Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ұялы байланыс операторлары тариф бағасын көтергенімен, байланыс сапасы неліктен нашар деген сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналистер министр Жаслан Мәдиевке қазақстандықтардың байланыс сапасына шағымданып жатқанын жеткізді. Тариф бағасы көтерілгенімен, байланыс сапасы неліктен нашар екенін сұрады. 

Министрдің айтуынша, интернеттің баяулауына жаңа нысандардың бой көтеріп, қаланың үлкеюі себеп. 

«Интернеттің нашарлауына жаңа шағынаудандардың пайда болуы, қаланың үлкеюі, белсенді құрылыс жұмыстарының жүруі себеп. Мұндай жерлерде базалық станциялар орнату, электр қуатын тарту, антенна-мұнара құрылғыларын салу мәселелерін мобильді операторлар жедел шешуі қажет. Бұл белгілі бір уақытты талап етеді. Егер шағымдар болса, азаматтар “e-Оtinish” жүйесі арқылы жүгіне алады. Біз жауап береміз, тексеру жүргіземіз, тиісті нұсқамалар береміз. Егер орындалмаса айыппұл салынады», – деді министр.

Оның айтуынша, министрлік бұл жұмыспен бұрыннан айналысып келеді

«Біз операторларды бақылаймыз. Бізде сапаны өлшейтін сәйкес радиожиілік қызметі бар. Ең төменгі шекті мәнге, секундына мегабит санына, байланыс сапасына нормативтік талаптар бар. Егер бұзса, шара қолданамыз. Айыппұлдарды қатайту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Нормативтік құқықтық актілерге айыппұлды 3-5 есеге арттыруды енгізіп жатырмыз”, – деді министр. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!