Фото: ашық дереккөзден алынды

Ауыз су – негізгі тіршілік көзі және қоғамдық денсаулықтың маңызды факторы. Судың сапасы мен қауіпсіздігі тікелей халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатына әсер етеді. Сондықтан ауыз судың сапасын бақылау және оны тұрақты мониторингтен өткізу – кез келген мемлекеттің басым бағыттарының бірі.
Ауыз су сапасының қауіпсіздігі – судың химиялық, микробиологиялық және физикалық көрсеткіштері бойынша адам денсаулығына зиян келтірмейтін деңгейде болуы. Бұл талаптар халықаралық деңгейде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған стандарттармен, сондай-ақ ұлттық санитариялық нормалармен реттеледі. Қауіпсіз ауыз суда патогенді микроорганизмдер, улы химиялық заттар және радиациялық ластағыштар болмауы тиіс.
Судың сапасын бағалауда бірнеше негізгі көрсеткіштер қолданылады. Микробиологиялық көрсеткіштер судың жұқпалы ауруларды тарату қаупін анықтайды. Химиялық көрсеткіштерге ауыр металдар, нитраттар және басқа да улы қосылыстар жатады. Ал физикалық қасиеттері – судың түсі, иісі, дәмі мен лайлығы – оның жалпы сапасын сипаттайды.
Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг – бұл ауыз су сапасын жүйелі түрде бақылау, талдау және бағалау процесі. Оның негізгі мақсаты – судың ластануын ерте анықтап, адам денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу. Мониторинг барысында су көздерінен және су тарату жүйелерінен тұрақты түрде сынамалар алынып, зертханалық талдаулар жүргізіледі. Алынған мәліметтер санитариялық талаптармен салыстырылады. Егер судың сапасы белгіленген нормаларға сәйкес келмесе, тиісті шаралар қабылданады. Оларға су көзін тазарту, дезинфекциялау, кей жағдайда пайдалануды уақытша шектеу жатады. Бұл шаралар халық арасында жұқпалы аурулардың таралуын болдырмауға бағытталған.
Мониторинг жүргізу шеңберінде Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен 2026 жылдың 1-тоқсанында орталықтандырылған сумен жабдықтау объектілерінен микробиологиялық көрсеткіштерге 284 су сынамасы алынып, оның 1-і талаптарға сәйкес келмеді, сай келмейтін сынамалардың үлес салмағы 0,35 пайызды құрады.
Ауыз судың санитариялық-химиялық көрсеткіштеріне 284 сынама алынып, оның 5-нде сәйкессіздік анықталды, сай келмейтін сынамалардың үлес салмағы 1,76 пайызды құрады. Санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік көбіне құрғақ қалдық, хлоридтер, сульфаттар бойынша нормадан жоғары анықталды.
Сәйкес келмейтін үлгілердің барлық фактілері бойынша басқару шешімдерін қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға және су пайдалану объектілерінің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне ақпарат жолданды.

Г. Сыздыкова,
Қызылорда облысының СЭБД басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!