“Бір жұмыртқаның бағасы 52 теңге тұрады, бұл қалай болды, тауық асыраймыз ба?” Бұл – бүгінде әлеуметтік желіде көп қозғалған тақырып. Әрине бағаның күннен күнге шарықтап бара жатқаны белгілі. Ал жұмыртқаның дәл бұлай қымбаттауын тұрғындардың түсінбей жатқаны жасырын емес.

– Азық-түлік алуға базарға бардым. Бағада өзгеріс барын бірден аңғардым. Өзге күні көп азық-түлік алып қоюшы едім, бұл жолы барлығын аздап алуға тура келді. Қазіргі таңда мардымды жалақы жоқ, зейнетақының өзі дәрі-дәрмектен артылмайды. Ал қымбаттап жатқандары – күнделікті тұтынатын өнімдер. Тамаққа қосатын өсімдік майының бағасы адам шошырлық. Біз алуын аламыз-ау, көпбалалы отбасының жағдайы қалай болмақ? – дейді Арман есімді қала тұрғыны.
Бақсаңыз, сөзі шындыққа жанасады. Себебі бағаның қымбаттауы көп­балалы аналарға қаншалықты әсер ететіні бесенеден белгілі. Ал жұмыртқамен қоса тағы үш өнімнің бағасы артқан. Олар – сүзбе, картоп, өсімдік майы.
– Соңғы аптада кейбір азық-түлік бағасы өндіруші кәсіпорын тарапынан қымбатқа келуде. Мысалы, тауық жұмыртқасының қымбаттауы жыл сайынғы қысқы маусымаралық кезеңге байланысты болуда. Баға өсуінің негізгі себебі, құс тұмауы таралуынан және құс азығының қымбаттауынан. Республикада жұмыртқаға сұраныстың артуынан бір аптада бағасы 20 пайызға қымбаттады. Айта кететін жайт, қарақұмық, қант, өсімдік майы, ұн өнімдері өңірімізде өнді­рілмеуіне байланысты республиканың басқа аймақтарынан әкелінеді. Бұл мәселе бойынша да біршама жұмыстар жасалуда. Өндірілмейтін өнімдер бағасын тұрақтандыру мақсатында облыстық бюджеттен кәсіпкерлерге қарыз беру үшін қосымша 400 млн теңге бөлінді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.
Брифингте сала басшысы бағаны тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағамына мониторинг жұмыстары жүргізіліп тұратынын айтты. Өңірдің тұрақтандыру қорында 2,5 мың тонна өнім бар. Бүгінде 29 әлеуметтік дүкен мен 2 әлеуметтік маркеттің және 4 ірі супермар­кеттің әлеуметтік бұрыштарында сатылуда.
Азық-түлік бағасының тұрақтылығын анықтау мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз өкілдеріне пресс-тур ұйымдастырды. Олар “Мерей” мөлтек ауданындағы әлеуметтік дүкеннің бағасына көз жүгіртті. Бұл жақта бағаның өскені байқалмайды, бұрынғыдан өзгеріс жоқ. Сонда тұрғындар босқа әбігерг е түсіп жүр ме, әлде бәрі бірдей әлеуметтік дүкеннен алуы керек пе?
– Облыс орталығында “Байқоңыр” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанынан құрылған 29 дүкен бар. Оның біреуі ет сататын дүкен. Қалған­дары халыққа қажетті өнім түрлерімен қамтылған. Расымен де бағада бірқатар айырмашылық орын алып тұр. Оның түрлі себептері бар. Шикізаттың шетелден тасымалдануы мен құс тұмауы тоқтаса, бұрынғы қалыпты деңгейге қайта түседі деп үміттенеміз. Алайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасы республикалық көрсеткіштен төмен. Жергілікті сауда орындарында бірінші сортты бидай ұны, қарақұмық жармасы, сиыр еті, күнғабыс майы, тауық еті, пияз бен тұз салыстырмалы түрде төмен бағамен сатылуда, – дейді облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының азық-түлік бөлімінің басшысы Ерхан Ағыбаев.
“Базарға барсаңыз, алып барған ақшаңыз түк болмай қалады. Азық-түлік қымбаттады ғой, балаларға өзге тәтті алғың-ақ келеді. Бірақ оны қалтаң көтермейді. Амал жоқ, күнделікті тамаққа тұтынатын өнімдерді аламыз. Сондағы ақшамыз тамаққа қосатын май, картоп пен сәбіз, ұн секілді азық-түлікке кетеді. Бұл баға баға ма, жаңа-жылға қарсы үстемелеп кетпесе”, – дейді қала тұрғыны Жәмила.
Бағаның өскенін бір-екі емес, бүкіл тұрғыннан естуге болады. Қалай болған күннің өзінде азық-түлік бағасы тұрақты қадағалауға алынса дейміз. Әйтпесе журналистерді әлеуметтік дүкенге апарып, бағаның қымбаттамағанын көрсетіп, рейд жұмыстарын жүргізе бергеннен пайда жоқ. Ненің қанша тұратынын онсыз да көріп жүрміз, бағадағы өзгерістер соқыр көріп, саңырау еститіндей жағдайға жетті.

Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!