Бала тәрбиесіндегі ең алғашқы ұя – отбасы екені баршамызға мәлім. Бала тәрбиесі – ұлт болашағы. Бала тәрбиесінде ата-ананың маңызы зор. Ата-ана бала үшін де, бала тәрбиесінде де бастытұлға. Сондықтан баланы дұрыс тәрбиелеу – ата-ананың ең бірінші міндеті. Баланы сәби кезінен адамгершілікке, имандылыққа, ізеттілікке, қарапайымдылыққа, жақсылыққа, ұқыптылыққа, жақсы әдетке, әдептілікке, жауапкершілікке, еңбекшілік секілді қасиеттерге ақыл айтып отырып, сөзбен тәрбиелесек, өсе келе іспен көрсетуіміз қажет. Отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы, бір-біріне деген сыйластық бала тәрбиесінде зор үлес алады.

Жапондықтар бала тәрбиесіне ерекше мән береді екен. Олар қазақтың мақалында айтылғандай, «балаңды бес жасқа дейiн патшаңдай күт, он бес жасқа дейiн құлыңдай жұмса, ал он бестен кейiн досыңдай сырлас» деген тәрбие негізін берік ұстанады. Ал үндістер балаларын қатаң ұстайды екен. Балалар кішкентай кезінен бастап ата- анасының таңдауына мойынсұнады, ата-ана қалауына қарсы келмейді. Швед елінде баланы еркін тәрбиелеп, сәби кезінен жеке тұлға ретінде қалыптасуға міндеттендіреді. Баланы ұрып-соғу, қатыгездік таныту қылмыс болып саналады. Ата-аналары балаларына қол жұмсаса, полиция қызметкерлеріне шағымдануға құқылы.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, ата-ана – бала үшін «модель», ең бірінші өзімізді, содан жасөспірімдерді тәрбиелеуіміз қажет. Ата-аналардың ең үлкен қателігі – «Кішкентайынан айтқанымды істете алмасам, өскенде мүлдем тыңдамайды, балаға қаншалықты қатал болсам, соншалықты мені тыңдап, сыйлайтын болады, сөзімді екі етпейді» деп ойлауы. Баланы өзіңіз қасында болмайтын уақытқа дайындағаныңыз дұрыс. Баланы ұрып-соғып, дауыс көтеріп, қабақ шытып тәрбиелеу мүмкін емес, өйткені күш көріп өскен бала толыққанды дамымайды. Эмоцияналды еркін өскен бала өзін сырттай бақылай алатын, сезімдеріне мықты, жігерлі, өз-өзіне сенімі мол, жүрегі кең, шапшаң бола алады.

Көпшілік «Тәрбиесіз бала қайдан шығады?» деп жатады. Менің пайымдауымша, оған ең басты себеп – тәрбиенің дұрыс болмағандығы, ата-ананың балаға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін имани тұрғыда дұрыс жеткізе алмағандығы. Әуелі имани тәрбие мен әдептілікке бой сіңірткеніміз жөн. Тәрбиесіз, әдепсіз, ұқыпсыз баланың қоғамда абыройы болмай, әркімнен сөз естіп жүреді. Баланың жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, тәртібін, бос уақытын қалай және кіммен өткізетінін қадағалған жөн. Ал жалқау бала ше?

Бұл сауалға ата-ананың еңбекке баулымай, ақсаусақ етіп тәрбиелегенін айта аламыз. Үлкендер тарапы балаға түрлі жұмыстарды, жеке тапсырмаларды, маңызды шаруаларды сеніп тапсыра білуі қажет. Баланы жастайынын жұмсап, бойына бір жауапкершілікті енгізу керек.

Қазіргі қоғамдағы қатыгездік – негізгі проблемалардың бірі. Бұл да бүгінгі баланың бойынан табылатын теріс қасиет. Ата-ананың балаға деген немқұрайлығы баланың мінезін ғана емес, өмірге деген ынтасын бұзады. Әрине, бала тәрбиесі ана тәрбиесінен басталады. Жеке тұлғаның қалыптасуына әлеуметтік ортадағы қарым-қатынастар да әсеретеді.

Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. …Бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жынды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы» деген. Көп ата-ана баланың ішкі-жан дүниесіне мән бере қоймайды. Оның да бір себептері болып жатады: жанталас өмір, баласы ешкімнен кем қалмасын деп бірнеше жерде жұмыс жасауы, теледидар, ұялы телефон, интернетің әсері тағы бар. Кез келген сәбидің өзіне тән қасиеті мен қабілеті болады. Қабілетсіз адам болмайды, сол үшін уақытында қажетті жағдай жасап, қабілетін жетіктіре білу қажет.

Менің ойымша, бала әкенің ақылын, ананың мейірімін қөріп өсуі керек. Балаға «қадірлілік» сезімін толыққанды бере алуымыз қажет. Өйткені, бала өзің қадірлі, керекті сезінсе ғана «сенімді» бола алады. Бала тәрбиесі дегеніміз баланың бүкіл өміріне араласып, ата-анаға бағынышты қылу емес. Бала тәрбиесі, баланың сеніміне кірумен бастау алады. Балада ең бірінші сенімнің пайда болуы үйдің ішіндегі тыныштық пен жайлылығына, сабырлығына байланысты. Баланы жазалауға болмайды, бала ең бірінші ата-анасына тәуелді бола бастайды, бойында қатыгездік пайда бола бастайды, оның соңы жақсылыққа да әкелмейді. Жазамен тәрбиеленген адам «сенімсіз», «адамгершіліксіз» келеді. Өйткені, жаза балаға қарсы күш көрсету, ал күш көрген бала басқаға да күш көрсететін болады. Балаға келешегіне жігер беріп, жаны мен тәнін басқара алатындай күш беру керек. Балаға орынсыз дауыс көтеру дұрыс емес, балаларымызды тек қана қатаң тәрбиелемей, күніне бір еркелетіп, сүйіп, құшақтап, қалай жақсы қөретінімізді білдіріп, қателіктерін ақылмен айтып, баланы арасында мақтап, әлпештеп коюымыз қажет деген ойдамын.

Әр ата-ананың арманы – баласының аман жүргені, иманды, сыйлы, тәрбиелі, биік жетістіктерге жеткені, жауапкершілігі жоғары, табысты азамат болып өсуі. Дұрыс тәрбие алған бала ата-анасын жерге қаратпайды, ата-анасын тек қуантуға тырысады. Болашақ жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеу – үлкендердің жауапты ісі. Егеменді еліміздің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесі. Жас ұрпақ жақсы тәрбиеленсе, болашағымыз жарқын болмақ.

А.БОЛАТҚЫЗЫ,
Қалалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік
орталығының әдіскері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!