Баланы ұлттың болашағы деп санаған дана жұртымыз көнеден келе жатқан бай мәдени мұрасы мен салт-дәстүрін ұрпақ тәрбиесінде пайдалана білген. Нақты кезеңде баланың тұлға болып қалыптасуында балабақша мен тәрбиешінің орны ерекше. Жалпы, отбасындағы тәрбие алғашқы қадам болса, балабақша сол тәрбиені толықтырып, әлеуметтік ортаға бейімделуіне ықпал етеді.
Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде: «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек» деп, тәрбиеші міндетін айқындаған. Расымен де тәрбиеші баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, заманауи талаптарға сай білім мен тәрбие беруі тиіс.
Балабақша – баланың алғашқы әлеуметтік ортасы, мұнда ол қатарластарымен қарым-қатынас жасап үйренеді. Ортада бала өз ойын ашық айтып, пікірін білдіруге дағдыланады. Тәрбиешінің мейірімі мен қамқорлығы баланың өзіндік бағасын арттырып, сенімділігін нығайтады. Сонымен қатар балабақшада балалар ұжымдық жұмысқа, бір-біріне көмектесуге, жауапкершілікке үйренеді. Мәселен, баланы ойыншықтарды жинауға, ойын бөлмесін таза ұстау сияқты қарапайым істерге үйрету арқылы біз оларды еңбекке баулимыз.
Бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде тәрбиеші маңызды рол атқарады. Ертегі, мақал-мәтел, салт-дәстүр жырларын оқып беру арқылы балаға адамгершілік, қайырымдылық, үлкенді сыйлау сияқты қасиеттерді сіңіреміз. «Шалқан» ертегісі арқылы бірлік пен ынтымақтың маңызын түсінсе, «Ақмышым» ертегісі арқылы мейірімділік пен қамқорлықты үйренеді. Бесік жыры мен халық әндері арқылы бала ана тілінің әуезін сезініп, ұлттық мәдениетке жақындай түседі.
Адамгершілік қасиеттерін дамытуда қоршаған ортаның әсері зор. Балабақшада тәрбиешілер балаларға әділдік, жауапкершілік сияқты құндылықтарды ойындар, шығармашылық іс-шаралар арқылы үйретеді. Мысалы, ролдік ойындар арқылы балалар өзара көмек көрсетуді, бір-біріне қолдау білдіруді тәжірибе жүзінде меңгереді. Сондай-ақ тәрбиешілер олардың жетістіктерін мадақтап, өзіне деген сенімін арттырады.
Осылайша, балабақшадағы күнделікті өмір мен отбасы тәрбиесінің үйлесімділігі нәтижесінде жас ұрпақтың бойында жоғары адамгершілік қасиеттер қалыптасады. Балабақша мен отбасы арасындағы тығыз байланыс баланың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Ата-ана мен тәрбиешілердің бірлескен жұмысы арқылы балаға дұрыс мен білім беру мүмкіндігі артады.
Айтарым, балабақша мен тәрбиешінің бала өміріндегі ролі орасан зор. Балабақша баланың алғашқы білім мен тәрбие алу ортасы болып, келешекте оның қоғамның белсенді мүшесі болып қалыптасуына негіз қалайды. Адамгершілік қасиеті жоғары ұрпақ тәрбиелеу – ұлт болашағының кепілі. Ендеше, тәрбиешілер мен ата-аналар осы жауапты міндетті абыроймен атқарып, жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашуы тиіс.
Фазила ОРАЗБАЕВА, «Нұр-Орда» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі. Тасбөгет кенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!