Құрылыс саласында 242 мың маман жетіспейді. Дабыл қағарлық статистиканы Қазақстан құрылысшылар одағы жариялады. Мұның әсерінен сала жыл сайын 400 млрд теңгеден астам қаржыдан қағылып отыр. Сондықтан шетелден жұмысшы тартуға тура келеді. Көкейде бір ғана сұрақ бар. 500 мыңға жуық адам жұмыссыз жүргенде мұндай қадамға бару қаншалықты қажет?!
Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, қазір Қазақстанда 6,6 млн жалдамалы қызметкер бар. Оның 1,8 миллионы мемлекеттік мекемелерде қызмет етеді, 350 мыңы Ұлттық холдингтерде, 492 мыңы күштік құрылымдарда жұмыс істейді. Ішкі істер органдарында 90 мың, мемлекеттік қызметте 98 мың, әскери қызметте 132 мың адам еңбектеніп жүр. 2019 жылы Қазақстаннан Ресейге 114 мың адам, Оңтүстік Кореяға 31 мың адам кеткен. Жыл сайын 200 мың адам декреттік демалысқа шығады, 100 мыңы зейнеткер атанады. Сайып келгенде экономикаға үлес қоса алатын адам саны шамамен 3 млн 193 мыңды құрайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз есебінде 63 мың компанияға 148500 кадрдың жетіспейтінін растап отыр. Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев бұл орайда экономиканың нақты секторында талдауды күшейту керек деп есептейді. Өзге елден жұмысшы тарту мәселесін қарастырсақ та, ұтарымыз көп.
– Биылғы қажеттілік 242 мың маманды құрайды. Жыл сайын маман жалдауға шамамен 460 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Еңбек нарығында құрылыс саласының 277 мамандығы бойынша адам жетіспейді. Оның қатарында кірпіш қалаушы, арматурашы-бетоншы, монолитші, электрик, кафель төсеуші, дәнекерлеуші, прораб, сылақшы және тағы да басқа мамандықтар бар. Сондықтан шетелден жұмысшылардың елге келу үдерісін жеңілдету керек, – дейді ол.
Айтуынша, бұл – әлемде қалыптасқан тәжірибе. Болашақта Германияда 5 млн, Ұлыбританияда 3 млн, Ресейде 3 млн, Францияда 1,5 млн, Сауд Арабиясында 662,5 мың маман жетіспеушілігі орын алуы мүмкін. Аталған мемлекеттер шетелдіктерді қабылдау үдерісін жеңілдеткен күннің өзінде осындай жағдаймен бетпе-бет келмек. Мәселен, Түркия жыл сайын 3,8 млн еңбек иммигрантын қабылдайды екен. Бұл елдегі жұмыссыздық 13 процентке тең. Бірақ, министрлік ішкі нарықтың өзінде екі қолға бір күрек таппай жүргендер аз еместігін алға тартып, бұл ұсынысты кері қайтарды.
Атап айтар болсақ, елімізде бұған дейін мәселені шешудің дәстүрлі әдістері қарастырылды. Мамандықтың беделін арттыру, техникалық мамандықтар факультетін құру, еңбекақыны арттыру секілді. Үміт үзілмегенмен, күдік басым. Оның нәтижесін әлі қанша күтеріміз де белгісіз. Ал, сарапшылар мұны жұмысшы мамандығының насихаты жетіспейтіндігімен байланыстырады. «Бізде менталитет басқа. Көбіне ата-аналар баласының салқын кабинетте, жұмсақ креслода отырып, бастық болғанын қалайды. Барлығы бастық болса, сонда кім жұмыс істейді?» дейді ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанындағы жобалық кеңсесінің сарапшысы Лилия Іспенбетова. Маман енді қажетті кадрларды құрылыс компанияларының өзі даярлауы тиіс деген пікірде.
– Құрылыс компаниялары, жоғары оқу орындары мен колледждер арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа жүйесі ұсынылды, яғни құрылыс компаниялары өздеріне қажетті маманды оқу орындары арқылы даярлап алады. Құрылыс ауқымды сала болғандықтан, алдағы уақытта Құрылыс министрлігін құру да ұсынылуда. Құрылысшылар одағы арнайы хартия қабылдады. Ол Үкіметке жолданды, – дейді ол.
Бұл құжатта біз келтірген кадр тапшылығы мәселесі қамтылған. Қалай десек те, арнайы білім алып, салаға еңбек сіңіруге ынталылар аз. Орта есеппен алғанда құрылыста жүрген әр 100 адамның тек алтауының дипломы бар. Бүгінде бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында жұмысшы мамандығын дәріптеуді, құзыреттілігін арттыруды көздейтін түрлі бастамалар, колледж студенттері арасында ұйымдастырылатын халықаралық «WorldSkills Kazakhstan» чемпионаты секілді байқаулар қолға алынған. 2014 жылдан бастап еліміз аталған халықаралық қозғалыстың қатысушысы атанды. Сыр өңірі де айтулы шараға үлес қосып, жарысқа 8 мамандық түрі бойынша үздіктерді сапқа қосып келеді. Оның қатарында құрылысшы, дәнекерлеуші, кірпіш қалаушы, электрмонтаждаушы мамандар бар.
Жалпы, аймақта 2021-2022 оқу жылында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрлар даярлау үшін 3108 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінген. Бұдан бөлек, жастардың құрылысқа қызығушылығын арттыру мақсатында 2014 жылдан бастап «Жас құрылысшылар» еңбек жасағы жұмыс істеп келеді. Негізгі мақсаты – жастарды еңбекте шыңдау. Бұл – үлкен тәжірибе мектебі. Әрі саптағы жастар нанын еңбекпен тауып, қатарына үлгі болады. Өткен жылы жасақ аясында 307 жұмыссыз жас 9 жергілікті құрылыс компаниясына жұмысқа орналасқан. Орайы келгенде жәрмеңкені ұйымдастырудағы түйткілге тоқтала кетсек.
Өңірде жұмыссыздық мәселесі бар. Сыр жастарының басын қосатын облыстық «Жастар ресурстық орталығында» жастарды жұмыспен қамту мақсатында жәрмеңкенің жиі өтуі сондықтан. Оның ерекшелігі – жергілікті өңірдің жұмыс берушілері ғана емес, Ақтау, Атырау қалаларының консалтингтік компанияларынан өкілдер келіп, жұмыс ұсынуында. Мұнда көбіне жұмысшы мамандарға басымдық беріледі. Алайда, баяғы сол қызығушылық аз. Еңбек жолын мастер, прорабтан бастап, құрылыс нысанының басшысына дейін көтерілген, 37 жылдан бері осы салада тер төгіп келе жатқан жерлесіміз Қанат Молдахалықов та құрылыста жастардың бой көрсете бермейтінін айтады. Қазір жұмыс жаңа технологиялардың арқасында біраз жеңілдеді. Көп жерде қолдың күші қолданылмайды. Соның өзінде жастардың саланы жатсынуы түсініксіз. «Меніңше, қабілеті бар жастарға мүмкіндік беріп, саланы ілгерілету кезек күттірмейді. Кез келген адамның бір іске икемі бар. Оқуға құлық танытпауы мүмкін, бірақ одан мықты дәнекерлеуші шығуы ғажап емес. Мұнда «Менің атым Қожадағы» Оспанов мұғалім айтатындай, жастардың тек шырағын жаға білсек болғаны» дейді ол.
М.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!