Соңғы жылдары бүкіл әлем елдерінде табиғи-минералды шикізат ресурстарымен қатар азық-түліктің де жетіспеушілігі сезіле түсті. Бұл дүниежүзіндегі адам санының өсу қарқынына әлемде өндірілетін азық-түлік өнімдері көлемінің сай келмеуімен түсіндіріледі. Мысалы, Қазақстанда қант тапшылығы туындады. Оған сай сатушылар қолдан қант бағасын қымбаттатып отыр…
Өмірлік маңызы бар азық-түлік тауарларының жетіспеушілігі мен олардың бағасының тым жоғары болуы халықтың әлеуметтік топтар мен таптарға жіктелуі, заңсыз көші-қон секілді жаһандық маңызы бар проблемаларды туындатады. Жалпы халықтың ең төменгі жалақысы – 60 мың теңге. Оның кем дегенде 50%-ын коммуналдық төлемдерге кетеді. Қалған 50% азық-түлікке жұмсалады. Қазір 1 қап ұнның өзі 13000 теңге тұрады. Елімізде азық-түлік жетіспеушілігі аз-кем байқалатыны рас. Басқа мемлекеттен келетін өнімдерді айтуымызға болады. Қазіргі таңда жер бетіндегі 7 млрд-тан астам халықтың 1,5 млрд-ы азық-түліктің жетіспеушілігін сезінуде. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы өнімін өсіруге қолайлы елдерде тұрады. Орталық Азиядағы елдердің барлығы дерлік дәнді-дақыл өсіруге қолайлы Қазақстанның астығына тәуелді. Егер көрші елдерде ұзақ уақыт бойы аштық салдарынан әлеуметтік тұрақсыздық орын алса, көп кешікпей оның зардабы Қазақстанға да келіп жетеді.
Еске түсіретін болсақ, 2007 жылы әлемдік қаржы дағдарысымен бірге азық-түлік дағдарысы да орын алды. Алайда шет мемлекеттерге көп көлемде астық экспорттағанымызбен, кейбір азық-түлік өнімдерін сырттан импорттауға мәжбүрміз. Еліміздің 17 өңірінің 7-інде азық-түлік бағасының өсімі республикалық көрсеткіштен жоғары болды. Ең алдымен Қарағанды мен Түркістан қалаларында қымбатшылық байқалған. Төмен баға Шымкентте. Бұл ретте қала тұрғыны Майра Нұрмағанбет өз ойын былай сабақтады.
– Шынымен де азық түлік бағасы қымбаттаған, картоп, жуа, қызанақ, қияр бағасы өте жоғары. Мен зейнеткермін, алатын ақшам бар жоғы 90 мың теңге ғана. Айына толтырып алғанымның өзінде күніне алатын нан, сүтім бар. Алдыңғы жылға қарағанда баға 2 есе өскен секілді. Бұл баға қашан түседі деген сұрақ барлық адамның ойында жүрген жұмбақ. Халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету ісі қай заманда да, барлық мемлекеттерде күн тәртібінде тұрған – басты мәселе, – деді.
Мәселенің жай-жапсары осыған саяды. Алайда базардан азық-түлік аларда сатушыға «неге қымбат?» деп сауал қойсаңыз, «тасымал қымбат, жанармай құны жоғары» деген уәж айтады. Онымен қоса тауарға сұраныстың артуына байланысты баға да көтерілгенін жасырмайтыны бар. Сондықтан құзырлы органдар нарықтағы тауар айналымы мен баға саясатын басты назарда ұстап, халыққа тиімді тұсын бағамдаса, ұтылмасымыз анық. Себебі бақылаусыз кеткен бағаның барар жері белгілі…
Аружан СЕРІКБАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!