Өскеменнің іргесіндегі ауылдардың біріне орналасқан шошқа фермасының иесіне айыппұл салынды.
Ферма ауылдың жоғары жағында орналасқандықтан, ауызсу да ластанған. Шарасы таусылған тұрғындар билік өкілдерінен ферманы жабуды талап еткен.
“Шошқаның несебі бүкіл Степнойға жайылып жатыр. Ойлап қараңыздаршы, осы қалыпты жағдай ма? Фермаға жақын орналасқан үйлер тіпті бау-бақша өсіре алмай отыр. Ештеңе өнбейді, өйткені топырақ әбден уланған. Құдықтың суы сап-сары, иісі қолқаны қабады! Ішкен былай тұрсын, онымен жуынуға, тіпті кір жууға болмайды. Міне, сенбесеңіздер, сасып тұрады”, – деді Степное ауылының тұрғыны Жанар Оспанова.
Жұрттың наразылығын елеп-ескермеген ферма қызметкерлері шошқаның өлекселерін қоқыс алаңдарына ашық түрде тастаған. Оны тұрғындар бейнежазбаға түсіріп алған.
Аталған мәселеден кейін ШҚО Экология департаменті Глубокое ауданындағы «Родничок» шаруа қожалығына тиесілі аталған фермаға тексеру жүргізілетінін хабарлаған еді.
Анықталғандай, шошқа фермасы 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қала әкімдігінің қаулысымен шаруа қожалығына жалпы ауданы 19,6 гектар жер 49 жылға жалға берілген. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, фермада 9770 бас шошқа бар.
“Степное елді мекеніндегі шошқа өсіру кешеніне жүргізілген тексеру барысында ҚР Экологиялық кодексінің 320-бабы 3-тармағы 1-тармақшасының бұзылғаны белгілі болды. Яғни, шошқа көңі ашық далаға төгілген. Фермада қалдықтарды есепке алу да жүргізілмеген. Зертханалық зерттеулер шошқа фермасының аумағында және одан тыс жерлерде топырақ қабатының аммоний тобының зиянды заттарымен ластанғанын көрсетті. Фермадан бұдан басқа да заңбұзушылықтар анықталды. Соған орай жеке кәсіпкер бірнеше бап бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Қазір ол 500 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл төледі”, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Департамент мамандары шаруа қожалығының иесіне заңбұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жоспарын 10 күн ішінде әзірлеу қажеттігі туралы ұйғарым шығарды.
Еске салсақ, осыған дейін аталған ферма тазалық талаптарын сақтамай, экологияға айтарлықтай зиян келтіргені туралы жазған едік.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!