда экологиялық жағдай нашарлауы, жол кептелістері және тұрғын үйдің қымбатшылығы адамдарға қиындық туғызады. Ал ауылдық жерлерде инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, сапалы білім мен денсаулық сақтау қызметтерінің шектеулігі байқалады.
Бұл мәселелерді шешу үшін мемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылдануы қажет. Ауылдық жерлерде мектептер мен ауруханаларды заманауи стандарттарға сай жабдықтап, интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласын дамытып, кәсіпкерлерді қолдау арқылы ауылдық аймақтардағы экономикалық белсенділікті арттыруға болады. Қалаларда болса, экологиялық проблемаларды шешуге, қоғамдық көлік жүйесін жақсартуға және қолжетімді тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруға көңіл бөлу қажет.
Ауыл мен қала өмірінің өзіндік ерекшеліктері бар және олардың қайсысы жақсы деген сұраққа біржақты жауап беру қиын. Бұл адамның жеке қажеттіліктері мен мақсатына байланысты. Біреулер үшін қаланың қарқынды өмірі мен мүмкіндіктері маңызды болса, басқалар үшін ауылдың тыныштығы мен табиғаты басты құндылық болуы мүмкін. Ең бастысы – ауыл мен қала арасындағы теңгерімді дамыту. Ауылдық аймақтардың әлеуетін арттырып, қала тұрғындары үшін қолайлы орта жасау арқылы елдің барлық өңірлерінде өмір сапасын жақсартуға болады.
Гүлсезім ЖҰМАҒҰЛ,
Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы
«Жас тілші» үйірмесінің оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!