Фото:dzen.ru

Қай ақпаратты оқысаң да «өзекті мәселе» дегенді көзің шалады. Сонда оң шешімі табылған мәселенің аз болғаны ма? «Өзекті» ахуалға бойымыз үйренгені соншалық бұл жағдай бала тақырыбын да айналып өтпеді.

 «Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» дейді Мағжан Жұмабаев. Қазақ халқы қашан да ұрпақ тәрбиесін ұлт болашағымен байланыстырып, сәби дүние есігін ашқан сәттен тұлға ретінде қалыптасуына мән берген. Ал бала тәрбиесіне салғырт қарайтын бүгінгі қоғам қашан оянады? Сөздік қордағы «өзекті мәселе» қашан жойылады?

«Ақ қағазға жазғанымыз» һәм «жазарымыз» дұрыс па?

Білім шырағын жаққан ұстаз Ыбырай Алтынсариннің қысқа әңгімелері адамға ой салып, саналының тәрбиесін арттыратын күшке ие. Тақырыптың әлқиссасы ретінде «әке мен бала» әңгімесіне зер салайық.

Егіннен жаяу келе жатқан әке мен он жастағы баланың арасындағы диалог арқылы бала тәрбиесі айтылады. Жердегі бір тағаны алуға ерінген бала соңында әкесінің қолынан түскен шиені жеу үшін он шақты рет иіледі. Кейін әкесі тоқтап:

− Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір рет иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір емес, он еңкейдің. Мұнан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң − көп жұмысқа тап боласың, азға қанағат ете білмесең – көптен де құр боласың, − деген еді.

Сәби шыр етіп дүниеге келгеннен бастап оның тәрбиесінде ата-ананың ерекше орны бар. Алғашқы ұстазы, досы, ақылшысы, сырласы да – әке мен ана. Бауырмалдық, мейірімділіктен бастап үлкен өмірге қажетті дағдылардың бастауын бала шаңырағында көріп өседі. Сондықтан баламен сырласып, ойы мен идеясын, тіпті қалауын елеген абзал. Ес білмесе де көзін ашқаннан бастап көргенінің біршама бөлігі жадында сақталады. Не көрсетсек, не істесек, не айтсақ бала соны лезде қабылдайды. Бұл − заңдылық.

Бала жаны ақ қағаз тәрізді. Философ, жазушы Жан-Жак Руссо: «Бала туылғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимақты қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі де сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді», дейді.

Ал қазақ «бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген. Отбасындағы тәлім мен тәрбие баланың қанат қағып, үлкен өмірге аяқ басуына әсер етпей қоймайды. Әрине, баланың жеке «мені», жауапкершілігі мен санасына да байланысты. Бірақ бұлар да – тәрбиенің жемісі.

Отбасындағы негізгі қағидаттардың бірі − баланың тіршілігін, іс-әрекетін ұйымдастыру. Күн тәртібі, сабақ үлгерімі, бос уақытын тиімді пайдалануына ата-ана қызығушылық танытып, атсалысу қажет. Баламды бақсам, сұрағанын берсем деп күнітүні жұмыс істейтін ата-аналардың өз ұл-қызымен сырласуға, тіпті әңгімелесуге уақыты тапшы яки мүлде жоқ. Әрине, мұндайда Абай Құнанбайұлының жетінші қара сөзіндегі екі баланың біреуі секілді ішсем, жесем, ұйықтасам екен дейтін тәннің құмарына бататын ұрпақ көбеймей қайтеді?!

Ақ қағазға жақсылық пен кемел болашақты бейнелей алатын алғашқы ұстаз бола білгеніміз жөн. Ал сіз ата-ана ретінде жауапкершілікті сезінесіз бе?

Алғашқы себеп – суицид

Әріге бетбұрмай, жасөспірімдерге ойыссақ. Тақырыпқа арқау болған бала тәрбиесін сөзге тиек еткенде мектеп қабырғасындағы хәлді айтпасқа болмайды. Былтыр елордадағы №10 мектептің ауласындағы футбол қақпасы құлап, оқушы мерт болды.

Мектептің негізгі функциясына тек білім беру емес, оқушылардың қауіпсіздігі және денсаулығына жауап беру жатады. «Ақмешіт жастарының» өткен санында жазғы лагерьдегі олқылық пен бала өлімі туралы жаздық. Демалыс базасының салғырттығын айттық. Ал білім ордаларындағы жағдай да мәз емес екен. Білім алып жүр деген аты ғана, нәтижесі қандай болмақ? Ең сорақысы мектеп ішіндегі «жазатайым» жағдайдан көз жұмған оқушылар көбейген.

Қазақсандағы 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер өлімінің бірінші себебі − суицид, екіншісі − көлік апаты екен. Суицид қасақана өз-өзіне өлім әрекетін жасау. Яғни, елдегі жастар өз өмірін қыршыннан қиюға бейім. Бұған дәлел ретінде сандарды сөйлетсек: 2020 жылы 144 факт (307 әрекет), 2021 жыл 175 факт (373 әрекет), 2022 жыл 155 факт (309 әрекет) тіркелген. Өткен жылы Қазақстан Wisevoter есебінің деректері бойынша суицид статистикасында 178 елдің ішінде 19-орынға жайғасқан.

Суицид жасауға не итермелеуі мүмкін? Мұндайға көбіне әлеуметтік жағдайы төмен, ажырасқан отбасы, ата-анамен дұрыс емес қатынас, зорлық-зомбылық көру жағдайлары әсер етеді.

Осы жылы Сенатта өткен Үкімет сағатында «Демографиялық өсу – ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі» тақырыбында Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының өкілі презентация жасады. Жиында өз-өзіне зиян келтіру мен суицидтің жоғары деңгейінің негізгі себептерінің бірі – психикалық денсаулық мәселелері екені айтылды. Қазір жасөспірімдер депрессиямен, жағымсыз эмоциялармен көп күреседі. Психикалық бұзылулардың 50%-ы 14 жастан, 75%-ы 24 жастан басталады екен.

Бұл мәселені зерттеу барысында 3 жыл ішінде балаларға жасалған зорлық-зомбылық фактілері туралы материалдарға зер салдық.

Қазақстанда 2020-2023 жыл аралығында 2 472 жыныстық қылмыс тіркелген. Былтыр 6 ай ішінде жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатысты қылмыстардың ең көп саны Алматыда тіркелген. Алматыда − 51, Түркістанда − 43 және Қарағанды облысында 36 қылмыс анықталған. Бала қауіпсіздігінің салғырттығы түрлі қылмыстың болуына, ал мұндай жағдай жасөсіпірім психикасының бұзылып, суицидке баруына итермелейді. Ащы шындық − осы.

«Мектепке барғым келмейді…»

Буллинг туралы естіген боларсыз. Ағылшын тілінің «bully» сөзінен шыққан бұл сөз физикалық агрессияны ғана емес, психологиялық қысым, қорқыту, тартып алу, қорлау әрекеттерін білдіреді. Дәлірек айтқанда, әлімжеттік.

Әлемде 150 миллион бала сыныптастар, құрдастары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Ал Қазақстанда әрбір бесінші жасөспірім – буллингтің құрбаны. Өкініштісі әлімжеттік балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында, «райондар» арасында жасалады. Қатарластарынан жәбір көргендер «тағдырыма жазғаны осы шығар» деп көнеді. Атаанасы немесе ұстаздарынан көмек сұрай алмай, бар айтатыны «мектепке барғым келмейді» болады. Бірақ «ауруын жасырған өледі» демекші, айналадағы қысымнан шаршаған бала суицид жасауға мәжбүр болады. Қараңызшы, бір мәселе, алайда түрлі себептері бар.

Буллинг тоқтамаса немесе «системаға» бағынбағандарға не болады?

Қақаған қыс. Қызылорда Белкөл кенті. Үйдің кіреберісінен табылған 9-сынып оқушысының мәйіті.

Жамбыл облысы, Құмжота ауылы. Мектеп дәретханасындағы қайғылы оқиға.

Мамыражай мамыр. Шиелі. Жоғары сыныптан зәбір көріп, қайтыс болған оқушы.

Бұл биыл болған бала өлімінің санаулысы. Бірін «системаға бағынбады» десе, бірін «сыйламадың» деп тепкілеген. Мектепке білім алуға барған баланың ақшасын тартып алып, соққыға жығу жөнінде біздің өңірдің аты қайта-қайта айтылуда. «Атың шықпаса жер өртеге» тойып алған бұзақылардың ісәрекеті жақында тағы қайталанып Шиеліде 16 жастағы оқушы көз жұмды. Қайғылы оқиға 18 мамыр күні болған. 9 сынып оқушысы Ерасылдың мәйіті ауылдың шетіндегі стадион маңайынан табылған.

− Кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүргізіліп жатыр. Сараптамалар жасалады. Күдікті ретінде кәмелетке толмаған екі бала ұсталып, қамауға алынды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді. Іс Қызылорда облысы ПД бастығының бақылауында, – деді департаменттің баспасөз қызметі.

Қодаманов ауылындағы жағдайдан кейін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданы әкіміне қатаң сөгіс жариялады. Ал аудандық білім бөлімінің басшысын, мектеп директорын, учаскелік инспекторды қызметінен босату туралы тапсырма берілді.

Әлімжеттік, буллинг түбі бір адамның көз жұмуына себеп болатынына көзіміз жетті.

Шиеліге қайта оралсақ, облыс әкімінің төрағалығымен білім саласының өзекті мәселелеріне арналған кеңейтілген мәжіліс өтті.

− Мемлекет басшысы «Мектеп – білімнің ғана емес, тәлімтәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарын сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет» – деп, бұл саладағы жауапкершілікті одан әрі күшейткен болатын. Ұрпаққа сапалы біліммен қатар, саналы тәрбие беру – жұмыстың негізгі бағыты. Бұқара болып бірігіп, бұзақылықты тыя алмасақ, соңы небір өкінішті жағдайларға әкеп соғуы ықтимал. Орын алған ауыр жағдайлар осыған дәлел.

Бүгінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс саны 30-дан 26-ға азайғанымен, ауыр қылмыс саны артқан. Жыл басында Сырдария ауданының Амангелді ауылында, наурыз айында Қызылорда қаласының Белкөл кентінде, кеше Шиелі ауданының Қодаманов ауылында болған бала өлімі ешкімді бей-жай қалдырмауы тиіс. Балалардың құқықбұзушылығынан бөлек, педагогтер арасынан да қылмыстық әрекетке барғандар шықты. Бұл – қаймағы бұзылмаған, қалың қазақ ұйысқан Сыр жұртшылығы үшін үлкен сын, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Шиелі ауданының әкімдігі, прокуратура, полиция бөлімі, білім бөлімі, ата-аналар комитетінің төрағалары, мектеп директорлары мен қызметкерлері рейд жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны хабарланды.

Сонымен қатар, Нұржан Ахатов және аудан прокуроры Нұрбек Қаратаевтың қатысуымен құқық бұзушылық профилактикасы жөнінде мәжіліс өтті. Күн тәртібіне «Аудан көлеміндегі өсім алған және кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған қылмыстардың алдын алу шаралары», «Өсім алып отырған алаяқтық қылмыстарының алдын алу шаралары», «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары» мәселелері қойылды.

«Үштік одақ»: ынтымақта болуы қажет

Бірлескен жұмыста ғана нақты әрі оң нәтиже болары сөзсіз. Біздегі «үштік одақтың» бір жұдырықтай біріге алмауы түрлі қақтығыс пен төбелеске жол ашатынын анық байқатты.

Мұндағы мәселе үш тараптың бөлінуінде. Ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесін мектеп мамандарына артып, жасөспірім оқушы «детская травмаларын» айтып әлек, ал мұғалім көбіне сабағына презентация әзірлеп, құжаттармен жүреді.

Білім ордасында орын алған күрделі жайттардан кейін жаңалықтан оқитынымыз: «мектеп директоры, инспектор, сынып жетекші жұмыстан босатылды». Ал нәтиже немесе мәселенің нүктесі тек жұмыстан босатумен шектеле ме?

Ересектердің жауапкершіліктен жалтарып, баласының бұзықтығын мектеп басшылығына артып қоюы қате. Бірақ бұл ұстаздардың салғырттығын ақтамайтынын ескерген жөн. Егер мұғалім оқушыға ата-ана рөлін сомдаса, сол ұстаздың үйдегі баласына кім бас-көз болмақ?

«Z» қандай ұрпақ?

Салыстырып, сараптасақ кеше мен бүгінгі буынның әңгімесі де, мәдениеті де, сұранысы да өзгеше. 2000 жылға дейін және кейін дүниеге келгендердің өмірге көзқарасы әртүрлі. Себебі 1980-2000 жылдары туылғандар «Y», ал 2000-нан бергілер «Z» дәуірінің ұрпақтары. «X», «Y» туралы білеріміз көп, ал «Z» қандай?

Зедтерді «сандық ұрпақ», «цифр адам» деп атайды. Бұлар жұмысқа келгенде кірпияз, ішкі «мені» қалыптасқан, амбицияға толы, икемді келеді. Жаңашылдыққа ашық, ойын еркін жеткізе алатын әрі өзгерістен қорықпайтыны тағы бар. Жаһандану үдерісінде бәсекеге қабілетті маман бола алады. Бұл сөзсіз. Ал келесідей ерекшеліктеріне не дейміз?

Қазіргі жасөспірімдерде шектеу жоқ. Бұл тек жұмыс немесе креатив ойлауға ғана емес, тәрбиеге де әсер етуде. «Болмайды» дегенге қарайлайтын бала аз. Осы орайда 15 жылдық еңбек өтілімі бар психолог-маман Назира Аймахановаға хабарластық.

− Бала психологиясы туралы сөз бастағанда тоқтау мүмкін емес. Қоғамда «X», «Y», «Z» ұрпақтар туралы айтылады. Әр дәуірдің баласы өзгеше. Бүгінгі балалар дамуды қалайды. Өзгелермен салыстырмау қажет. Бұйырып сөйлегенді ұнатпайды. «Сен» емес, «біз» дегенді көп айту қажет. Ата-аналардың басты қателігі балаға өзінен үлкен жүкті арқалатып, міндеттейді. Бала балалық шақтың дәмін сезінуі қажет. Олармен дос ретінде сөйлесіп, сырласып, ойын бағалаңыз. Баламен жақын боламын десеңіз, оның деңгейіне түсе біліңіз. Бүгінгі бала біздің ұстазымыз. Жастардан біздің үйренеріміз көп. Бастысы жаңа ұрпақ екен деп те босатуға болмайды, − деді психолог.

 Өзекті мәселе айқындалды. Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасу жолында тәлім-тәрбие алғашқы баспалдақ рөл атқарады. Бұл баспалдаққа жауапты – ата-ана. Неліктен буллинг, суицид тақырыбына тоқталдық? Себебі мұндай мәселеде ата-ананың жауапкершілігі һәм баламен қарым-қатынасы маңызды. Біреуге жәбір көрсеткен бала өзі үйде зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін ғой. Бағыт беруде, баламен сөйлесуде дұрыс тәсіл тауып, тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, ата-ана мен мектеп біріксе, алынбайтын қамал жоқ.

Қорытынды ой тақырыптан-ақ айтылып тұр. Арасын нүкте ғана бөліп тұрған үш ұғым әрдайым бірге болуы тиіс. Бала мектептен ажыраса, сауаты сұйылып, ата-анадан ажыраса, жетімдік кешеді. Біздегі үштік одақтың оң нәтижесі үштіктің бірігуі мен байланысында жатыр. Қоғам қаперіне алатын дүние – осы.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!