Бала тәрбиесі – уақыт өткен сайын жаңарып, қайта сарапталатын мәңгілік тақырып. Әр дәуір өз талабын қояды, әр заман өз өлшемін қалыптастырады. Бірақ бір шындық өзгермейді: бүгінгі тәрбиенің нәтижесі ертеңгі қоғамның бет-бейнесін айқындайды. Бесікте жатқан сәби – тек бір отбасының қуанышы емес, болашақ елдің азаматы. Сондықтан оның бойына сіңген мінез, көрген үлгі, алған тәрбие ертең тұтас қоғамның мінезіне айналады.

Қазіргі уақытта бала тәрбиесіне қатысты пікір сан алуан. Бірі баланы еркін өсіру керек десе, енді бірі тәртіп пен талап әлсіз дейді. Бала құқығы туралы заңдар күшейген сайын ата-ана мен перзент арасындағы жауапкершілік мәселесі де жиі сөз болып жүр. Кейде тіпті кез келген мәселені психологиялық жарақатпен байланыстырып, өткенге өкпе артатын жағдайлар да кездеседі. Осындай күрделі сұрақтар көбейген тұста бала тәрбиесінің мәні мен өлшемін қайта таразылау маңызды.

Осы тақырып төңірегінде педагог әрі көпбалалы ана Ләззат Тышқанбаевамен әңгімелесіп, бүгінгі тәрбие мәселесіне қатысты ой-пікірін сұраған едік. Тәжірибелі маман қазіргі ата-аналар жиі жіберетін қателіктерге тоқталып, балаға берілетін еркіндік пен талаптың ара салмағы туралы айтып берді.

– Ең әуелі бүгінгі жас ұрпақтың тәрбиесіне көз салсақ… Байқап қарасақ, қазір әр баланың еркіндігі өзінде. Бірі мұны бала тәрбиелеудің заманауи тәсілі десе, бірі балаға еркіндікке де шектеу керек деп есептейді. Айтыңызшы, бала тәрбиесіндегі еркіндіктің рөлі неде?

– Бала тәрбиесі туралы айтқанда тек педагог ретінде ғана емес, ана ретінде де пікір білдірейін. Оның үстіне екі түрлі дәуірдің тәрбиесін көрдім. Сол себепті қазіргі ата-аналардың кейбір тұста жаңсақ қадам жасап жатқанын байқап қаламын.

Көп ата-ана өздері көрген қатал тәрбиені баласына қайталамауды мақсат етеді. Бұл ниет түсінікті. Алайда кейде осы ойдың жетегінде кетіп, баланы шектен тыс еркіндікке жіберіп қоятын жағдайлар кездеседі. Соның салдарынан бала өмірдің шынайы талаптарына дайын болмай, әлсіз болып қалыптасуы мүмкін.

Біз еліктегіш халықпыз. Еліктегенде де тым асыра сілтейтініміз тағы бар. Қазір «бала еркін өсуі керек» деген ұғым кең тарады. Бірақ бұл сөздің мәні баланы толық еркіне жіберу дегенді білдірмейді. Еркіндік тәрбие мен талаппен қатар жүргенде ғана мағыналы болады.

Балаға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып отыру қажет. «Жарайды», «болмайды», «былай жасаған дұрыс емес» деген қарапайым сөздердің өзі баланың ішкі шекарасын қалыптастырады. Өкінішке қарай, кей ата-аналар баласының қателігін байқаса да тоқтатпайды. «Өскенде өзі түсінеді» деп ойлайды. Алайда тәрбие уақыт күтпейді. Бүгін ескерілмеген қателік ертең әдетке айналып кетуі мүмкін.

Өмірден алынған бір мысал есімде қалыпты. Таныстарымның бірі баласын кішкентайынан тым еркін өсірді. Бала ашуланғанда анасына қол көтеріп, қолындағы затын лақтырып жіберетін. Ол кезде оның жасы бес-алты шамасында ғана еді. Бірақ анасы оны қатты тоқтатпады, уақыт өте өзі қояды деп ойлады.

Арада жылдар өтті. Өкінішке қарай, сол бала ер жеткен кезде анасына физикалық күш көрсетіп, соның салдарынан әйел адам ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалды. Кейін денсаулығының әлсіреуінен өмірден өтті.

Сол кезде анасының айтқан бір сөзі көп нәрсені аңғартады. Ол баласының кішкентай кезінде қол көтеруіне жол бермегенде бәрі басқаша болар еді деп өкініш білдірген болатын. Бірақ өкінуге тым кеш еді…

Сондықтан балаға еркіндік беру керек деген ой тәрбиеден бас тарту дегенді білдірмейді. Керісінше, еркіндік пен талап қатар жүргенде ғана бала дұрыс бағыт табады. «Болмайды» деген сөз баланың жолын кесу емес, оның өмір жолын түзеу.

Балаға мейірім мен талап қатар керек

– Бала құқығы жылдан жылға жаңа тетіктермен қатайып келеді. Осыны ұғынған бала да «менің құқығым бар» деген түсінікті алға тарта бастады. Тіпті ата-анасын құқығымен қорқытқысы келетін жасөспірім жеткілікті. Бұл туралы не дейсіз?

– Заң қабылданған кезде оның әрбір тармағы жан-жақты сараланып, қоғамның мүддесіне сай қарастырылады. Сондықтан бала құқығын қорғауға бағытталған заңдарға қарсы пікір айту дұрыс болмас еді. Негізінде мұндай құқықтар бұрын да болған. Тек біз ол кезде оны ерекше атап, талап ете бермейтінбіз.

Қазіргі уақытта балалар өз құқықтары туралы көбірек біледі. Бұл, әрине, жаман құбылыс емес. Бірақ кей жағдайда сол құқықтың мәні дұрыс түсіндірілмей жатады. Егер бала тек талап етуді ғана үйреніп, жауапкершілікті сезінбесе, онда құқық ұғымы өзінің тәрбиелік мәнін жоғалтады.

Мен баланы ешқашан кінәлі деп есептемеймін. Бала көргенін қайталайды, естігенін бойына сіңіреді. Сондықтан көбіне мәселенің түп-төркіні тәрбиеге барып тіреледі.

Балаға өзінің құқығы бар екенін айтумен қатар, оның шегі де бар екенін түсіндіру маңызды. Құқық пен міндет бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Құрмет, тәртіп, жауапкершілік сияқты қасиеттер бала санасына қатар сіңгенде ғана ол өз орнын дұрыс түсінеді.

– Қазір қит еткенді «травма» деп топшылайтын болдық. Ақыл тоқтатып, есейгендер психологқа барып, бала кезінен жиналып қалған өкпе-назын айтады-мыс. Бірнеше сеанстан кейін әке-шешесіне «Мен сізді кешірдім» деп рақымшылық танытады. Психолог ретінде ата-анаға өкпелеудің өмірге әсері туралы айтып беріңізші.

– Расымен, қоғамда «психологиялық жарақат» ұғымы тым жиі қолданылатын болды. Кейде кез келген қиындықты осы сөзбен түсіндіруге тырысатын жағдайлар да кездеседі.

Шын мәнінде бала тәрбиесінде ең маңыздысы – мейірім мен тәртіптің қатар жүруі. Мейірім баланың жүрегін жұмсартса, тәртіп оның мінезін қалыптастырады. Осы екі қасиет тепе-тең болғанда ғана тұлға дұрыс қалыптасады.

Әрине ата-ананың қатал сөзі немесе әділетсіз әрекеті баланың көңіліне ауыр тиуі мүмкін. Бірақ кез келген өмірлік қиындықты жарақат деп қабылдай беру де дұрыс емес. Өмірдің өзі адамды шыңдайтын үлкен мектеп.

Сондықтан ата-ана баласына жылулық пен талапты қатар беріп, оған өмірдің шынайы қағидаларын үйреткені жөн.

Балаға мейірім мен талап қатар керек

– Баланы еркелету тақырыбына тоқталсақ… «Балаңды бес жасына дейін патшадай күт. Бес жасынан кейін құлыңдай жұмса. Ал он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген халықтың ұрпағымыз. Қазір бұл ұстанымды қолдайтындардың қатары аз-ақ. Айтыңызшы, баланы еркелету һәм тәрбиелеу арасындағы балансты қалай сақтауға болады?

– Халқымыздың бала тәрбиесіне қатысты айтқан нақыл сөздері ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік тәжірибеден туған. Сіз айтып өткен нақыл сөздердің астарында үлкен тәрбие философиясы жатыр.

Мен бұл қағиданы өмір бойы ұстанып келемін. Бүгінде балаларыммен қарым-қатынасым өте жақын. Олар менің тек перзентім ғана емес, сырлас досым іспетті.

Дегенмен әр балаға бірдей тәсіл қолдануға болмайды. Әрқайсысының мінезі, қабылдауы, ойлау жүйесі әртүрлі. Бір баламен жұмсақ сөйлесіп түсіндіру жеткілікті болса, екіншісіне сабырмен нақты айту керек. Ал кей жағдайда талапты күшейтуге тура келеді.

Әкем мені еркелетіп өсірді. Қажет кезінде талап қойып, «айналайын» деп те мейірімін төгіп отырды. Бала үшін осы маңызды. Сол мейірім мен қаталдықтың тепе-теңдігі менің өмірлік бағытымды қалыптастырды деп ойлаймын.

– Бала ата-анаға міндетті ме? Ал әке-шешенің перзент алдындағы жауапкершілігі қандай?

– Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас бір жақты міндеттен тұрмайды. Бұл – өзара жауапкершілікке негізделген байланыс. Қазір осы тұста қателесіп, махаббаты міндет көретін ата-ана да, бала да бар. Бірақ ол дұрыс емес қой.

Ата-ана перзентін дүниеге әкеліп қана қоймай, оны өсіруге, тәрбиелеуге, өмір жолына бағыт беруге міндетті. Ал бала ер жетіп, есейген кезде ата-анасының еңбегін қадірлеп, оларға қамқор болуға тиіс.

– Заманауи бала тәрбиесіне қандай баға бересіз? Бұрынғы мен бүгіннің арасындағы айырмашылық жақсы бағытқа өзгерді ме, әлде ата-аналар ағаттыққа көп бой ұсына ма?

– Әр ата-ана өз тәрбиесін дұрыс деп есептейді. Шынында да, ешбір әке мен ана баласының жаман болғанын қаламайды. Барлығы да перзентінің болашағы жарқын болғанын тілейді.

Негізінде қай заманда да үлкен буын кейінгі ұрпаққа сын көзбен қарайтыны белгілі. Біздің жастық шағымызда да үлкендер «бұрынғы жастар басқа еді» деп айтып отыратын. Уақыт өте келе сол сөзді енді біздің буынның айтуы заңдылық секілді.

Бүгінгі тәрбиенің нәтижесі қандай болатынын уақыт көрсетеді. Дегенмен бір тілегім бар: әр бала ата-анасын құрметтеп, қадірлей білсе екен. Еліне пайдалы, халқына сыйлы азамат болып өссе екен. Ертең өз балаларына да адал тәрбие беретін өнегелі ата-анаға айналса, қоғамның да болашағы нұрлы болары сөзсіз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!