Ана дегенде ойыма бірден менің өмірімде ерекше орны бар абзал жанның мейірімділігі мен даналығы, қамқор көңілі мен ақ батасы түседі.

Анамның айтуынша, ақпан айында 8 айлығымда дүние есігін ашыппын. Сондықтан болар кішкентайымнан иммунитетім әлсіз, аурушаң едім. Анам менің тілеуімді тілеп, денімнің сау болуы үшін кішкентайымда-ақ бар амалды жасағанын мына бір оқиғдан байқасақ болады. Ол кезде көкжөтелге қарсы вакцина да жоқ болған-ау, нәресте кезімде біраз уақыт көкжөтелмен ауырыппын. Ешқандай дәрігерден ем болмайды. Қазір интернеттен қарап көрсем, мұның емі жоқ екен. Бала қиналып ауырып қана бірте-бірте жазылады екен. Содан медицинадан ем болмағасын, баладан айрылып қалмайық деп халық еміне көшеді. Қазақтың салты бойынша көлденең көк аттыдан аурудың емін сұрау керек екен. Біреулер таза ауада жүргізу керек дейді. Ауылдық жерде таза ауа деген дарияның жағасы. Анам мені көтеріп күнде сол маңда жүреді екен. Бірде атпен кетіп бара жатқан ақсақалды көріп, «балам көкжетелмен ауырып жүр еді, қандай ем жасайық?» дейді. Сонда ол кісі «Көгершін деген Қызылқұм жақты мекендейтін түсі жасыл құс бар. Соның қауырсынын суға шайып бер» деген екен. Содан әкем мылтығын асынып, Қызылқұмды бетке алыпты. Көгершінді атып әкеліп, қанатын суға шайып бергеннен кейін ғана жөтелден жазылыппын.

Жалпы үйдің кенжесі әрі еркесі болдым. Бұл әкем мен анамның жасы ұлғайып, толысқан шағы болса керек, маған мүлде дауыс көтермейтін. Өзім де тентек болмадым, кейде балалықпен бұзықтық жасап қойсам, жұмсақ түрде «енді қайталама, балам» дейтін. Ал олардың сөзі мен үшін заңмен бірдей еді, ендігіде қайталамайтынмын. Қазір ақылымыз толысты, профессормын дегенімізбен, кейде баламызға ұрсып қоямыз. Сонда әкем мен анамның маған бірде бір рет ұрыспағанын еске алып, даналығына риза боламын.

Біздің оқушы кезіміз ел тәуелсіздігін енді алған тоқсаныншы жылдарға сәйкес келді ғой. Ол кезде балалар спорттық киіммен де мектепке бара беретін. Бірақ анам үнемі шалбарымның қырын шығарып үтіктеп, ақ жейде, костюммен мектепке жіберетін. Классикалық киіммен, туфлимен жүргенімді қалайтын. «Адамның әрекеті, сөйлеген сөзі ки- ген киіміне байланысты да өзгереді. Қарапайым киінсең, қарапайым сөйлеп, өзіңді солай ұстайсың. Ал үтіктелген киім киіп жүрсең, өзің де түзу жүруге тырысасың» дейтін.

Бастауыш сыныпта-ақ әкем мен анам қаржылық сауаттылыққа үйрете бастады. Екеуі де жалақы алғанда маған әкеп беретін. Үйде сейф бар, ақшаны соған салып, дәптерге қай күні қанша қаржы түскенін, қанша жұмсалғанын жазып отыратынмын. Азық-түлік аларда осынша қаржы керек дейтін. Ауысқан ақшаны қайтадан маған әкеп беретін. Анам бір мекеменің бас есепшісі болды. Есепші болғасын ба, ақшаны дұрыс ұстауды сол кезден-ақ үйретті.

Ол кезде тәттілер қазіргідей емес, дүкеннің өзінде дефицит еді. Болған күннің өзінде де қымбат. Үйдің еркесі болғандықтан ба, соны арнайы алып, басқалардан жасырып, маған беретін. Менің алдымда үш жас үлкен науқас әпкем болатын. Қазір дүниеден өтіп кетті. Маған тәтті әкеп берсе, бірден әпкеммен бөлісетінмін. Бұл да ата-анамның маған деген мейірімінің көрінісі еді.

Менің анам – көркем әдебиетті көп оқыған кісі. Бала кезден жас ерекшелігіме байланысты кітаптарды әкеп беретін. Кітапты оқып шыққаннан кейін, оқығанымды көкейге тоқыдым ба, соны да бақылайтын. Ең алғаш анам әкелген Марк Твеннің «Приключение Тома Сойера» деген повесін орыс тілінде оқып, анама толық мазмұнын айтып бергенмін.

10-сынып оқып жүргенімде «енді студент боласың, оқып көр» деп «Махаббат қызық, мол жылдар» романын ұсынды. Бұл кітап менің ең сүйікті романым болды. Көркем шығармада махаббат, жастық шақ оқиғалары бейнеленіп, қиянат пен кешірімділік, адалдық суреттелген. Осы романдарды оқы деп кеңес бергені үшін де алғыс айтамын. Сол оқыған кітаптарды өмірде серік еттім. Түзу жолмен жүруге тырыстым. Соның арқасында қателік жасамадым.

Маған анам мен әкем әрдайым «Сен – біздің үміт күткен ұлымызсың. Сен сабақты жақсы оқып, әрқашан түзу жүруің керек» деп айтып отыратын.

Оқуға түсіп, үйден кетіп бара жатқанда анам «Біз саған мейірімді, ашық болуды үйреттік те, арамдықты үйретпеппіз. Біреуге арамдық жасау үшін емес, біреудің арамдығынан қорғану үшін оны да білген дұрыс. Бірақ оны саған айта алмаймыз. Өмірде сондай да кездесетінін біліп жүр» деген болатын. Анам менің әрқашанда тілеуімді тілеп, қандай бастамамды да қолдап, батасын берді.

Қазір күнде жанжал шығаратын ерлі-зайыптыларды көреміз ғой. Мен әкем мен анамның бір-біріне дауыс көтергенін мүлде байқамаппын. Отбасындағы махаббат пен мейірімді көріп, даналықты сезініп өскенім үшін әкем мен анама алғыс айтамын.

Мерекеңізбен, анашым!

Нұрбол АППАЗОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті
«Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік
бейіндегі зертхананың бас ғылыми қызметкері, хи-
мия ғылымдарының кандидаты, зерттеуші профессор

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!