Фото: pixabay.com
Көпшілік адам табысының жартысынан көп бөлігін тамаққа жұмсайды. Сондықтан азық-түлікті дұрыс сақтауды және үнемдеуді білу маңызды. Шіріп кеткен көкөністер, ашып кеткен сорпалар, көктеп кеткен ірімшіктер, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен консервілер – мұның барлығы босқа кеткен ақша. Әдетте адамдар азық-түлікті көп етіп сатып алып қояды, бірақ оларды дұрыс сақтамайды. Тамақты ысырап етпеу үшін не істеу керек? Патофизиолог Елена Парецкая пайдалы кеңестер берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «Doctorpiter»-ге сілтеме жасап.
1. Барлық өнім бірдей тоңазытқышта сақталмайды
Кей өнімдер төмен температураларды жақсы көрмейді: картоптан тәтті дәм шығып кетеді, банан жылдам қараяды, зәйтүн майы қабаттарға бөлінеді, нан көктейді және қатып қалады. Сондай-ақ алма, цитрустылар, авокадо, экзотикалық жемістер, сарымсақ, пияз, қызанақ, асқабақ, шоколад, бал және ашылмаған консервілерді тоңазытқышқа салмаңыз.
2. Мұздатқышта өнімдер бос жатуы керек
Мұздатқышқа өнімдерді бетіне дейін қатты толтырып салмаңыз. Өнімдер арасында салқын ауа еркін айналуы керек. Сондай-ақ өнімдер жабысып тұрса, олардың бір-біріне иісі сіңіп қалуы мүмкін. Оған қоса, мұздатқыш бетіне дейін толып тұрса, оның артқы жағындағы өнімдер көрінбейді де, ұмытылып қалады.
3. Өнімдерді сөрелерге дұрыс қою керек
Тоңазытқыш нұсқаулығын оқып көрдіңіз бе? Қай сөреге қандай тамақ қою керегін білесіз бе? Тоңазытқыштың әр сөресінде температура режимі әртүрлі, сондықтан қай жерге қандай өнім сақтау керегін білген дұрыс.
4. Дұрыс қаптама
Өнімдерді немесе дайын тамақтарды дұрыс қаптасаңыз, олардың жарамдылық мерзімін ұзартуға болады. Өнімдерді сақтаудың ең зиянды әдісі – полиэтиленді пакет немесе үлдір қолдану. Оның астында конденсат жылдам түзіле бастайды, сондықтан көкөністер шіріп кетеді, ірімшікте зең пайда болады, ал етті өнімдерде шырышты қабықша түзіледі. Полиэтиленді үлдірмен тек дайын тамақ салынған ыдыстың бетін уақытша жабуға болады.
Сондай-ақ мына кеңестерге көз жүгіртіңіз:
- Көкөністерді пакетсіз сақтаңыз. Оларды ағаш немесе пластик жәшікке салыңыз;
- Шөптерді суы бар ыдысқа гүлшоғы сияқты салып қойыңыз;
- Шұжықтар мен ірімшіктерді пергамент қағазға ораңыз, балық пен етті жұқалтырға (фольга) орап сақтаңыз;
- Дайын тамақтарды және ашылған консевілерді әйнек контейнерлерге салып, қақпағын жабыңыз;
- Сүтті әйнек құтыларға немесе бөтелкелерге құйып қойыңыз.
5. Бір-бірінің қасына сақтауға болмайтын өнімдер бар
Тамақ жылдам бұзылмас үшін және әртүрлі иістер бір-бірімен араласып кетпес үшін кей өнімдерді бір-бірінен алыс сақтау керек. Оларға иісі қатты немесе иісті жылдам сіңіретін өнімдер жатады. Сондай-ақ ішек инфекциясы тарамас үшін дайын тамақтың жанына шикі балық және етті қоюға болмайды. Жалпы ет өнімдерін, сүт өнімдерін, жемістер мен көкөністерді және дайын тамақтарды бөлек-бөлек сақтаған дұрыс.
6. Жылы жерде қалдырмаңыз
Сатып әкелген азық-түлікті уақытында тоңазытқышқа салу маңызды. Ал ыстық тамақтарды алдымен суығанын күтіп, содан соң тоңазытқышқа салыңыз
7. Жүйелі түрде тексеріс жүргізіп тұрыңыз
Бактериялар және жағымсыз иістердің таралуының алдын алу үшін тоңазытқыш сөрелерін жүйелі түрде сүртіп тұрыңыз. Сондай-ақ аптасына бір рет оның ішін тексеріңіз: өнімдердің жарамдылық мерзімдерін қараңыз, бұзылған өнімдерді тастаңыз және жылдам жеп қою керек өнімдерді көзге көрінетін жерге қойыңыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!