Көрнекі-фото: GETTY IMAGES / JOSE A. BERNAT BACETE

Қазақстанның оңтүстік аймақтары, соның ішінде Қызылорда облысы экологиялық мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Аймақ халқын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосуда да олқылық бар. Оған Сырдария өзенінің су қорының тапшылығы мен өңірдегі жерасты су көздерінің азаюы жанама әсерін тигізуде. Су құбырларын салу, оларды ел игілігіне беру ісінде де кейбір кедергілер кездеседі.

Бұл экологиялық мәселе ғана емес, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету саласындағы күрделі олқылық болып тұр. Ресми дерекке сенсек, облыс халқының 98,1 пайызы ауыз сумен қамтылған. Басым бөлігі топтық су құбыры мен оқшау су көздерін пайдаланады. Ал арнайы топтық құбырға қолы жетпеген тұрғындар су тасып, сапасыз ауызсу ішуге мәжбүр. Бұл – Арал мен Жаңақорған ауданы аралығындағы 30-дан астам ауылдағы тұрғындардың мұң-мұқтажы.

Жарты ғасыр болған құдыққа қарап отыр

Ақбасты ауылының тұрғыны Шыңғыс Сұлтанов таңғы 6-дан жұмысқа дайындалады. Оның міндеті – ауылға су жеткізу. Су тасуға арналған КамАЗ көлігін тізгіндеген Шыңғыс күн сайын 18 шақырым қашықтағы құдықтан ауыл халқына ауызсу жеткізеді. Қойындәптеріне қай күні кімнің үйіне су жеткізгенін де тізімдеп отырады. Аядай ауылдағы 74 үй Шыңғыс әкелетін суды күтіп, кезекпен үйдегі құдықты толтыруға тырысады.

«Көз ашқалы ауылға су құбыры тартылған емес. Жақын маңдағы жалғыз су көзі – 18 шақырым жердегі көне құдық. Оның өзі ащы су. Күнде құдық басына қатынап, 2 үйге ғана су әкелуге мүмкіндік бар. Олай дейтінім, бұлақ басындағы тұщыту қондырғысын іске қосып, тазарғанын күтуге тура келеді. Кейде тұщыған судың өзі кермек тартады. Орталық су құбырына қосылған Ақеспе, Қаратерең ауылы қашық. Кемі 100 шақырым жерде орналасқан. Амал жоқ, ауыл халқы барды ішеді»,– дейді Шыңғыс Сұлтанов.

Ауызсу: Мәселенің шешімі қандай?
Ақбасты ауылы. Ауыл халқына ауызсу әкелу процесі. Фотосурет авторы: Нұрболат Нұржаубай

Мұндай ахуал облыстағы 31 елді мекенде кездеседі. Бәріне ортақ сипат – ашық бұлақ пен құдықты пайдалану. Әсіресе, Арал ауданындағы Ақбасты, Абай, Тоқабай, Ерімбетжаға, Жіңішкеқұм, Мойнақ, Құланды, Тастүбек, Күршек, Сазды ауылдарында жағдай жылдам әрекет етуді қажет етеді. Арал ауданында елді мекендердің арасы алшақ орналасқандықтан, бір мезетте барлық ауылды магистраль су құбырына қосу қиындық тудырады. Жыл сайын алыстағы ауылдарды бір-бірлеп орталық су жүйесіне қосқанмен, мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Ал жанама жобалар қомақты қаржы талап ететіндіктен, ауыз сумен қамтудың балама көзін іздеу өзекті болып отыр.

Арал ауданындағы елді мекендер ауыз суды «Арал–Сарыбұлақ» су құбырынан алады. Ауылдарға «Ақбұлақ» бағдарламасымен су құбырын жүйелі жүргізе бастағалы 10 жыл енді болады. Бұған дейін Арал мен Қазалы аудандарындағы ауыл халқы ауызсуды Сырдария өзенінен және ашық су айдындарынан алып келген болатын. Аталған жоба жүзеге асқалы 61 елді мекен тіршілік нәріне қол жеткізген. Магистраль су құбырының ұзындығы – 1021 шақырым. Ақбасты секілді ауызсу жүйесіне қосылмаған елді мекендердің талабы да –«Арал–Сарыбұлақ» топтық су құбыры жетсе деген тілек.

«Арал–Сарыбұлақ» топтық су құбыры 1986–1993 жылдар аралығында салынған. Бұл құбыр Арал және Қазалы аудандарының 163 мыңнан астам тұрғынын ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Қолданыстағы 240 шақырымнан асатын магистраль құбырдың тозығы жетуіне және халық санының артуына байланысты екінші желіні салу жоспарда тұр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысымен жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның жалпы сметалық құны – 43,7 млрд теңге», – дейді «Нұра топтық су құбыры» республикалық мекемесі Арал филиалының директоры Нажмадин Шамұратов.

Қазалы ауданындағы Шәкен ауылында жүзге жуық үй бар. Ауыл тұрғындары ауыз суды тасып ішуге мәжбүр. Құм ішіндегі жарты ғасыр бұрынқазылған құдық – жалғыз ауыз су көзі. Тұрғындар қанша уақыт өтсе де, әлі күнге аядай құдықтан су ішіп отыр. Күн сайын әр үй есекке флягін артып немесе жаяу-жалпы шелегімен құдық басына кезекке тұрады. Тереңдігі 370 метр құдықтан су шығуы да бейнет. Тұрғындардың айтуынша, арнайы сорғы суды кейде әлсін тартса, кейде сыздықтатып береді.

«Шәкен ауылында жүзге тарта үй бар. Халық саны көп болғанымен, орталық ауыз су жүйесіне қосылмай келеді. Жақын маңдағы елді мекенге су құбыры жетсе, бізге де келер деген үмітпен отырмыз. Оған дейін амалдап, жарты ғасыр болған құдықтан су ішеміз. Ондағы суды сорғымен тарту, тұщығанын күту, арқалап үйге жеткізу үйреніп қалдық»,дейді ауыл тұрғыны Айдарбек Бақытбекұлы.

Ауызсу: Мәселенің шешімі қандай?
Фото дереккөзі: qazaly.kz

Қазалы ауданындағы ахуал да Аралдың жағдайымен шамалас. Ауылдар арасы алыс, негізгі су құбырының көлемі аз. Бір артықшылығы, аудан екі топтық су құбырын пайдаланады. Бірі «Арал–Сырдария» топтық су құбыры болса, екіншісі – «Байқожа» топтық су құбыры. Соңғы топтық су құбыры 7 елді мекенді қамтып отыр. Мұнда 5 ұңғыма, 6 сорғы жұмыс істеп тұр.

Жапсарлас орналасқан Арал мен Қазалы аудандарында ауызсуға қатысты мәселе бір, шешімі де ортақ. Екі өңір де жыл сайын алыстағы ауылдарды біртіндеп орталық су жүйесіне қосуда. Мемлекеттік бюджет қаржысының жеткенінше су құбырын апарса, кей ауылға тұщыту қондырғысы мен сорғы орнатуға ғана күш жетуде.

Өзге аудандардағы ауызсу мәселесінде де шикілік бар. Қармақшы ауданында Ордазы, Сарытоғай, Кекірелі, Шобанқазған және Шиелі ауданындағы Лесхоз, Ақтам, Жуантөбе секілді елді мекендер ауызсусыз отыр. Бұл ауылдардың әрқайсы ауданнан 50–80 шақырым қашық жатыр. Сондықтан әкімдіктер орталық су жүйесіне қосудан бөлек балама жолды іздеуге көшкен. Мысалы, Шиелі ауданында 12 ауыл оқшау су көзі мен ұңғымадан су ішсе, 4 елді мекен «Теміржол су – Қызылорда» мекемесі арқылы су алып отыр. Мұның барлығы мәселені шешуге жасалған қадам.

Бұл тақырыпта оң өзгеріс те жоқ емес. Облысқа қарасты Сырдария, Жалағаш аудандарында ауыз сумен қамту деңгейі 100 пайызға жеткен. Мұнда халық тозығы жеткен ауыз су құбырларын жаңарту мәселесін ғана көтереді. Орталықтандырылған су жүйесіне көшудің негізгі үлгісі де осы аудандардан алынатыны сөзсіз.

«Ауылға су құбыры келгелі су тасуды қойдық. Бұрын тәшкі сүйретіп, кезек күтіп отыратынбыз. Қыс мезгілінде қиындық тудыратын. Күн суық, бала-шағаны аяйсың. Міне, ауылға ауыз су құбыры келгелі бейнеттен құтылдық», дейді Жетікөл ауылының тұрғыны Күләйхан Асқарова.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша, Қызылорда облысында 130 елді мекен суды 6 топтық су құбырынан алады. Арал мен Қазалы аудандарын «Арал–Сарыбұлақ», «Байқожа» су құбырлары, Қармақшы ауданын «Октябрь» су құбыры, Шиелі мен Жаңақорған аудандарын «Жиделі»,«Сырдария» су құбырлары қамтамасыз етіп келеді. Аталған су құбырларының барлығы «Толағай», «Рисоводческое», «Жиделі», «Талап» жерасты су қорларынан су алып отыр.

«6 топтық су құбыры арқылы 330 мыңға жуық халық су тұтынып отыр. Одан бөлек 111 ұңғыма, 151 насос стансасы ауыл-аймақты сумен қамтуға қолданылады. Магистраль су құбырларының ұзындығы – 1979 шақырым, ал ішкі су құбырының ұзындығы – 3777 шақырым», – дейді «Нұра топтық су құбырының» Арал филиалы директоры Нажмадин Шамұратов.

Ауызсу: Мәселенің шешімі қандай?
Шиелі ауданын орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамту барысы. 2023 жыл. Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Көпвекторлы шешім қажет

Орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған 31 елді мекенде (2023 жылдың желтоқсанындағы мәлімет) 8 мыңға жуық адам қоныстанған. Сондықтан мәселені шешу күн тәртібінен түспек емес.

Аталған ауылдардағы ауызсу мәселесі көпвекторлы қадамды қажет етеді. Әрбірінің географиялық орналасуы, техникалық мүмкіндік факторын ескеріп, мәселені шешу үшін бірнеше шешім ұсынуға болады. Мәселен, Арал ауданындағы Ерімбетжаға, Ақбасты, Абай, Тоқабай және Қазалы ауданындағы Шәкен мен Шиелі ауданындағы Қызылқайың, Қосүйеңкі ауылдарын жақын маңдағы орталық су жүйесіне қосу мүмкіндігі бар. Ауылдар арасы алшақ болғанымен, жақын маңдағы ауыз су құбыры бар елді мекеннен су құбырын тарту жеңіл. Бұл әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тиімді болмақ.

Ал Арал ауданындағы Жіңішкеқұм, Мойнақ, Құланды, Тастүбек, Күршек, Сазды және Қазалы ауданындағы Қожақазған, Мәдениет, Тапа, Ажар, Бірлік, 101разъезд, 102 разъезд, Сарбұлақ, Жұбан, Шилі, Шөлқұм ауылдары орталық ауыз су құбырынан шалғай орналасқан. Бұл аймақтағы ауыз су мәселесінің негізгі шешімі – су тұщыту қондырғысын орнату. Себебі аталған өңірде ашық жерасты су көздері мол. Олардың қоры жүйелі шешім тапқанша тұрғындарды ауызсумен қамтуға жетеді. Мұндай шешімді Қармақшы ауданындағы Ордазы, Сарытоғай, Кекірелі, Шобанқазған, Шиелі ауданындағы Лесхоз, Жуантөбе, Ақтам ауылдарындағы ауыз су мәселесін шешуге де қолдануға болады.

2023 жылдың желтоқсан айында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Олжас Исмалаев мұндай мүмкіндік бар екенін айтты.

«Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында алдағы бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осыған сәйкес, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары бойынша жоба басталуы мүмкін. Қалған елді мекенді ауыз сумен қамту бойынша іс-шара жоспары әзірленген. Оның ішінде, Экология және табиғи ресурстар министрлігі арқылы топтық су құбырын салу, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арқылы ішкі су жүйелерін салу және жергілікті бюджеттен тұщыту қондырғысын орнату жоспарланған», – деді ол.

Ауызсу: Мәселенің шешімі қандай?
Фото: thespruceeats.com

Экологияның ауыз суға әсері мол

Шілде айында облыстық «Сыр бойы» газетінде жарық көрген  «Қорын білмей, қор қылмайық. Жерасты суы жете зерттеле ме?» атты мақалада инженер-гидрогеолог Анар Тілеулесованың жерасты су қоры туралы пікірі берілген. Қызығы сол, маман Қазақстандағы жерасты су қорының нақты дерегі белгісіз деген күмән айтады. Осы орайда жауапты орган – облыстық «Оңтүстікқазжерқойнауы»мекемесіне облыстағы жерасты су қорлары туралы мәлімет алу үшін ресми сауал жолдадық.

«2023 жылғы дерек бойынша, облыста тұщы және ащы су қорының 209 кен орны бар. Олардың қоры тәулігіне 1478,83 мың м3. Соның ішінде тұрмыстық және ауыз су ретінде қолдануға тәулігіне 1124,8 мың м3 жететін қор сақтаулы», дейді ресми жауапта.

Бұл тақырыптағы сауалды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына да жолдадық. Ондағы мәлімет те мекеме дерегімен шамалас.

«Тұрғындар топтық су құбырларымен оқшау сумен жабдықтау жүйелері бойынша ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Жерасты су қорларынан алынатын судың көлемі әрқилы. Топтық су құбыры бойынша (Арал, Қазалы, Байқожа, Шиелі, Жаңақорған) тәулігіне 142 466,76 м3 және оқшау сумен жабдықтау жүйелері бойынша (Қызылорда, Жалағаш, Сырдария, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған) тәулігіне 84 944,708 м3 су алынады»,– делінген басқарма мәліметінде.

Қызылорда облысындағы жерасты су қоры мәселесіне аймақтағы экологиялық көрсеткіш тікелей әсер етеді. Сырдария өзенінде су мөлшерінің төмендеуі аймақтағы жерасты су қорының азаюы мен су тапшылығы мәселесіне әкеліп соқты. Сондықтан тіршілік нәрінің ұзақжылғы болашағын ойласақ, экологиялық деңгейді сараптауға тура келеді.

Қазір трансшекаралық су ресурстарын пайдалану аймақтағы ауыз судың негізгі көзіне айналған. Мәселен, Сырдария өзенінің су мөлшері азайған уақытта өңірді қуаңшылық басып, жерасты су қоры да зардап шекті. Оған қоса Арал теңізіне құятын су мөлшері азайып, соның салдарынан теңізде тұздылық мөлшері артқан. Бұл өңірдің флора мен фаунасын өзгерткені анық. Сол себепті, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған Өзбекстан тарапымен келісім күшеюде. Ауыз судың ең басты көзі – жерасты су ресурсын тиімді пайдалану үшін мемлекетаралық келісім мен Сырдария өзенінің су мөлшерін қалыпты жағдайды ұстау маңызды.

Ауызсу: Мәселенің шешімі қандай?
Фото авторы: Нұрболат Нұржаубай

Санитарлық талап пен жаңарту қажет

Жерасты су қорларын пайдаланудағы өзекті олқылықтың бірі – су тұтыну қауіпсіздігі мен санитарлық талаптардың толық сақталмауы. Мысалы, облыс халқы 2016 жылдан бастап жерасты суын пайдаланып келеді. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүйелі тексеру жүргізеді. Табиғи жолмен тазаратын судың сапасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жасалып, жағдайды қалыпқа келтіруде. Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегі бойынша, 2023 жылдың алғашқы 9 айында 1462 ауыз су сынамасынан 61 ақау тапқан. Барлық дерек құзырлы органға жолданып, ақау түзетілуде.

«Санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік бар: құрғақ қалдық, хлоридтер нормадан жоғары екені анықталды. Облыс көлеміндегі барлық орталықтандырылған сумен жабдықтау объектісінде жуу, тазалау және дезинфекциялау жұмыстары толығымен жүргізілді. Халық арасында су факторына байланысты аурушаңдық тіркелген жоқ»,– дейді Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Халықты ауыз сумен қамту барысында қауіпсіздік те қатаң бақылауды талап етеді. Осы ретте су көздерінен уақытында сынама алу, мониторинг тобын құру арқылы тұрақты су қорларын аралау, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру – мәселенің оң шешімі болмақ.

Байқасақ, ауыл-аймаққа су таратуға тиіс орталық диспетчерлерде техникалық ақау көбейген. Оған себеп те жоқ емес. Бүгінде ауылдағы ішкі су құбырлары ескірген, магистраль су құбыры да тозып тұр. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ауылішілік құбыр жаңарту жүргізілгенімен, толыққанды магистральді жаңғырту жасалмаған. Сондықтан құбыр жаңарту жобасы бойынша жергілікті әкімдік бюджеттік өтінім беретін сәт туып тұр.

«2023 жылы орталық диспетчерлік бөлімде 2000-нан аса апаттық жағдай тіркелді. Себебі магистраль су құбырының тозығы жеткен, жоғарғы қысымға шыдамайды. Елді мекендердің ішкі су құбыры жүйесінің фасонды бөліктерінің тозығы жеткендіктен, су кетеді. Шұғыл қалпына келтіру және тұрғындарды үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етуді жалғастыру мақсатында әр бөлімшедегі апаттық бригаданың күшімен бұл жұмыстар өз деңгейінде жүргізіліп келеді», дейді Нажмадин Шамұратов.

P.S. Қызылорда облысы елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша 5-інші орынға жайғасқан. Аймақ мұндай көрсеткішке су құбырын жүргізу, ұңғыма санын арттыру арқылы жеткені анық. Үкімет 2025 жылдың соңына дейін елді мекендерді 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету міндетін қойды. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 2023 жылы қаңтардағы Үкімет отырысынан соң құзырлы орғандарға тапсырма берді.

«Ауылдар тасымал арқылы немесе тікелей ұңғымадан ауызсу пайдаланып отыр. Біз белгіленген уақыт – 2025 жылды күтпеуіміз керек. Ішкі су жүйелерін салу жоспарланған барлық елді мекеннің жобалау құжаттарын биыл аяқтау қажет»,деді облыс әкімі.

Ерсін ШАМШАДИН

Бұл материал «Solutions Journalism Lab» жобасы аясында журналистиканың шешімдері жанрында жазылған және автордың жеке пікірі мен ұстанымын білдіреді

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!