Фото: ашық дереккөзден алынды

Қазіргі балалардың ойлау қабілетінің өзгергені, тілі кеш шығып, дамуында кешеуілдік байқалатыны ата-аналарды алаңдатуда. «Мұның бір себебі гаджетте» дейді мамандар. Бүлдіршіндердің көбі көгілдір экранға телміріп, смартфондағы анимациялық туындыларды тамашалайтынын жиі байқаймыз. Дегенмен технологиялық жетістіктер игілікке айналғанымен, рухани дамуға кері ықпал етуде.

Психологтар сәби дүние есігін ашқан сәттен бастап, ересектерден қайталау арқылы көп дүниені үйренетінін айтады. Яғни қолын көтеру, мойынын бұру, эмоция көрсетудің өзін үлкендердің көмегімен меңгереді. Гаджеттен көрген дүниенің барлығын дұрыс деп қабылдайтыны да сондықтан болса керек.
5-6 жасар баланың өзі түрлі мобильді қосымшаларға кіріп, өздігінше әрекет етуге машықтанып алған. Балаға көңіл бөлуге уақыт тапшы болса, теледидардан «Маша мен аюды» қосып береміз. Бізге тек тыныш болса болғаны. Мультфильмді қоспасаң, телефонды сұрағанда бермесең, үйді басына көтеріп жылайтыны тағы бар. Бірақ мұндай мінез қайдан шықты деп неге ойланбаймыз? Тынымсыз, айтқаны болмаса бәрін шашып, сындыратын Машаның әрекетін балаңыз қайталып жүрген жоқ па?Себебі, бұл анимациялық фильм балаларды мазасыз, ашушаң ететінін ақпарат құралдары жарыса жазуда.
Телефонға тәуелділік қалай пайда болады? Гаджет немесе компьютерлік ойындарға құмар болсаңыз, бұл сізге жайлылық сыйласа, бойыңыздағы «дофамин» гормоны жоғары мөлшерге жетеді. Бұл гормон балаларға да дәл солай әсер етеді.
Мультсериалдардың барлығы дерлік баланың психологиясына жақсы әсер етуге тырысып бағады. Сюжеттердің түпкі мәні «жақсылық зұлымдықты жеңеді» деген ұғымды ұстанады. Десек те тілі әлі шықпаған балаларға әр тілдегі мультфильмдерді көрсету ой-санасының бұзылуына әкеледі. Миы қай тілде ойды жеткізу керегін түсінбей, сөйлеу қабілеті тек образды түрде дамиды. Бала тек тыңдауға дағдыланады. Тағы айта кетерлігі, теледидар мен планшет балалардың көзінің саулығына кері әсер етуде. Бұл қауіп ересектерді де айналып өтпейтінін қаперде ұстаған жөн.
– Жас ата-аналардың көбі баланы жұбату үшін қолына телефонды ұстата салады. Бірақ оның балаға қалай әсер етіп жатқанын ескермейді. Әлі толық жетілмеген бала планшеттегі дауысты естіп, қабылдағанымен, бұл құбылыстарды түсінуге қабілетсіз. Осылай жалғаса келе баланың қабылдау функциясы бұзылады. Телефонмен бала ананың құрсағында жатқаннан «дос» болады. Туғаннан кейін ол «достық» ұлғаяды. Телефоннан бас алмаған баланың уілдеуі, былдырлауы кешеуілдейді. Сөйлеу тілі де кеш шығады. Сондай-ақ баланың есте сақтау қабілеті, ақпаратты қабылдауы, сөздік қоры азайып, зейіні тұрақсызданып, танымдық процесі бұзылады. Сөздік қорының аз болғандығынан ойын жеткізе алмай қиналады. Мұның соңы психикалық бұзылысқа әкеледі. Айқайлау, шыңғыру немесе жылау іспеттес теріс қылықтарға бой алдырады. Жас ана ретінде балаларыңызға барынша телефонды аз беріп, бүлдіршінге көп уақыт бөлуге кеңес беремін. Балаға уақыт бөлуден қашпаңыз. Баланың психологиялық ауруын өз қолыңызбен жасамаңыз, – дейді дефектолог маман Әдина Бауыржанқызы.
Иә, баланың ойын гаджеттен өзге дүниеге бөлу керек. Бос уақытта спорттық, қосымша білім курстарына, өнер мектебіне және тағы да басқа үйірмелерге жазу ұялы телефонның құрсауынан құтқарады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаса керек. Болашақ ұрпақтың тағдыры өз қолымызда екенін естен шығармайық.


Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!