Бала – өмірдің мәні, елдің ертеңі, ата-ананың көз қуанышы. Сондықтан жалғанда баланың шаттанғанынан артық бақыт жоқ шығар, сірә?! Жарық дүниеге келген сәбиін әлдилеп, баласы үшін бәйек болып, амандығын тілеп жүретін ата-ананың бар мейірімі баласына бағытталатыны бесенеден белгілі. Бауыр еті баласының бұзақы яки болашағы бұлыңғыр болмасы үшін бойына адамгершілік қасиетті сіңіріп, жақсы тәрбие беруге тырысатыны содан. Берілген тәлімді бұрмалап алмауы үшін, байыптылықпен бәрін ұғындыру қажет. Олай болмаған жағдайда беймазалық танытатын балалар қателікке басымдық берері сөзсіз. Жаманның жетегіне еріп, өзгенің көлеңкесінде таса қалудың нақ көрінісі сол болмақ. Сондықтан жас өскінге өнеге көрсетуде үлкендер де ыждағатты ынта білдіру қажет.
«Тәрбие – тал бесіктен басталады» дейміз. Ендеше, ана сәбиге айтар әлдиі арқылы тағылымды сөзін жүрек түкпіріне сүйіспенші­лікпен жеткізе білсе, одан кейін ақылын айтып, бағытын беріп оң мен солын тануға түрткі болады. Неде болса, ата-ана бауыр еті баласына жамандық тілемейтіні айдан анық. Кеңесін көкейге қондырған баланың да көкірек көзі ояу болатыны рас. Осы тұста, ата-ана тарапынан титтей де қателік табылмауы тиіс. Өйткені, кейде олар баласына «қамсыз балалық шақ» сыйлаймын деп, соңында шектен тыс еркелігінің ессіз әрекетін көруге мәжбүр болады. Қит еткен қиындықтан қызғыштай қорып, бар жақсыны алдына тосып, «а» деп аузын ашса сұрағанын әкеп отыру міндетті емес. Оның да өз жөні, өз межесі болатынын ескеру керек. Әйтпесе, «ішкені алдында, ішпегені артында» болған бала әлденеге бас қатыруы екіталай. Ал, «көйлегі көк, тамағы тоқ» болудың кейбір тұсы кері тартуы ықтимал. Өйткені, барлығы жетіп артылғаннан кейін басқасын ойлап әбігерге түсетін екінің бірі ғана. Сондықтан, ата-ана қандай жағдай болмасын еңбекке баулып, өзі шешім қабылдай алуға бейімдеуі керек.
Тәлімді тәмсілді ойға оралтсақ: «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас». Асылында тереңіне үңілсең толғандырарлық, мәнді мағынасы, астарлы ақиқаты бар сөз. Яғни, кішкентайында еркелетіп, мәпелеп өсіріп, кейін қит еткен қиындықтан қорқып кетпей, оны еңсере білу үшін салмақты өмірге қадам басқызып, жұмсап, әр іске икемдеп, сөздің емес істің адамы болуға тәрбиелеген абзал. Иә, тәрбие төңірегінде туындайтын мәселе көп. Оған мысал ретінде бала психологиясы мен эмоциясын кірістіріп, қарастыруға болады. Бүгінде кішкентай балалар тез ашулануға құмар, айтқаны болмаса қыңыр мінез танытып, құбыла салады. Тиісінше бұл ата-аналарды алаңдатып, тіпті психолог көмегіне жүгінуіне тура келеді.
– Ұлым жақында бес жасқа толады. Мектеп табалдырығын аттайды, есейеді деген сайын еркелігін қояр емес. Қалауы болмаса қырсықтық танытып, тілегін орындамасақ жер тепсініп жатып алады. Кейде бала қалауы шектен шығып кетеді. Қандай да бір зияны тимесін деп келіспейтін, тыйым салатын кездерім болады. Мәселен қолынан ұялы телефонды алып, сәл демалып алу керектігін түсіндірсем көнбей қояды, – дейді қала тұрғыны Ж.Русланқызы.
Баланың үрейін алып үркітпей басқарудың, қорқытпай, айғайсыз бағындырудың амалын тапқан жақсы-ақ. Қанша дегенмен ананың көкейінде «таяқ тепкісін көп көрсе келешекте жасық болып қалмай ма?» деген күмәнді ой да туындайды. Бірақ бабын тапқан сайын басқа шығып, еркелікпен есіріп кететін балалар да жоқ емес. Сондықтан баланы өмірге бейімдеуде ата-ананың әр ісі маңызды һәм рөлі зор. Психолог маман баланың жиі ашулануына не себеп екенін толығырақ тарқатты.
– Ашу, жылау деген дүниелер адамның базалық эмоциясы. Ал 3 жасқа дейінгі бала өз эмоциясын басқара алмайды. Ерте жастағы бұндай қылық қалыпты. Екінші жағынан технология қарыштап дамып жатқан заманда балалар өз эмоцияларын басқара алмағанынан бөлек, барлық дүниенің сенсорлы, тез-тез жылдам болғанын қалайды. Неге? Себебі қазір қоғамда балаларда сандық аутизм басым. Көзін ашқан шақалақтан, есін жиған ересекке дейін таңның атысы, күннің батысы телефонға телмірген заманда балалар ақпараттың, алдына келген тамақтың, бару, келу, ойнау бәрі гаджеттің жылжымалы жылдамдығындай болғанын қалайды. Сондай-ақ балалар қазір кеш ұйықтайды, түскі ұйқысы жоқ. Бұл балаларда гормондардың бұзылуы мен жүйке жүйесінің жаңа жасушаларының пайда болуына мүмкіндік бермейді. Тамақтану режимі де дұрыс емес, ал ішек адамның екінші миы екеніне көп ата-ана мән бермейді. Соның салдарынан да балалар жылауық, ашушаң, мазасыз болуы мүмкін.
Айта кететін тағы бір нәрсе егер баладағы ашуы оның кризистік жасымен келсе қалыпты. Баладағы кризистік кезеңдер – бала туылғанда, 1, 3, 7, 11-13 және 17 жаста болады. Осы кезеңнің әрқайсысында бала анадан ажырап отырады. Ал ажырау (сепарация) үшін күш керек, балалар әр ажырауда күшті осы ашудан алады. Бұл – сондай психологиялық құбылыс, – деді «Сеніммен-Болашақ» Республикалық қоғамдық ата-аналар бірлестігінің, өңірлік филиалы психологы Жұмакүл Баянова.
Әлбетте бүлдіршіннің мазасыз болуы тәрбиенің бұрыс берілгенін айғақтап, ата-ананың жауапсыздығын көрсетпейді. Тек баланың құбылмалы мінез-құлқының себебін дер кезінде анықтап, соған сәйкес шешім қабылдап, әрекет еткен жөн. Салдары сан соқтырмас үшін балаға әрқашан бақылау жасауды, оның өзгермелі көңіл-күйін күйгелектенбей назарда ұстауды естен шығармаған дұрыс секілді. Себебі балалар психологы ата-ананың алғашында бала қылығын еркелікке балап, кейін ғана ашушаңдығын негізге алып, көмекке жүгінетінін жеткізді. Аптасына кемі 5-6 ата-ана осы шағыммен келетінін де тілге тиек етті. Осы ретте «балалардың жиі мазасызданып, қыңыр мінез көрсетуіне не түрткі?» деген сауалымызға психолог былай жауап берді.
– Ашулануға қатысты бір мысал келтіре кетейін. Егер балаңыз айтқаны болмаса, жерге құлап, жер тепкілеп жылап кетсе ол балаңызда “ішкі кикілжің” бар деген сөз. Ондай балаға иә тым көп назар бөлінген, не назар жетпейді. Балаға тірек екі жақты берілуі керек,ол үйдің екі жақты шатыры немесе құстың екі қанаты, адамның екі қолы сияқты маңызды. Бір жақты ғана тірек беру балаға жасалған қастандық. Бірінші тірек балаңызды риясыз жақсы көріп, қалауын орындау болса, екіншісі өз жасына сәйкес баланың үйде міндеті, ереже болуы керек. Мысалы, үйде 3 жастан асқан балаңыз болса, кіреберісте аяқ киім шешетін жерді жинау немесе өз ойыншығын реттеу міндетін жүктеңіз, осы арқылы бала өзіне жауапкершілік алып үйренеді, – деді Ж.Тасболатқызы.
Иә, бала болашағымыз деп бағамдаймыз. Содан болар тоғыз ай құрсағында көтеріп, жарық дүние сыйлаған сәбиіне қатысты мәселеде селсоқтық таныту ата-ана танымына жат. Бүлдіршін жыл сайын жас қосып, есейетіндіктен есті һәм епті болуға үйреткен маңызды. Сондықтан тәртібі мен тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, тамақтану мен ұйқы уақытына дейін қадағалау бала психологиясы мен эмоциясына тікелей әсер етеді. Осы ретте психолог ата-аналарға кеңес берді.

  1. Бірінші кезекте дұрыс ұйқы, балаға дұрыс ритуал беріңіз, мектепке баратын балаңызды 22:00, балабақшаға баратын балаңызды 21:30 ұйықтатыңыз.
  2. Тамақтану режимін дұрыстаңыз, тәтті, полуфабрикаттарды балаңыздың ас мәзірінен алып тастаңыз және тамақтану кезінде гаджет бермеңіз. Балада гаджетпен тамақтану ассоциация болып қалмасын. Ондай кезде балаңыз тамақтанып отырса гаджет сұрайды, гаджет көрсе тамақ сұрайтын болады.
  3. Көп серуен, физикалық белсенді болу далада ойнау маңызды.
  4. Кез келген баланы стресске алып келетін нәрсеге дайындаңыз. Мазасыздықтан арылу үшін далада жүру, серуендеу маңызды.
  5. Жармалармен көп ойнатыңыз.Тыныштандырады.
  6. Гаджеттен шектеу
  7. Балаңызға ойыншық алып берумен қатар бірге ойнаңыз.
  8. Мазасыз балаңыз болса, балалар бөлмесінде раушан, бергамот, лаванданың иісі болсын, ол жүйке тыныштандырады.

Замира АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!