Бала – ұлттың болашағы. Қай қоғамда болсын ұрпақ тәрбиесі ең өзекті мәселе ретінде қарастырылған. Қазақ халқының «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсілі бекер айтылмаса керек. Өйткені сәби шағында алған тәрбие болашақта оның азамат болып қалыптасуының негізі. Ал сол тәрбиенің алғашқы баспалдағы – балабақша.

Бүгінгі таңда ата-аналар күнделікті жұмысбастылықтың салдарынан балаларына толыққанды уақыт бөле алмай жатады. Осы тұста бүлдіршіннің бойына адами құндылықтарды сіңіретін, білім мен тәртіпке баулитын орта – балабақша. Мұнда олар тек ойын мен ас ішудің айналасында ғана емес, сонымен қатар, өз қатар-құрдастарымен араласып, қоршаған ортаны тануға, өзіндік пікір қалыптастыруға үйренеді. Яғни, балабақша – әр баланың жеке тұлға болып қалыптасуына негіз қалайтын үлкен мектеп.

Бастысы, балабақшада тәрбиеленген бала белгілі бір тәртіпке бейімделеді. Ол таңғы асын уақытылы ішіп, түскі ұйқысына уақытылы жатады. Қарапайым өмір сүру дағдыларын меңгеріп, өзін-өзі күтуге, ұқыптылыққа үйренеді. Бұл оның мектепке барған кездегі бейімделуін жеңілдетіп, өзінің кейбір қатарластарынан озық болуына ықпал етеді.

Мектепке дейінгі кезең – баланың ақыл-ойы мен дүниетанымы қарқынды дамитын уақыт. Сол себепті, бұл кезеңдегі тәрбие мен білімнің сапалы болуы өте маңызды. Осы ретте, балаларға бағыт-бағдар беретін, жүрегінің жылуын сыйлайтын, мейірімімен мәпелейтін жан – ол тәрбиеші.

Бала жаны өзгеше бір әлем. Әрқайсысының өзіндік мінезі, талпынысы, ойлау қабілеті бар. Тәрбиешінің міндеті – сол кішкентай жүректердің ішкі жан дүниесін түсініп, оларға дұрыс бағыт беру. Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген екен. Сондықтан да біз ең алдымен бүлдіршіндерге ұлттық тәрбие сіңіріп, оларды сабырлыққа, қамқорлыққа, мейірімділікке, елжандылыққа үйретуге тиіспіз.

Тәрбиеші балаға білім беріп қана қоймайды, оның ішкі жан дүниесін тануға, қабілетін ашуға көмектеседі. Әр балаға жеке тұлға ретінде қарап, қызығушылығы мен мүмкіндіктерін ескере отырып, дұрыс бағыт көрсету – тәрбиешінің басты міндеті. Ол сүйіспеншілікпен жан-жақты қамқорлық таныта отырып, әр баланың бойында мейірімділік, адамгершілік және тәртіпке деген сүйіспеншілік қалыптастыруы тиіс. Абай Құнанбайұлы: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деп ұстаздық жолдың ауыр да, абыройлы екенін айқындап кеткен.

Бала – гүл секілді. Оған қанша мейірім, қанша қамқорлық көрсетілсе, соншалықты жайқалып өседі. Бейнелеп айтқанда тәрбиешілер сол нәзік гүлді мәпелеп өсіретін бағбан іспетті. Егер әр тәрбиеші бойындағы бар асыл қасиетін бүлдіршіндерге бере алса, олардың өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастырып, дұрыс бағыт-бағдар көрсетсе, болашақта еліміздің білімді де тәрбиелі азаматтары көбейері анық.

Қазір мемелекет тарапынан бала тәрбиесіне ерекше мән берілуде. Себебі, әрбір бала – ел болашағы, ұлтымыздың ертеңгі тұтқасы. Олардың жан-жақты дамуы мен тәрбиелі болып өсуі – қоғам алдындағы маңызды міндет. Сондықтан балабақшадағы тәрбие сапасын арттырып, балаға мейірім мен өнеге беру – ортақ жауапкершілігіміз.

Гаухар ШАКИМАРДАН,
«Нұр-Орда» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі.
Қызылорда қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!