Кейінгі жылдары ауыл-аймақты дамыту мен ауыл әкімдері институтын жетілдіру мәселесі бойынша түрлі бастама қолға алынды. Солардың бірі − жақында Астана төрінде өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы.
− Шын мәнінде, тақырып – өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше, − деп сөз бастаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің ең алдымен халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші екенін және өте жауапты жұмыс екенін атап өтті.
Қазіргі ауыл әкімдерінің 60%-ға жуығы алғаш рет сайланған мамандар. Сонымен қатар олардың қатарында бұрын билік жүйесінде жұмыс істемеген азаматтар да бар. Осы орайда «AMANAT» партиясының бастамасымен «Әкімдер мектебі» жобасы қолға алынған.
Жиын барысында Президент Үкіметке экономиканың тұрақты сапалы өсімін қамтамасыз ету, инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту, жеке секторды дамытып, өндірісті жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ ауылды дамытуға қатысты жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды. Осы тұста ауыл әкімдерінің міндетті түрде білікті маман болуға тиіс екені, олардың өкілеттігі, жауапкершілігі күшею керегі және ауылдағы кәспкерлікті өркендетуге баса мән беру керек екені жайлы айтылды.
Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы аясында мемлекет дамуының негізгі бағыттарына қатысты панельдік сессиялар өтті. Іс-шараға ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ Үкімет мүшелері қатысты.
Мамандарды бір алаңда жинаған маңызды жиынға қызылордалық делегация да қатысты. Елордадағы диалог-платформа қалай өтті? Осы және өзге де сауалға «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Шәріп Әбдірахманов, сондай-ақ Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі Сағдат Нұрмағанбетов баспасөз конференцияда жауап берді.
Жоғарыда біз жазған «Әкімдер мектебі» жайлы Партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай баяндады.
− «Әкімдер мектебі» жобасы Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында, оның облыстардағы және республикалық маңызы бар қалалардағы филиалдары арқылы іске асырылды. Бұл оқу курстарына өңірдегі 146 ауылдық округ қатысып, білімін жетілдірді. Оқыту экономика, мемлекеттік басқару, бюджеттік жоспарлау, коммуналдық меншікті басқару, цифрландыру, тәуекел-менеджмент, кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялар тарту саласында 17 модуль мен 240 академиялық сағатты қамтыды. Бүгінде ауыл әкімдері ауыл халқының табысын арттыру бағытында алған білімін қолдануда деп толық есептейміз, − деді Жандос Нұртайұлы.
Сонымен қатар партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
− Мемлекет басшысы Үкімет әкімдердің сайлау алдындағы бағдарламасының экономикалық бөлігіне қойылатын талаптарды айқындауды тапсырды. Яғни әкімдердің сайлауалды бағдарламалары аймақтың даму жоспарымен үйлесім табу керегін айтты. Бұл өз кезегінде әкімдердің есептілігін күшейтеді және әкімдік қызметке өз үміткерлерін ұсынған партиялардың жауапкершілігін арттырады. Өңірімізде 146 ауылдық округ және 3 аудан әкімі «AMANAT» партиясынан сайланғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар партия атынан ұсынылып, сайланған әкімдердің сайлауалды бағдарламасының орындалуына партиялық бақылау жасалып, олардың есебі тыңдалып тұрады, − деді Жандос Базартай.
2029 жылға дейін «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасына 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Жоба аясында елімізде екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылса, оның 2 мыңға жуығы біздің өңірде жүзеге асқан. Алда қаржының қажетті жобаға бөлінуі мен мақсатты игерілуін қамтамасыз ету міндеті тұр.
Баспасөз конференциясына қатысқан Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Шәріп Әбдірахманов та «Ауыл аманатының» ауылдағы ағайынның табысын арттыру жолындағы таптырмас жоба екенін тілге тиек айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысының төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыру бағытында айтқан ұсынысын қолдап, округте жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде баяндады.
Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі Сағдат Нұрмағанбетов Президенттің «Салықты жұмыс істейтін және табыс табатын жерде төле» қағидаты барлық ауыл әкімі үшін ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға немесе өзгеде мәселелерін шешуіне үлкен қолдау екенін жеткізді.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!