Фото: qazaly.kz
…Ауылдық клубтағы жиналыс. Ортада ауыл әкімі есеп беріп тұр. Залдың артқы қатарында 20-дан енді асқан бір топ жас отыр. Олар бір-біріне қарап тосылып қалғандай, пікір айтпақ түгіл, сұрақ қоюға да именеді. Неге? Өйткені ол өзінің шешім қабылдай алатын мүмкіндігін пайдаланбайды, достарымен бас қосқанда арман-мақсат, мүдделер жолында ой қозғамайды, олар үшін өмірде болатын сәтсіздіктерге тек билік пен қоғам кінәлі.
Барлық жасқа қатысты дүние емес, әрине. Негізсіз ауыл жастарының абыройын түсіру ойда жоқ, тек зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, ауылдағы замандастың үнсіздігі олардың белсенділігіне шек келтіріп тұр…
Қазіргі қазақ қоғамында ауыл жастарының қоғамдық белсенділігі қаладағы замандастарына қарағанда әлдеқайда төмен екені жиі айтылып жүр. Ел халқының 57,8%-ы қалада, 42,2%-ы ауылда тұрса, жастардың да 43%-ы ауылда өмір сүреді. Мысалы, Қазақстан бойынша 14- 29 жас аралығындағы 3,7 миллион жастың 1,6 миллионы ауылдық жерлерде тұрады. Бұл аз үлес емес. Ал осыншама жастың көбі неге қоғамдық өмірде көрінбей, тып-тыныш қалып қойды? Ауылдан шыққан алғыр да өршіл жастар көп екеніне күмән жоқ, бірақ неге олардың көбінің үні естілмейді?
Ауыл мен қала жастарының белсенділігі бәстесе алмайды
Ауыл жастары мен қалалық жастардың өмір салты, мүмкіндіктері және мінез-құлқы арасында айтарлықтай алшақтық бары байқалады. Сарапшылардың пікірінше, ауыл мен қала жастарының әлеуметтік деңгейі, құқықтық сауаты әртүрлі, тіпті сөйлейтін тілі де бөлектеніп барады. Қала жастары интернет пен заманауи ақпарат көздеріне оңай қол жеткізіп, түрлі бейресми ортада өзін көрсетуге бейім өседі. Мысалы, шаһарларда дебат клубтары, еріктілер ұйымдары, саяси қозғалыстар мен жастарға арналған форумдар бар. Ал көптеген ауылда жастар үшін мұндай орта жоқтың қасы.
Көптеген ауылдық елді мекенде мектеп бітірген соң жергілікті жастардың басым бөлігі не жұмысқа орналасады, не қалаға оқуға кетеді. Оқуға кеткендерінің көбі сол жақта тұрақтап қалады, ал ауылда қалған азшылық замандастар негізгі өмірін туған ауылында өткізеді. 2020 жылғы зерттеулерге сәйкес, ауыл жастарының басым бөлігі болашағын ауылмен байланыстырғысы келмейді екен. Оларды үлкен қаладағы білім мен жұмыс мүмкіндіктері қызықтырады. Бұған басты себеп қалада жоғары білім алу қолжетімді, жақсы жұмыс табу ықтималдығы жоғары, мәдени өмір де қызығырақ. Расында, аудан орталығынан шалғай жатқан бір шағын ауылдағы талантты жас үшін өз өнерін елге таныту, не қоғамдық іске араласу айтарлықтай қиын, бір жағы ақпаратты орта аз, енді бір тұсы мүмкіндік шектеулі.
Мәселен, Қызылорда облысында жалпы жастардың 58,5%-ы ауылды жерде тұрады. Бұл республика деңгейінен жоғары көрсеткіш, өйткені өңір халқының негізгі бөлігі ауыл-аймақта орын тепкен. Қызылорда өңірінде 14- 29 жас аралығындағы 176,3 мың жас бар, ол халықтың 21,6%-ын құрайды, оның 103,1 мыңы – ауыл жастары. Облыстағы 7 ауданның әрқайсысында ауылдық жастардың үлесі басым. Мысалы, Қазалы ауданында 17 791 жастың 17 028-і (шамамен 96%-ы) ауылдарда тұрады, аудан орталығы Әйтеке би кентінде небәрі 763 жас қана қалған деген дерек бар. Ал Шиелі сияқты ауданда 25 мыңға жуық жастың 13,6 мыңы ауылдық елді мекендерде, 11,8 мыңы кентте шоғырланған екен. Яғни ауылдың өзінде де инфрақұрылымы дамыған орталық пен шалғай ауыл тұрғындарының арасында айырмашылық бар.
Қала жастары ақпарат пен мүмкіндікті оңайырақ иеленеді дедік. Бірақ мәселе тек интернеттің жылдамдығында немесе мекемелер санының көптігінде ғана емес. Ауылдық жердегі көп жас күнделікті күйбең тіршілік пен отбасылық міндеттерге ертерек араласып, қоғамдағы өзгерістерден шеттеу қалып жатады. Әлеуметтанушылардың айтуынша, ауыл жастары әдетте ерте жастан үй шаруасына, ата-анаға қолғабыс етуге көп уақыт бөледі, бұл олардың өзге қоғамдық белсенділіктерге ұмтылуын тежейді екен. Мұны ауылдағы жасөспірімдердің психологиясынан да байқауға болады, ата-ана, үлкендер не айтса, соны орындауға бейімделу, өзіндік бастаманың бәрібір қолдау таппайтынына көну де осының бір дәлелі. Ал қалада мектеп кезінен қоғамдық жұмыстарға, спортмәдени үйірмелерге, еркін пікірталас алаңдарына қатысуға мүмкіндік мол, сондықтан қала жастарының көбінің өзіне сенімділігі, лидерлік қасиеттері ерте ашылады.
Әрине бүгінде ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтық біртіндеп қысқарып келеді. Интернет, әлеуметтік желі ауылдағы ағайынға да жетті. Алайда ақпаратқа қолжетімділік бар, дегенмен оны пайдалану деңгейі екі өңірде әртүрлі. Қала жастары интернетті тек көңіл көтеру үшін ғана емес, білім, кәсіп, нетворкинг құралы ретінде жиі қолданады. Ал көп ауылдық жас онлайн кеңістікте негізінен тұтынушы рөлінде қалады, әлеуметтік желіде жаңалық оқығанмен, өзіндік пікір жазып, белсенді топтарға қосылып, жобаларға араласа бермейді. Оның үстіне, тіл мәселесі де әсер етеді. Қаланың қазақ жастарының бір бөлігі орысша-қазақша аралас тілде еркін көсілсе, ауыл жастарының дені қазақ тілінде ғана сөйлейді. Интернеттегі мазмұнның басымы өзге тілде болғандықтан, ауыл баласына ақпараттық теңсіздік тағы туындайды. Бұл фактор олардың үлкен қоғамнан оқшауланып, пікір алмасуға қорқу сезімін тудыруы мүмкін. Мәселен, әлеуметтанулық зерттеулер ауыл жастарының бір бөлігінде екі тілге бірдей жетік болмауы, білімінің қала құрдастарына қарағанда төмендеуі сияқты комплекстер барын көрсетеді. Мұндай ішкі ой-тосқауыл да ауыл жастарын өзін қоғам мүшесі ретінде сезінуден, еркін пікір білдіруден тежейтінін байқаймыз.
Ауыл жастарын тұйықтыққа не итермелейді?
Жастардың белсенді не енжар болуы көбіне әлеуметтік орта мен күнделікті жағдайлармен тығызбайланысты. Ауылдық жерде өскен көп жастың бойында өзіне деген сенімсіздік басым болатыны жасырын емес. Бұған себеп – бірсарынды ортада өсу, пікірталас мәдениетінің болмауы, үлкендердің айтқаны болуы керек деген секілді жазылмаған заңдар. Мұндай тәрбие көрген жастар өз ойын іште ұстап, үнсіз қалуды үйренеді. Оған қоса, білім мен тіл жағынан қаладағы құрдастарына қарағанда әлсіздеу болу сияқты кешендер де бар. Бұл жасөспірімдердің өзін менсінбеуіне, қоғамда орнын таба алмауына әсер етіп, оларды тіптен тұйық күйге түсіруі мүмкін. Бұған әлеуметтік шеттетілу де қосылады. Шалғай ауылда өмір сүріп жатқан жас елдегі қоғамдық-саяси процестерге өзін қатысы жоқтай сезінеді. Мемлекетте не өзгеріп жатқанын, қай салада қандай жаңа бастама барын білу оған бөтен дүниедей көрінуі мүмкін. Айналасындағы әлем тек өз ауылымен шектеліп қалған жағдайда, ол жас қоғамның толыққанды мүшесі екенін ұмыта бастайды. Мұндай жағдайда бейқамдық пен селқостық қалыпты көрініске айналады. Оның үстіне, ауыл бәрі бірбірін танитын шағын орта. Мұнда «ел не дейді?» деген ой әр сөздің, әр әрекеттің алдын орап жатады. Көп жағдайда бастама көтерген жасты қолдаудың орнына күмәнмен қарап, мысқылмен қабылдау жиі кездеседі. Осыдан кейін «өз орнымды білейін, көзге түспей-ақ қояйын» деген психология қалыптасады. Егер ауыл үлкендері мен жергілікті билік жастардың пікірімен санаспаса, талпынып шыққан бір-екі белсендінің де жігері құм болады.
Мәдени өмірдің әлсіздігі де ауыл жастарының енжарлығына әсер ететін маңызды фактор. Көптеген ауылда кинотеатр түгілі, жастар жиналатын қарапайым орын тапшы. Бар мәдениет үйі немесе кітапхана ескірген, спортзал жоқ немесе талапқа сай емес. Мұндай ортада бос уақытты пайдалы әрі қызықты өткізу қиынға түсетіні анық. Көбі кешке дейін жұмыста, одан кейін теледидар мен телефонның алдында. Уақыт өте келе бұл бір әдетке, кейін өмір салтына айналады. Ал шығармашылыққа бейімі бар жастар аудандық деңгейден әрі аса алмай, арманын ішке жасырады. Спортшы – вахтаға, әнші – тойға, өнертапқыш – базарға кетіп жатады. Себебі қолдау жоқ, мүмкіндік жоқ. Өзін дәлелдей алмаған адам бірте-бірте үнсіз қалуға бейім келеді. Осылайша қабілетті, алғыр жастардың дауысы өз ауылынан әрі аспай тұншығып жатады.
Кейбір ауыл жастарының үнсіздігіне тек өздерінің енжар мінезі емес, сыртқы кедергілер де себеп. Солардың бірі – жастар саясатының ауылға жетпей, қағаз жүзінде қалуы. Мемлекетте жастармен жұмыс істейтін құрылымдар бар, олардың қатарында жастар ресурстық орталықтары, түрлі кеңестер, »Жастар ісі жөніндегі комитеттер», саяси партиялардың жастар қанаты, т.б. жұмыс істейтінін білеміз. Бірақ сол ұйымдар шынайы ауыл жастарына қаншалықты ашық? Бұл сұрақ кейінгі уақытта көп талқыланып жүр. Мысалы, аудан орталықтарында, облыста өтетін «жастар форумы», «жастар жиындарына» шалғай ауылдан қатардағы жастың барып қатысуы неғайбыл, көбіне бірлі-жарым «ресми» белсенділер ғана барады. Ал ауылындағы жастардың проблемасын, ұсынысын күнделікті кім тыңдап жатқан адам аз. Кей жағдайда жастарға арналған ұйымдардың жұмысы көзбояушылыққа айналып кететінін несіне жасырамыз? Тағы бір үлкен мәселе, жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы диалогтың жоқтығы, оның ішінде жастардың пікірі сұралмауы проблеманың пәрмені секілді. Бұл туралы сала сарапшысы, белсенді Нұрбек Пұсырманов:
«Ауыл мен қаланың байланысының нашарлығы, облыс әкімі, министрлердің тіптен ауылдарға бармауы ауыл жастарының санасына соққы болып тиеді және көптеген мәселеде шет қалуына алып келеді» деп жазады.
Шынында, шалғай ауылдағы ағайын үшін өзі таңдамаған әкім келеді, өзі араласа алмайтын шешімдер шығады, нәтижесінде, ауыл жастары ғана емес, жалпы тұрғындардың билікке сенімі төмендейді. Ал сенім жоғалса, белсенділік те жоғалады. Үлкендер бұйығы күйге түссе, жастар тіпті тұйықталатыны анық. Осы туралы ауылда тұратын жас Диас Ерболұлы былай деп пікірін білдірді.
– Ауылда қандай да бір шешім қабылданып жатса, біз оған көбіне сырттан қараймыз. Әкім тағайындалса да, жиын өтсе де, алдын ала бізбен ақылдасып, ойымызды сұрай қоймайды. Жастардың пікірі еленбейді деген ой бірте-бірте сіңісіп кеткен сияқты. Қоғамдық іске араласайын десең, өз орныңды біл деген ишара көп. Ондай жағдайда, әрине, үнсіз қалғанды жөн көресің. Бірақ бұл бейқамдық емес, көбіне еленбей қалудан сақтану шығар, – дейді ауыл тұрғыны Диас Ерболұлы.
Ауыл жастарының үнсіздігі жалғаса берсе, күрделі әлеуметтік дертке айналуы мүмкін. Егер бір ұрпақ өз заманындағы проблемаларды көтеріп, талап-тілегін ашық айта алмаса, онда қоғамның дамуы тежеледі. Ал Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін тоқырау емес, даму жолы керек. Сондықтан «үнсіз ұрпақ» синдромынан шығу арылы жараға тұз сепкен боламыз. Әрине, тұз жараны жазады.
Ендігі жоғарыда аталған көп мәселені шешуге жіті кірісу қажет. Ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайту, ауылды жердегі білім сапасын көтеру, инфрақұрылымды жақсарту, ең бастысы – ауыл жастарына сенім артып, олардың даусын қоғамға жеткізу миссияға айналатын уақыт келді. Қазіргі ақпарат ғасырында ешкімді оқшаулап тастауға болмайды. Ел іргесі берік болсын десек, ауылдағы жастың да идеясын елеп-ескергеніміз жөн. Ата-бабамыз «ақыл – жастан» деп бекер айтпаған. Ендеше, санада сілкініс жасап, жас буынның үнін ашық айту мәдениетін қалыптастырған абзал. Жасыратыны жоқ, бұл орайда қала мен ауылдың айырмасы үлкен. Мысалы, қалада өткен бір жиында жастар шаһар басшысына тікелей тілек-өтінішін айтып жатса, ауылдағы жиналыста ондай көріністі сирек кездестіресіз, жас түгіл, үлкеннің өзі именшектеп отыруы ғажап емес. Осы психологияны өзгерту үшін, бәлкім, алдымен ересек буын өкілдері өзгеруі керек шығар. Ауыл ақсақалдары, мекеме басшылары, әкімқаралар барлығы бірігіп, жастарға «сенің пікірің маңызды» дегенді сездіре білсе, біраз дүние оңалар еді.
Қуантарлығы, кейінгі жылдары осы бағытта қадамдар жасалып жатыр. Мемлекет басшысы 2022 жылы өткен Ұлттық құрылтайда да «Жастардың көкейіндегі ойпікірді ашық айтуына жағдай жасау – стратегиялық маңызға ие мәселе» деп атап өтті. Әрине, бұл сөздің іске айналуы уақыт пен талпынысты қажет етеді.
P.S. Ауыл жастары туралы айтқанда, тек жергілікті атқарушы билікке, не өздеріне ғана жауапкершілік артып қою дұрыс емес. Бұл – баршамызға ортақ міндет. Қаланың жоғары оқу орындарында білім алған ауылдың жастары «элита» болып қалмай, туған жеріне шамашарқынша жанашырлық танытса игі. Ақпарат кеңістігінде ауыл тақырыбы көбірек айтылып, жас буынды дамыту ісі назарда болса дейміз. Өйткені ауыл жастары – халқымыздың айнасы, алтын діңгегі. Олардың үні – Қазақстанның болашағының үні.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ,
журналист
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!