Сарапшылар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жасанды урбанизацияқарқынды жүргізілгенін айтады. Барлық жағдай халықты ауылдан қалаға үдере көшуге итермеледі. Жаңа тұрғын үйлер негізінен қалаларда салынды, ірі кәсіпорындар жаппай жабылды, ауылда жұмыс қалмады, Үкімет «болашағы жоқ ауыл» деген қазақ ешқашан естімеген терминді ойлап тауып, мыңдаған ауылды ыдыратты. Сондықтан «Жаңа Қазақстан», Смайыловтың жаңа Үкіметі алдында «қазақтың алтын бесігін» дамыту міндеті тұр.
Құрылыс рекордтары «жетімбұрышты» жоймады
30 жылда елімізде 169,7 миллион шаршы метр баспана тұрғызылғанын шенеуніктер мақтан тұтады. Бұл 1 млн 540 мың отбасын үймен қамтуға жеткілікті. Бірақ соншасын қамтымады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, «тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны жыл сайын орта есеппен 50 мың адамға өсіп отырады және 2021 жылы 548 мың адамнан асты».
Қайта бұл азайғаны: өйтпегенде 1 миллионнан да асып кететін еді. Жалақысы Отбасы банктен немесе екінші деңгейлі банктерден ипотека алуға жетеді деп есептелетін бюджет қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, жалғызілікті аналар мен әкелер және басқа санаттағы азаматтар үй кезегінен шығарып тасталды. Оларды қазір де кезекке қоймайды. Салалық ведомствоның түсіндіруінше, енді бұл тізімге әр отбасы мүшесіне шаққандағы табысы 1 ең төменгі күнкөріс шегінен (37 389 теңгеден) аз болса ғана тіркеле алады.
Сөйтіп, Қазақстанда шын мәнінде «жетімбұрыш» жағалап жүрген қазақстандықтардың нақты санын білу мүмкін емес, олар көлеңкеде қалды. Тізімде тек тақыр кедей күйдегі көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалы отбасылар, бірқатар әлеуметтік осал топ қалды. Бүгінде үй кезегіндегілердің қатарын жекеменшіктегі арендалық баспананы субсидиялау тетігі арқылы азайту көзделген. Президенттің өзі тапсырған бұл тетік әлі күнге толыққанды іске қосылған жоқ.
Жалпы, «айналдырған 19 миллион, яғни әлемдегі ірі бір мегаполистің тұрғындарына бара-бар халқы ғана бар Қазақстанда 170 миллион шаршы метрге жуық жаңа тұрғын үй салынса, неге «жетімбұрыш» мәселесі шешілмеді?» деген сауал туады. Сарапшылардың байламынша, мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, республикада жаңа тұрғын үйлердегі баспананың бағасы тым қымбат. Оған қарағанда Испания, Түркия, Ресей, Грузияның ірі қалалары мен жағажайы жанынан еңселі үй сатып алған әлдеқайда арзан. Көптеген қазақстандық осы жолды таңдады.
Салдарынан елімізде салынған жаңа тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді қарапайым халық сатып ала алмайды. Ал әлеуметтік баспана аталатын арзандау тұрғын үй кешендері мен жеке үйлердің көбі өте сапасыз салынған, сонымен бірге тапшы, тілек білдіргендердің бәріне жетпейді.
Сала жеке бағдарламасыз қалды
Экономика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экономика кафедрасының профессоры Мәдина Төлегенова биліктің жеткіліктілік шегін бірнеше миллион теңгеге көтеру арқылы не себепті қазақстандықтарды өз жинағына баспана сатып алу мүмкіндігінен айырғаны түсініксіз дейді.
«Биліктегілердің жеткіліктілік шегін арттырып, халықтың басы артық зейнетақы жинақтарын алуын шектеген былтырғы шешімі ақылға қонымсыз болды. Баспана бағасы теңдессіз шарықтаған, елдің тұрмысы құлдыраған, дағдарыс қысқан заманда мұндай бейберекет әрі түсініксіз шешім азаматтардың ең құрыса ипотека алуға деген үміт отын өшірді. Негізі, Қазақстандағы шаршы метрлердің бағасы халықтың орташа табысына сәйкес келмейді. Тұрғын үй құрылысының «дүмпуі» кезеңінде тіпті қайталама нарықтағы ескі баспана құны да шығандап кетті. Жас отбасылар өздеріне арналған «қолжетімді баспанаға» бюрократиялық кедергілер кесірінен қол жеткізе алмайды. Жас қазақстандықтар амалсыз, шығыны көп ипотека алып, банкке қаналып, кедейлер қатарын толықтырады», – дейді Мәдина Төлегенова.
Келесі басты фактор: Тәуелсіздіктің 30 жылында жаңа тұрғын үйдің басым көпшілігі мегаполистер мен облыс орталықтарында бой көтерді. Ал ауыл түгіл аудан орталықтарында, моноқалаларда тұрғын үй қоры тозып барады.
90-жылдардағы алапат дағдарыстардан кейін ел есін жиып, етегін жапқан, мұнай бағасы өсіп, мемлекет қоң жиған 2000-жылдардың ортасынан бері ел Үкіметі он шақты баспана бағдарламасын жүзеге асырыпты. Маңыздыларын қысқаша атай кетсек, Тұңғыш Президенттің 2004 жылғы 11 маусымдағы №1388 Жарлығымен «Қазақстанда тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Оны Н.Назарбаевтың 2007 жылғы 20 тамыздағы №383 Жарлығымен «Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мембағдарламасы» алмастырды.
2010 жылғы 30 қыркүйекте оның орнына Үкіметтің №1004 қаулысымен бекітілген «Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасы» келді. Құжаттағы шаралар толыққанды жүзеге асырылған жоқ, алайда Үкімет келесі 2011 жылғы 31 наурызда №329 қаулысымен «Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасын» қабылдады. «30 жыл тұрақтылықтағы» шенеуніктердің өз уәдесі мен міндетінде тұрақтамағаны таңғалтады: бір өтер-өтпесте Үкімет 2012 жылғы 21 маусымдағы №821 қаулысымен «Қолжетімді тұрғын үй–2020» бағдарламасын» бекітті. Одан кейін «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту 2020», «Нұрлы жер» бағдарламалары болды. Былтыр, 2021 жылғы 12 қазанда Үкімет өз қаулысымен қолжетімді баспана, тұрғын үй құрылысы мәселелерін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаға қоса салды. Яғни, енді салада жеке мембағдарлама да жоқ.
Бағдарлама көп, мән жоқ
Сонымен, бұдан былай тұрғын үй құрылысында өңірлерге басымдық беру мәселесі күн тәртібінде өткір тұр. Әйтпесе, әлеуметтік наразылық, ірі қалалардағы кернеу ушыға беруі мүмкін.
Қаратау қаласының тұрғыны, жергілікті белсенді Берік Әбдіқұлдың айтуынша, Отбасы банкі де, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары да негізінен ірі қалаларда тұрғын үй алаптарын тұрғызуға екпін түсірді. Себебі мұндай салымдар мен бюджеттік кредиттер өзін-өзі ақтайды.
«Өкінішке қарай, аудандық қалалар да, моноқалалар да, ірі ауылдар да олардан тыс қалды. Биліктегі азаматтар ауылға жастарды, әсіресе жас мамандарды кеңінен тарту керек деп сөз сапырады. Алайда ауылға оралған жастар баспана таба алмайды. Сондықтан Үкімет біріншіден, моноқалалар мен ауылдарда тұрғындарға қолжетімді болатын, жеңілдікті ипотекалық бағдарлама қабылдаса жөн болар еді. Ол арқылы қайталама нарықтан, қолдан баспана сатып алуға мүмкіндік берілсін. Тұрғын үй несиесінің сыйақы ставкасы 5-6 пайыздан аспасын. Бастапқы жарна 10-20 пайыз аралығында болсын», – дейді Б.Әбдіқұл.
Екіншіден, моноқалаларға арналған жеке тұрғын үй құрылысы бағдарламасы керек. Халыққа тізесі қатты батқан Кеңес өкіметінің өзі аудан-кенттерде көпқабатты тұрғын үйді қаптатып тұрғызып, тегін таратуға мән берді. Қазір бағасы арзан болса, халық сатып алуға әзір.
Қоғам белсендісінің пайымдауынша, егер жастардың басында өз үйі болса, онда толық емес отбасылар да аз болар еді. Үйі болмаған соң күйі келмей, жас отағасы өзіне қол салады (ДДСҰ дерегінше, Қазақстан суицид жөнінен әлемде үшінші орында) немесе қатты жүнжіп, уайымдап, жүректен кетеді. Сондай-ақ жас отаулар тез күйрейді: әрбір үшінші неке ажырасумен тынатын көрінеді.
«Баспанасы болса, азаматтар тұрақтылыққа жақ болады, болашағына сенімі артады. Елімізде «Бақытты отбасы» бағдарламасы көпбалалы отбасыларға, «Әскери баспана» – әскери қызметшілерге, «Ұмай» әйелдерге арналған. Бұл бағдарламалар «орташа статистикалық азаматқа», яғни не осал топтарға, не әскерилерге жатпайтын, елорда мен Алматыда тұрғысы келмейтін, өз ауданында немесе моноқаласында өмір сүріп, адал еңбек етуді қалайтын адамдарға баспана алуға тең мүмкіндік туғызбайды. Қазақстан – ұлан-байтақ территориясы бар, бірақ халқы шағын ел. Жұрттың бәрін бірнеше ірі қаланың айналасына жинап алсақ, өңірлерге жұмыс күші жетпей жатса, ел болашағы не болады? Биліктегі азаматтар осыны ойламайды ма?» – дейді Б.Әбдіқұл.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, Үкімет биыл даму әлеуеті төмен моноқалалар тұрғындары үшін жеңілдікті ипотека ұсынудың жаңа бағдарламасын қолға алып жатыр. Алдын ала деректер бойынша моноқалалар тұрғындары бағдарлама аясында Отбасы банкінен 5%-дан аспайтын ставкамен, 20 жылға дейінгі мерзімге жеңіл несие ала алады. Бұл үшін тұрғын үй құрылыс жинағы есепшотына алдын ала тұрғын үй заемының келісімді сомасының кем дегенде 10%-ы көлемінде бастапқы жарнаны енгізуі шарт. Несие сомасы 22 миллион теңгеге дейін болады. Бірақ бұл бағдарлама бастапқы нарыққа ғана бағдарланады. Яғни, жеке құрылыс компанияларынан, жергілікті әкімдіктер аяқтаған проблемалы үлескерлік тұрғын үйлерден пәтер алуға рұқсат етілмек.
Ауылда үй құрылысы ынталандырылады
Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, ауылда жаңа тұрғын үйлер салу мәселесі пысықталып жатыр. Бұл үшін «тұрғын үй құрылысын ынталандырудың жаңа тәсілдері енгізіледі». Атап айтқанда, құрылыс компаниялары оффтейк-келісімшарт бекітеді, соның аясында олардың салған үйлерін мемлекет сатып алады. Бүгінде тиісті пилоттық жоба Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында іске қосылған екен. Ауылдық елді мекендерде «техникалық тұрғыдан күрделі емес объектілерді тұрғызып, дайын күйде тапсыру» жоспарланған.
Мұның сыртында Президент ауылдық елді мекендерде тұрғын үй мәселесін шешудің жаңа тетігін пысықтауды жүктеді. Оған сәйкес, ауылда арендалық үй салған жұмыс беруші шығынының 50 пайызын Үкімет бюджеттен субсидиялайтын болады. Бұл тетік өз кезегінде өңірлердегі зауыт-кәсіпорындарды, тауарлық кооперативтер мен фермерлерді өз қызметкерлері үшін бір қабатты үйлер салуға қызықтыруы тиіс. Ал баспана болса, ол қалада өз орнын, жұмысын таба алмаған мамандарды ауыл-аймаққа бет бұруға ынталандыруы ықтимал.
Ұлттық экономика министрлігінің байламынша, бұл тетік «халықтың қалаға ағылуын азайтуға, білікті кадрларды ауылға тартуға мүмкіндік береді». Әзірге сөз жүзінде бәрі жақсы, оның жүзеге асуы қандай болатынын өмір көрсетеді. Қалай болғанда, ауылды түлетіп, еңсесін көтеру үшін ауылда жаңа баспана бой көтеруі шарт. Олай болмаса, жұрт ауа көшіп, шекаралар да, өңірлер де ары қарай жалаңаштана бермек.
Мәтін: aikyn.kz
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!