Иә, күн жылығанда көпқабатты тұрғын үйлердің терезесі айқара ашылады. Таза ауа кіргізіп, үй ішін желдету – қалыпты жағдай. Десе де дәл осы мезетте қауіп те қатар келеді.

Кейінгі жылдары балалардың терезеден құлап кету жағдайы тіркелуде. Ата-аналардың балаларды бақылаусыз қалдыруы, терезеде уақытша бекіткіш торлардың немесе блокиратор аппаратының болмауы және балалардың терезе алдында ойнауы – қайғылы жағдайдың басты себебі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық ТЖД Төтенше жағдайдың ал-
дын алу басқармасының басшысы Асхат Оразбеков баяндады.

– Ең алдымен ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуы керек. Егер үйде бала болса, терезені ашық қалдырмаған жөн. Терезеде арнайы қорғаныс құралдары орнатылмаған жағдайда торын сенімді тірек ретінде қарастыруға болмайды. Өйткені балалар көбіне сол торға сүйеніп тұруды ұнатады. Сондай-ақ терезе, балкон немесе шыны есіктердің алдында ойнап жүрген балаларды қараусыз қалдырмау өте маңызды. Балалардың терезе алдына шығып кетпеуі үшін жиһаздарды да терезенің жанына қоймаған дұрыс. Балаларға қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп, арнайы сабақтар өткізу қажет. Үлкен балаларды кішкентай бүлдіршіндерге қамқор бо-
луға үйрету де маңызды. Ал ең тиімді қауіпсіздік шараларының бірі – балалар терезені өз бетімен аша алмауы үшін терезеге арнайы блокиратор немесе тұтқасына құлып орнату, – дейді басқарма басшысы.

Төтенше жағдайлар департаменті бұл мәселенің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жыл басынан бері мамандар тұрғындар арасында түсіндіру шараларын ұйымдастырып, 3000-ға жуық адамды қамтыған 20-дан астам кездесу өткізген. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында 15 рет ақпарат жарияланып, баспасөзде 12 материал жарық көрді. Төтенше жағдайлар қызметінің дерегіне сүйенсек, 2026 жылдың басынан бері Қызылордада ата-анасының қарауынсыз қалуы салдарынан балалардың терезеден құлап кетуіне байланысты екі оқиға тіркелген.

А.ЖАҢАБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!