Өзі Сырдария ауданына қарағанымен, географиялық тұрғыда облыс орталығына жақын Аманкелді ауылында кәсіптің көзін табу оңай емес. Өйткені, қаладағы кәсіпті ауылға әкелгеніңмен оның жүріп кетуіне кепілдік жоқ. Бірақ егер өз салаңның озығы болсаң, онда сені әлемнің қай түкпірінен де іздеп келетіндер табылады. Аманкелділік жас Батыржан Құрманқожаев осылай ойлайды. Үнемі ізденісте жүретін оның кәсіп туралы ойлау көкжиегі кең. «Ауылдан кәсіп ашқың келсе, ешкімде жоқ тың саладан бастау керек» дейді ол.

– Осыдан екі жыл бұрын автокөлік жуатын орын аштым. Ол кезде ауылда мұндай нысан болмаған. Кейіннен тағы бір көлік жуу орны ашылды. Ешқандай мемлекеттік бағдарламаға қатыспадым. Барлығын өз қаражатыма дайындадым. Ал кәсіп өзін-өзі бірден ақтайды деген болмайды. Ол уақыт өте келе шығынын жабады. Негізі кәсіпке деген көзқарасты өзгерту керек, – дейді ол.

Батыржан Жантөреұлы жан-жақты ізденіп жүреді. Ол елде жоқ кәсіп түрін ашып, тыңнан түрен салуға дағдыланған. Бүгінде оның «Нұрмұқан» дүкені азық-түлікпен бірге көліктің қосалқы бөлшектері мен көлік жөндеуге қажетті аксессуарларды сөреге қойып үлгерді. Ондағы мақсат та сол: халық болмашы дүниені алуға ат арытып қалаға барып, шығынға ұшырамауын қалағанынан.

– Мәселен, көліктің жарықшамының лампалары күйіп кетуі мүмкін, болмаса орағыш заттар керек болады, тоқ жағынан кішігірім қажет бұйымдар болуы мүмкін. Оның бәрін ауылдың төріне әкеліп, дүкен сөресіне қойып қойдым. Алдағы уақытта көлік жөндеу орталығын да ашқым келеді. Өзімнің қолымнан келеді. Бір уақыттары облыс орталығында көлік жөндеу орталығында автоэлектрик болып та еңбек еткенмін. Тәжірибе де бар. Қазірдің өзінде қаладан іздеп келіп жатады, – дейді ынталы азамат.

Ауылдан тың кәсіп ашу керек

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғым тек қана үлкен кәсіпорындарда ғана емес, ел арасындағы шағын кәсіпкерлікте де болуы тиіс заңдылық. Батыржан осы ұғымды ә дегеннен-ақ санаға сіңірген. Сұранысқа сай жұмыс істеуді дағдыға айналдырыпты.

– Кәсіппен айналысу үшін оны түсіну керек. Ал түсінбей істеген ісіңде көкке өрлеуің мүмкін емес. Кәсіпті жан-жақты зерттеу керек. Ынтаң мен жігерің болғаны жөн. Елге қызмет етуді басты мақсатқа айналдырасың. Өйткені, сенің кәсібіңді жүргізетін халық. Міне, осындай алгоритм кәсіпкердің басты формуласына айналуы керек. Алған тәрбиеміз де – халыққа қызмет ету, елдің батасын алу, – дейді ол.

Бойындағы қабілетін кәсіпке айналдырып, елге қызметті басты нысанаға алған Батыржан «кәсіпті 0 теңгемен бастауға болады » деген ойдың кей кәсіпке мүмкін, кейбіріне жуымайтынын айтады.

– Кәсіпті бастадың, байып кетесің деген ойдан аулақ болған жөн. Әрине, кейбір кәсіпті нөлден бастай аласың. Ал кейбірінде қаржылық қорың болуы керек. Әйтпесе, алға жылжи алмайсың. Мәселен, құрал-жабдық алуың керек, ғимарат алуың керек, шикізатты сатып аласың деген сыңайдағы жұмыс батаға берілмейді. Бұл жерде алдымен жан-жақты зерттеп алып, содан кейін білек сыбанған жөн, – дейді ол.

Алақандай ауылда өзіне табыс әкелетін кәсіп ашуда үнемі ізденісте жүретін талапшыл жас алдына қойған мақсатқа табандылықпен қадам басып келеді. «Ізденген жетер мұратқа» деуші ме еді?! Осы сөз рас болса, Батыржанның да бағындырар белесі мол екені даусыз.

Дәулет ҚЫРДАН,
Сырдария ауданы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!