Қазір әлеуметтік желі – шығармашылық адамдардың өзін танытуының, ой-пікірін білдіруінің ең пәрменді алаңы екеніне шүбә жоқ. Сол кеңістікте өз қолтаңбасын қалыптастырып, көптің ықыласына бөленіп жүрген жандардың бірі – Бағлан Қалиев пен Қуаныш Оспанов.
Көпшілікке мәнді әзіл мен сапалы контент ұсынып, күн сайын күлкі мен қуаныш сыйлап жүрген блогерлермен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгіме барысында олардың блогерлікке келу жолы, көрерменнің көңілінен шығу сыры, жеке өмір мен шығармашылықты қатар алып жүру туралы әңгіме өрбіттік.
– Бағлан Аманбекұлы, әлеуметтік желідегі парақшаңызға қарасақ, түрлі қырдан танимыз. Мәселен, сценарист, КТА-шы, актер, асаба, мұғалім… Осынша қырыңызды бір сөзбен түйіндесек, өзіңізді кіммін деп атар едіңіз?
Бағлан: – КТА-ға деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Мектеп қабырғасындағы сайыстарда ойнап жүріп-ақ әзілдің адамды да, айналаны да өзгерте алатынын ұқтым. Ол мені еркін сөйлеуге, тапқырлыққа, адамдармен тіл табысуға үйретті. КТА арқылы жұмысқа орналасып, шығармашылық ортаға етене араластым. Кейін сол тәжірибем өмір жолымды да айқындады – сценарий жаздым, той жүргіздім, қысқаметражды фильмдер мен вайндарға түстім.
Қазір сол көп қырлы еңбектің бәрін бір арнаға тоғыстырсам, өзімді «әмбебап әке» дер едім. Өйткені менің өмірім әзіл мен жауапкершіліктің, шабыт пен тіршіліктің тоғысы іспетті.
– Енді қазір екеуіңізді де жұрт блогер ретінде жақсы таниды. Айтыңыздаршы, блогерлікке келуге не түрткі болды?
Бағлан: – Шынын айтсам, блогер боламын деген мақсат ешқашан болмаған. Бар болғаны өмірдің қызық сәттерін видеоға түсіріп, достармен бөлісуді жақсы көретінмін. Бір жолы Шымкентте демалып жүргенде таудың үстінде «Жоғарыда отырған ағаларымыз неге төмен қарамайды?» деп әзілі аралас видео түсіріп, «Instagram» мен «TikTok»-қа сала салдым. Сол ролик күтпеген жерден миллиондаған қаралым жинап, көптің көңілінен шықты. Сол күннен бастап менің бейнелерімді жұрт жиі бөлісіп, оқырмандар саны көбейе бастады. Әзіл мен шындықты ұштастырған контенттің бағаланғанына қуандым.
Қуаныш: – Бағлан екеуміздің блогерлікке келу үшін ешқандай жоспар құрған жоқпыз, арнайы стратегия жасаған жоқпыз. Әзілге жақын болған соң, өмірде болып жатқан қызық сәттерді видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп жүрдік. Көп ұзамай халық сол бейнелерге күліп, пікір қалдырып, бөлісіп, жазылушылар саны арта бастады.
– Қазір парақшаларыңызда бірнеше мың оқырман бар. Бұл аудиторияны жинауға қанша уақыт кетті?
Бағлан: – Қазір 37 мыңнан астам оқырманымыз бар. Бұл – ұзақ уақыттың еңбегі. Оқырманды бір күнде жинай алмайсың. Ең бастысы – шынайылық. Біз түсіретін бейнелер өмірдің өзінен алынады, жасандылық жоқ. Көрермен соны сезеді.
Қуаныш екеуміз бала күннен доспыз. Бір мектепте оқыдық, бір университетті тәмамдадық, тіпті КТА-да бір командада ойнадық. Кейін Астанада бірге түсірген видеомыз таралып, содан бастап жұрт бізді дуэт ретінде қабылдай бастады. Сол сәттен бастап жұмысымыз жүйеленіп, аудиториямыз тұрақты қалыптасты.
Қуаныш: – Жазылушы жинау біз үшін мақсат емес еді. Уақыт өте келе еңбектің өтеуі өзінен өзі келді. Ең бастысы біздің контентте жалған пафос жоқ. Барлығы өмірдің өзінен, күлкі мен шындықтың арасынан туған бейнелер.
– Осыдан 2-3 жыл бұрын түрлі ұтыс ойын, гив, жарнамалық науқандар хит болды. Сіздер ондай дүниелерге қатысып көрдіңіздер ме? Осыған қатысты көзқарастарыңыз туралы айтып өтсеңіздер.
Бағлан: – Иә, ондай науқандардың болғанын білеміз. Бірақ біз гивтерге қатысқан емеспіз. Гив ұйымдастыруға қарсы емеспін, бірақ мен үшін ең маңыздысы – адал еңбектің нәтижесін көру. Біз көбіне жарнамалық роликтер түсіреміз. Бәрі өз күшіңмен, таза еңбегіңмен табылса, соның ләззаты бөлек.
Қуаныш: – Менің де пікірім ұқсас. Гив арқылы жазылушылар көбейсе де, ондай аудиторияның сапасы төмен болуы мүмкін. Ал бізге сапалы, шынайы көрермен қымбат. Адам сені шын қызығып, өз еркімен жазылса – сол сенің еңбегіңнің жемісі.
– Бағлан мырза, білуімізше, сіздің негізгі мамандығыңыз – мұғалім. Сонымен қатар облыстық білім басқармасының «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығының әдіскері болып қызмет атқарасыз. Осыншама міндетті қатар алып жүру қиын емес пе? Қалай үлгересіз?
Бағлан: – Қай кезде де қоғамның айнасы болып мұғалім саналары анық. Бұл мамандық менің өмірлік ұстанымымды қалыптастырды. Ұстаз адам жан-жақты болуы тиіс. Балаға білім беру үшін өзің де өмірден сабақ алуың керек.
Менің КТА-да жүргенім, кейінгі шығармашылық ізденістерім – барлығы осы мамандықпен үйлесіп келеді. Бұған дейін оқушылар сарайында үйірме жетекшісі, мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасар, жастар орталығында бөлім басшысы болып жұмыс істедім. Қазір облыстық білім басқармасында спорт бөлімінің әдіскерімін.
Ал әлеуметтік желідегі белсенділігім – бір жағынан демалыс, бір жағынан шабыт. Жұмыстан тыс уақытта, түскі үзілісте немесе демалыс күндері видео түсіремін. Қазір заман жалқаулықты көтермейді. Қозғалыс бар жерде өмір бар.
– Қуаныш Әнуарбекұлы, қызылордалық блогерлердің өзара байланысы туралы айтып беріңізші. Бір-біріңізбен жиі араласасыздар ма?
Қуаныш: – Қызылордада талантты жастар көп. Әрқайсысы өз бағытымен дамып жатыр. Біз бір-бірімізді жақсы танимыз, кездескен жерде емен-жарқын сөйлесеміз. Бірақ арнайы жиналып, тұрақты түрде бас қосамыз деп айту қиын. Әркімнің өз жұмысы, өз аудиториясы бар. Дегенмен ортақ мақсат – өңірдің абыройын көтеру.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіздер…
Бағлан: – Қуаныш екеуміз жаңа бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Қазір «Boss пен Дос» атты инста-сериал түсіруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ «YouTube» арнасына арналған жоба дайындаудамыз. Әзілмен қатар, ой салатын мазмұн берсек дейміз. Бұдан бөлек, қазір дуэт ретінде ән айтуға да бет бұрдық. Басты мақсат – көрермен жақсы көретін һәм қабылдай алатын сапалы контент жасай білу.
Қуаныш: – Иә, «Boss пен Дос» сериалының жұмысына кіріскелі жүрміз. Қазір адамдар ұзақ видеоны көруге шыдамайды, сондықтан қысқа, бірақ мәні бар дүниелер жасағымыз келеді. Әр ролик көрерменге бір ой тастап, күлкімен қатар жылылық сыйласа – біздің жетістігіміз сол.
– Әңгімелеріңізге рақмет!
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!