Бүгінде көп ата-ана баласына сөзін өткізе алмайды. Мамандардың пікіріне сүйенсек, балалардың 80 пайызы ата-анасын тыңдамайды екен. Өз баласына айтқаны жүрмеген ата-ана мұғалімге, психологқа жүгінеді. Анығында, мектеп баланы толыққанды тұлға, өмірге бейім азамат ретінде тәрбиелей ала ма? Баланы баға үшін ынталандыру, тыңдамағаны үшін айыптау, шектен тыс еркіне жіберу қаншалықты дұрыс?

Соңғы кезде ата-ана баланы, сәйкесінше бала үлкендерді түсінбей, жанжал туындайтынын айттық. Неліктен бұлай? Алдымен соған тоқталайық. Психология ғылымдарының докторы Шалва Амонашвилидің «Педагогикалық дастан» атты кітабында мынадай мысал бар.

«Бір күні маманның алдына бір отбасы келіп, баласының бірнеше күн аспанға тас лақтырып жүргенін, себебі не екенін біліп беруін және бұл әдетін тоқтатуын сұрайды. Сонда педагог баламен бірге еш ойланбастан аспанға тас лақтыра бастайды.

Біраз уақыт өткен соң педагог баладан:

– Біз не істеп жүрміз? – деп сұрайды.

‒ Біз дайындалып жүрміз, – дейді бала.

‒ Неге?

‒ Өткенде мен аспаннан тастар құлап, динозаврлар жоғалып кетті дегенді естідім. Енді менің үстіме тас құлап кетсе, мен қайда тығылам? Күйім қандай болмақ? Соны білу үшін және сол жағдайға дайындалып жатырмын, ‒ депті бүлдіршін.

Осылайша ата-анасы ұрсып, түсіндіріп, біле алмай жүрген мәселені педагог әп-сәтте баланың әлеміне ену арқылы біледі.

Жалпы зерттеушілердің дерегіне сүйенсек, баланың дамуы күнделікті көзге көріне бермейтін өзгерістен құралады. Тіпті кейде бала бойындағы өзгешелікті ата-ана емес, сырт көз байқағыш келеді. Сондықтан баланың жас ерекшелігіне сай әрекетін, дамуын басты назарда ұстау керек.

Бала қаншалықты жоғары білімді игерген сайын соншалықты кішіпейіл болу қажет. Ол үшін ата-ана балаға тәрбие, білім беруден шет қалмауға тиіс. Бала мектепте 6,7 сағат болса, 18 сағат үйде болады. Сол себепті ата-ана баласының оқуын, жүріс-тұрысын, кіммен араласатынын қадағалап, сынып жетекшісімен, пән мұғалімдерімен байланыс жасап, сабақ үлгерімі, тәртібі жайлы мәлімет алып отыру қажет, яғни мұғаліммен тығыз қарым-қатынаста болу маңызды.

Малика БАУЫРЖАН,

Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейдің мұғалімі

Жаңаша білім беру –

жетістік кілті

Орыс педагогі К.Ушинский айтқандай, әр мұғалім білімін жетілдіріп, бірсарынды сабақтардан гөрі жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды күнделікті пайдаланса, білім беру процесі тартымды да тиімді өтері сөзсіз. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында айтылғанын білеміз. Заңнамада: «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсетілген. Сондықтан болар білім беру ісін сапалы жүргізу – ұстаздардың бағыт алған бағдары.

«Болашағымыз жастардың қолында» десек, сол болашақ ұрпақты саналы етіп тәрбиелеу әрбір мұғалімге міндет екені даусыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауында білім саласына баса көңіл аударған еді. Қазіргі таңда кәсіби білім беру жүйесі еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағытталуда. 2021-2022 оқу жылынан бастап барлық кәсіби білім беру жүйесінде орын алып отырған түбегейлі өзгерістердің бірі – оқытудың кредиттік технологиясын оқу процесіне енгізу. Аталған технологияның басты міндеттері айқын. Ол – оқу үдерісіне қатысушылардың арасында ынтымақтастық қарым-қатынас орнауы, әр студенттің өзіндік жұмысын жоғары деңгейге көтеріп, ақпараттандыруды кең пайдалану. Оған қоса студенттің шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік туғызып, қолжетімді әрі сапалы білім беру арқылы болашақ кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға ұмтылу да назарда. Себебі XXI ғасыр озық технологиялар бәсекеге түскен кезең болғасын білім беру жүйесінде де өркениет жаңалығын пайдалану басты талапқа айналуда.

Осы орайда білім алушыға қызықты және пайдалы сабақ өтудің тың әдістерін атап өткім келеді. Алдымен бірінші орынға баланың білімін, дағдысын ғана емес, оның тұлғалық қасиетін, білім алу арқылы азамат ретінде дамуын қаперге алу жөн. Сондай-ақ оқыту үрдісінде ақпараттық технологияны қолдану білім сапасын жақсартуға көмектеспек, яғни ерекше көрнекіліктерді пайдалану, білім мен мəліметтерді əр түрлі пішінде жеткізу аталған талапқа енетіні белгілі.

Тағы бір маңызды дағды – жаңа технологияны қолдану. Байқасаңыз, нашар оқитын баланың өзі компьютермен жұмыс істеуге қызығады.  Бұл – қызығушылық оқушының білмеген тұсын тануға компьютер жәрдемдеседі деген сөз. Ғаламтордағы аудиобейне материалдарды пайдалану арқылы бала зейінін арттыруға да жол ашылар еді. Сол себепті заман талабына сай техникалық құралдарды сабақта қолдану мұғалім жетістігіне апаратын тиімді жол десек артық емес.

Г.ӘБДУКӘРІМОВА,

көпсалалы «Ұлағат Қызылорда»

колледжінің арнайы пән оқытушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!