Қоғамда бала құқығы туралы жиі айтамыз, заңнамалар бар, бағдарламалар қабылдануда, жағдай жасалған. Алайда күнделікті өмірде сол құқықтың аяққа тапталып жатқанын жиі көреміз.

Бүгінде баласын жылу батареясына байлап ұрған безбүйрек ананың видеосы әлеуметтік желіде тарап, халықты дүр сілкіндірді. Панфилов аудандық полиция қызметкерлері жедел тексеру жүргізіп, 28 жастағы әйелдің 3-4 жастағы кәмелетке толмаған баласына дене жарақатын салғанын анықтады.

Осылай қылмысы әшкере болғандар бар, ал үнсіз тоқпақтың астында қалып жатқаны қаншама?! Жабулы қазан жабулы күйінде қалып, үнсіздікте құқығы табан астында тапталып жатқан балалардың құқығын кім қорғайды?

Баланың денсаулығын сылтауратып, оны табыс көзіне айналдырған ата-аналар туралы не айтасыз? Астанада әлеуметтік желі арқылы баласының еміне деп Дәулет пен Толқын Тотақановтар 1,5 млрд теңге жинаған. Айыптаушы тараптың мәліметінше, ерлі-зайыпты бірнеше диагнозы бар ұлы Әлішердің атына әлеуметтік желіде парақшалар ашып, Түркияда емделу үшін деп қаражат жинаған. Алайда жиналған 1,5 млрд теңге баланың еміне емес, қымбат дүкендер мен құмар ойындарға жұмсалған. Бұдан бөлек, қайтыс болған баласының емін желеу етіп, халықтан ақша жинап келген ананың да қылмысы әшкере болды.

2025 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстанда балаларға қатысты 3124 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Балалар көбіне жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы салдарынан (558 жағдай), ұрып-соғудан (502 жағдай), денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруден (278 жағдай), 16 жасқа толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардан (210 жағдай) және бұзақылықтан (185 жағдай) зардап шеккен.

Міне, осындай деректерді оқығанда «ата-ана» деген қасиетті ұғымның өзі кейде мәнін жоғалтқандай күй кешесің. Бала – Алланың аманаты, бірақ сол аманатқа қиянат жасап отырғандар өздері екенін түсінбейтін секілді. Қорған болуға тиіс жандардың қолынан жапа шеккен сәби кімге барып мұңын шағады? Оның жанайқайын еститін құлақ, көз жасын сүртетін қол бар ма?

Ащы болса да, шындық. Біз көбіне «біреудің баласы ғой, не шаруамыз бар?», «жеке отбасылық мәселе» деп сырт айналамыз. Құдды көзімен намаз оқыған жануарды көргендей «Аюға намазды үйреткен – таяқ» деп миға қонымсыз ақыл айтып отыратындарды қайтерсің? Қазір таяқпен тәрбие беру мүмкін емес. Бүгінгі қоғамда зорлыққа жол берілмеу керек!

Балаға жасалған әрбір қиянат ескерусіз қала берсе, ол ертең жаңа қылмыстың жасыл тетігіне айналмасына кепілдік жоқ. Бүгін соққы көрген бала ертең қоғамға сенуден қалады. Ал мұның артында қандай трагедия тұрғаны айтпаса да белгілі шығар. Осының өзінде қылмысқа бейім жасөспірімдердің қатары артып, статистика мәліметі жаға ұстатарлық деңгейге көтерілді. Біреуді ұрып-соғу, балағаттау, сексуалды қылмыс, жол жүру ережелерін бұзу секілді заңға қайшы қаншама әрекет тіркелген. Әсіресе еліміздің мегаполис қалаларында заңбұзушылық көп кездеседі екен.

Қош. Баланың құқығы еленбейді емес, керісінше күшейіп, заң қатайып та келеді. Тек сол заңға бағынатын мәдениеттің қалыптаспағаны осал тұсымыз болып тұр.

Шүкір, мемлекет бұл мәселеге бей-жай қарап отырған жоқ. Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда Ерлан Қарин бала құқығын қорғау шаралары бір арнаға тоғыстырылып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, ғылым және білім, бала құқықтарын қорғау саласындамаңызды бастамалар қолға алынған.

Жақында ғылыми қалашықтар құру және дамыту тұжырымдамасы қабылданды, мектептердегі заманауи тәрбие бағдарламалары жетілдірілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама әзірленіп, балалардың құқығын қорғауға бағытталған барлық шара осы құжатқа біріктірілді.

Одан бөлек, Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау мақсатында, 2026 жылға қарай балалар мекемелеріне бақылау қатаңдатылады және заңнама жаңартылады. Осы мақсатта мекемелерде алдын ала ескертусіз кенеттен тексерулер енгізіледі, баланы асырап алу тәртібіне өзгеріс енді, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың психикалық саулығын қорғау үшін әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу мәселесі қарастырылуда.

Тіпті енді баласының көзінше темекі шегіп, ішімдік ішкен ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұған дейін ата-ананың жеке әдеттері «отбасылық мәселе» ретінде бағаланып, мемлекет бұл салаға барынша араласпауға тырысқан еді. Алайда кәмелетке толмаған баланың психологиялық және моральдық қауіпсіздігі алдыңғы орынға шықты. Заңға сәйкес, баланың көзінше алкоголь немесе темекі тұтыну ата-аналық міндетті орындамау болып есептеліп, айыппұл салуға негіз болады. Сонымен қатар 2024 жылдың 16 маусымынан бастап балаларға кез келген физикалық жаза қолдануға толықтай тыйым салынды. Бұрын «тәрбие тәсілі» ретінде қабылданған белбеумен немесе аяқ-киіммен ұру сияқты әрекеттер енді Қылмыстық кодекстің 109-1-бабына сәйкес тергеледі. Бұл өзгерістер ата-ананың еркіндігін шектеу емес, баланың қауіпсіз әрі салауатты ортада өсуіне жағдай жасауға бағытталған қадам ретінде қарастырылуда.

Қанша жерден заң күшейіп, шектеулер енгізілгенімен, бала құқығы тек қаулы мен баптың аясында ғана қорғалмайды. Ол ең алдымен қоғамның ар-ұятына, әр ересектің адамның ішкі жауапкершілігіне байланысты.

Қазақ халқы ежелден жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ел еді. Сол ұстанымнан алыстап кетпесек, баланың тағдырына немқұрайлы қарауды қалыпты құбылысқа айналдырудан ада болуымыз керек.

Балаға қауіпсіз орта қалыптастыру – болашаққа салынған инвестиция. Бүгін ұрпақты қорғау арқылы біз еліміздің ертеңін қорғаймыз.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!