– Балаларға өлең жазуды соңғы кезде неге қойып кеттіңіз?

Әлгі сұраққа түрікменнің әзілкеш жазушысы Құдайберді Диуанқұлов:

– Балаларды алдағым келмейді, – депті.

Мұзафар Әлімбаевтың кітабындағы осы үзінді қазіргі жағдаймен дәлме-дәл келетін сынды. Жаңарған заманда «желіден бәрін табуға болады» деген түсінік балалар әдебиетінің де аяғына тұсау болған тәрізді. Әйтпесе нағыз идеология саналатын осы саладан бұрынғыдай күй кеткелі қашан. Баланы да, өзімізді де алдап жүрміз бе, қалай өзі?!

Биыл Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен балалар әдебиетін қолдау жылы болып жарияланды. Бүлдіршіндердің болашағын қалыптастыратын бұл салада мәселенің шаш етектен екені бізге дейін де айтылды. Енді балалар авторларын ынталандыру, кітап саудасын жетілдіру, мемлекет тарапынан қолдау көрсету деген түйткілді шешу бір жыл ішінде құр сөз болып қалмаса екен деген тілек бар бәрінде. Ол үшін не істеу керек? Осы тақырып төңірегінде аймақтағы сала мамандарымен
сөйлестік.    

Үштік одақ арасында байланыс жоқ

Балаларға арналған жиырмаға жуық кітап пен отызға жуық әнді топтастырған «Қазақтың ұлы бол!» әндер жинағының авторы Рахат Наурызбайқызының есімі аймақ жұртшылығына етене таныс. Бар ғұмырын бала тәрбиелеуге арнаған ұстаз әлі күнге кішкентай оқырмандарымен жиі жүздесіп тұрады. Балалар әдебиетінің болашағына бей-жай қарамайтын ардагер бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау керегін айтады.

Рахат НАУРЫЗБАЕВА,

Рахат НАУРЫЗБАЕВА, педагогика ғылымдарының докторы, балалар ақыны:

‒ Қазір балаларға берілетін ақпарат өте көп, бірақ таңдау, іріктеу, жүйелеп ұсыну жағы жетімсіз. Онымен айналысатын арнайы жүйе қалыптаспаған, себебі бала шығармашылығын дамытуға бағытталған іс-әрекеттер жүйеленбеген, мектептер, мектептен тыс мекемелердің байланысы өз деңгейінде емес. Сол үшін балаларға арнап жазатын ақын-жазушылардың бір-бірімен және шығармашыл балалармен жиі кездесіп тұруына, шығармаларды талдап, сараптап, кеңес беретін, әдеби оқулар, жаңа кітап таныстырылымын ұйымдастыратын аудан, облыс көлемінде ғылыми-сараптамалық орталық немесе бөлім қажет.

Балаларға арналған шығармалардың насихатының кемшін болуының себебі көп. Соның бірі әрбір автор өз күшімен жазғандарын аз данамен болса да шығаруға тырысады. Жарық көрген аз таралымның балаларға жетуі де қиын. Әрі балаларға арналған кітаптар тартымды, көркем, түрлі-түсті болуы керек, ал оған жеке
автордың күші келмейді.

Менің шығармашылық жұмыстарымның өнімді болуына облыстық мәдениет басқармасының, өзім қызмет істеген мекемелердің  еңбегі зор. Жаңа кітабым шыққан кезде  Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана аз данамен сатып алады. Мен кітапты ең көп дегенде 200 данамен шығарамын. Бәрінде өзім қаржыландырамын. Негізі бізде кітапты сату мәселесі жолға қойылмаған.  Ертеректе кітабымыз «Білім» атты кітап дүкеніне қойылатын, қазір ол да жабылып қалды. Мемлекеттік кітап дүкендеріне баспалар өздері жібереді. Бүгінде кітаптарым сатылымда жоқ. Аз данамен шығарған соң кездесулерге барғанда ғана сыйға апарамын, ‒ дейді ол.

Рахат апаның айтуынша, балаларға арналған шығармалардың идеясы мықты, дизайны сапалы, ойын оятатын, ерік-жігерін шыңдауға, эстетикалық сезімін қалыптастыруға бағытталған шығармалар болу керек. Еліне адал еңбек еткен кейіпкерлерді заман талабына сай  сомдау да маңызды. 

‒ Қазір облыста балаларға арнап жазатын авторлар аз да болса бар. Бірақ балалар ақын-жазушыларының, баспалардың, осы жұмысқа қатысы бар мекемелердің арасында байланыс жоқ. Әркім жазбасын өзі таңдаған баспаға апарып береді. Сондықтан Жазушылар одағы тарапынан балалар әдебиетіне жіті назар аудару, республика кітапханаларына тарату, қаламақыны реттеу, кітапты шығару  қаржысын жолға қою үшін мемлекеттің қамқорлығы қажет.  Сонымен қатар, балалар шығармашылығын дамыту жолдарын жетілдіру, марапаттау, қолдау жұмысы кезек күттірмейді, ‒ дейді ардагер ұстаз.

Балалар әдебиеті педагогикалық деңгейге түсті

Қуат АДИС, балалар ақыны:

Қуат АДИС

– Кешегі Кеңес заманында “Бар жақсылық – балаларға” деген ұран болды және ол жалаң сөз емес еді. Сол балаларға жасалған жақсылықтың ең басында қазақ балалар әдебиетін дамыту ісі тұрды. Тіпті керек болатын болса, алдыңғы буын қаламгер ағаларымыз балаларға арнап, жоспарлы түрде тәрбиелік мәні бар өлеңдер мен қызықты әңгімелер жазды және ол өз жемісін берді де. Тәуелсіздіктен кейін қазақ балалар әдебиеті кенжелеп қалды. Оған балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен аласапыран заман себеп болды. Сол өтпелі кезеңде бала түгіл, ересектердің өзінің кітапханамен байланысы үзіліп, барлығы базарға сүрлеу салды. Еліміз ес жиып, етек қымтаған соң ғана балаларға арналған дүние там-тұмдап болса да шыға бастады. Бірақ әлі де бұның толық түйіні шешілген жоқ. Қатары селдіреп қалған алдымыздағы аға-апаларымызды айтпағанда, қазіргі күні балаларға арнап жазып жүрген жас ақын-жазушылар саусақпен санарлық қана. Олардың да көбі қаламын суытып алды. Өйткені қоғамда әлі де балалар әдебиетіне деген көзқарас түзелген жоқ. 

   Балаларға арнап жазатын әлгі айтқан аз ғана қаламгерлердің өзі қаламақы алмақ түгіл, дайын дүниелерін баспадан шығара алмай, қаржылай демеуші болатын қайырымды жандарды іздеп, кәсіп иелері мен жергілікті әкімдерді жағалап жүр. Ал балалар жазушылары осындай күйде жүрсе, оларға жеткілікті жағдай жасалмаса, балалар әдебиеті қалай дамиды? Балаларға арналған кітапты насихаттайтын балалар кітапханалары мен мектептер. Бірақ басқа өңірді білмеймін, біздің облысымызда жаңа кітаптың таныстырылымы, оны оқырмандарға насихаттау жұмыстары байқалмайды. Сол үшін оған аймақ жастары да атсалысу керек. Мүмкін осы бағытта арнайы ұйым құру керек шығар. Әйтеуір кітапхана мен жазушыға ғана бар жауапкершілікті артып қоюға болмайды. 

   Биыл «Балалар әдебиетін қолдау жылы». Бұған Президенттің өзі көңіл бөліп отыр. Жуырда жыл бойы жасалатын жұмыстарды жоспарлап, оны жүзеге асыратын арнайы Кеңес құрылып, құрамы жасақталды. Бөгде адам жоқ, барлығы да балалар әдебиетінің төңірегінде еңбектеніп жүрген азаматтар. Демек, үмітімізді үзуге болмайды. Мемлекет қамқорлығына алған қандай да саланың тұла-бойына қан жүгіретіні белгілі. Өйткені, барлық мәселе қаржыға тіреледі, ‒ дейді.

Балалар ақынының бұл салаға келуі де бір қызық. Анығында, ақын айтқан келесі жағдай қазіргі ата-аналар үшін қалыпты жағдайға айналып кеткенге ұқсайды.

‒ Менің де үлкен поэзиядан балалар поэзиясына келуіме балабақшада және төменгі сынаптарда оқитын балаларым себеп болды. Ата-ана ретінде олардың әр күні үйге берілген тапсырмасын қадағалап отырамыз ғой. Көбіне жаттауға тақпақтар береді. Шынымды айтсам, алғашында әлгі баланың тілін бұрап, ойын шатастыратын шатпақтарға бала тұрмақ, мен түсінген жоқпын. Өзі екі-ақ шумақ өлең. Бірақ басы жоқ, аяғы жоқ. Ұйқасын айтпағанда, оның ішінде баланың ойын қозғайтын бір сөз жоқ. Мұғалімімен, тәрбиешілерімен хабарласқанда ғана оның сырына қанықтым. Өткізілетін тәрбие сағаттары мен ертеңгіліктердің тақырыптарына сай етіп әлгі апайлардың өздері жазып береді екен. Міне, қызық! Бірақ тақпақтар арқылы баланың ақыл ойын дамытамын деген тәрбиешілердің не жазығы бар? Интернеттен іздеді, кітаптарды ақтарды, таба алмады. Сосын амалы жоқ, өздері жазып берді. Осылай балалар әдебиеті кәсіби деңгейден педагогикалық деңгейге түсті. Сонымен не керек, мен ұстаздармен келісе отырып, өлеңдерін қайта жазып бердім. Олар оныма қуанбаса, ренжіген жоқ. Кейін осы тақырыпқа қалам тартып көрсем бе екен деген ой келді. Бес-алты жылдан бері балаларға арнап өлең жазып келемін, ‒ дейді ол.

Жоғарыда балаларға арналған кітаптың мұқабасы көз тартатындай көркем болу керегі айтылды. Психологтардың зерттеуіне сүйенсек, кітап таңдағанда бала алғашқы 7 секундта жинақтың сыртқы сұлбасына мән береді екен. Кейін барып мазмұнымен танысады. Мұның өзі кітап  дизанының  маңызды екенін көрсетеді. Алайда біздің елде балаларға арналған суреттерді табудың өзі бір мәселе екен.

    ‒ Менің 2014 жылы Алматы қаласындағы «Фолиант» баспасынан «Қоңырбек пен Содырбек» және Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» баспасынан 2017 жылы «Кемпірқосақ» атты кітабым жарық көрді. Біреуін өз қаржыма, ал, екіншісін демеушінің көмегімен шығардым. Балаларға арналған дүние болған соң сатқаным жоқ, кітапханалар мен білім ошақтарына жеткенінше тегін таратып бердім. Жалпы біздің елімізде кітап бизнесі жолға қойылмаған. Шет елдерде бұл мәселе әлдеқашан заңды шешімін тапқан. Әрбір жазушының әдеби агенттері бар, кітап шығару, оны тарату, сату жұмыстарымен солар айналысады. Бізде авторлар мен кітапхана арасында мүлдем байланыс жоқ. Кейде кейбір жеке баспалар жазушының еңбегін тегін пайдаланғысы келеді.

  Кітаптың көркемдік сапасы дегенде, менің ойыма «Кемпірқосақ» атты кітабымды шығару барысындағы қиындықтар түсті. Жеке баспа болған соң кітаптың авторы да, корректоры да, терушісі де, безендірушісі де өзім болдым. Кітап 3 жастан 8 жасқа дейінгі балаларға арналған соң оның көркемдік сапасы да жақсы болуы тиіс еді. Сондықтан мейілінше әр бетін көз тартатындай, әр тақырыптың мазмұны суретпен ашылатындай етіп безендіруді ойладым. Бірақ «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші, кітап безендіруші-суретшілерге төлейтін қаламақы менің кітап шығарғалы отырған қаржымнан екі есе асып түсті. Ғаламтордан ала қояйық десек, онда қазақ балаларына арналған түрлі-түсті суреттер жоқ болып шықты. Басқа елдерде балаларға арналған суреттерді жариялап отыратын арнайы сайттар бар екен. Ал оған біздің ел көңіл бөлмеген. Ғаламтор бетін сапырғанда көзімізге көрінген бірді-екілі суреттердің де авторлық құқығы қорғалған болып шықты. Міне, балалар әдебиетін айтқанда андағайлап алдыңнан шығатын мәселенің бірі осы. Сосын қазірде балаларға арналған кітаптар мен журналдардың көбі жалт-жұлт етіп көзіңді тартып тұрады. Бірақ ол тек көзді алдап, көңілді арбаған жарнама. Әйтпесе, жылтыр қағазға басылған суреттер мен онда жазылған дүниелерді бала түгіл мен оқи алмаймын. Күндіз күнмен, түнде электр жарығымен шағылысып көзіңді ауыртады. Бірінші кезекте, баланың денсаулығын ойлауымыз керек. Содан соң ғана олардың ойын дамытуды қолға алған жөн, ‒ дейді балалар ақыны.

Бәлкім, фантастика жанрын қолға алармыз?!

Балалар әдебиетінің мемлекеттік қолдауға зәру екенін Ержеңіс Әбдіұлы да қостайды. Осыған дейін балаларға арналған «Ержеңістің ерекше есептері» жинағын мың данамен шығарған автор кітап саудасына өзі кірісіп, өзі насихаттап таратыпты. Себебі қолдау аз, ал жинақ кітапхана сөресінде қалып қоймау керек. «Бірақ шығармашылық адамының қосымша саудамен айналысып, жазуына уақыт бөле алмауы оны үлкен тоқырауға алып барады. Бұл ‒ үлкен мәселе» дейді ол.

Ержеңіс ӘБДІ, математика пәнінің мұғалімі, «Ержеңістің ерекше есептері» кітабының авторы:

Ержеңіс ӘБДІ

‒ Өзім мұғалім болған соң, үнемі балалардың қасындамын. Қазір балаларды әдебиетке қызықтыру ең қиын мәселе болып тұрғаны белгілі. Олардың көңілі кітапқа қарағанда телефондағы ойынға бұрып тұрады. Содан қалайда арашалап аламыз деген мақсатпен барынша мазмұнды, қызықты, әралуан тақырыптағы дүние жазуға тырысып жүрміз. Бірақ менің байқағаным, 5-6 жасар балалар төлдерге арналған өлеңдерге ерекше назар салатын сияқты. Оған бірден-бір мысал, өткен аптада Балалар әдебиеті күніне орай Оразбай Қосанов ағамызбен кездесу ұйымдастырдық. Сол кезде оқушылар Оразбай ағаның төлдерге арналған өлеңін таңдап, ерекше қызығушылықпен  оқып берді. Бәлкім, бұл оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес шығар.

Салыстырмалы түрде қарасақ, қазір балалар әдебиеті басқа салаларға қарағанда кенже қалып қойған. Мұны аға буын өкілдері де жиі айтуда. Оны кеңірек насихаттау үшін біздің өніміміз де мол болу керек деп ойлаймын. Біз бала күнімізде «Балдырған», «Ақжелкен», «Ұлан» газеті сынды газет-журналдармен саты-сатылап өстік, ал қазір мұның бәрін  телефон алмастырды. Соның әсерінен қазақ авторларының шығармасы кішкентайлар үшін қызықсыз. Мектепте оқушылар көбіне шетел әдебиетін, оның ішінде фантастиканы жиі оқитынын айтып жатады. Фантастика дегенде қазақ тек ертегі ойлап табуы мүмкін, бірақ оған сенбеген соң қалам тербегіміз де келмейді. Өз басым осы пікірдемін. Бәлкім, балаларды әдебиетке қызықтыру үшін болашақта фантастика жанрын да қолға алу керек шығар?!  

Мен өзімді балалар ақынымын деп есептемеймін, бірақ осы салаға барынша атсалысып жүрмін. Осыған дейін балалар логикасын дамыту үшін өлең есептердің жинағын шығарған едім, енді болашақта ертегілер жинағын құрастырсам деген жоспарым бар, ‒ дейді ол.

Балалардың өзіндік талғамы қалыптасқан

Көкейдегі келесі сұрақ: бүгінгінің баласы нені білгісі келеді, неге қызығады? Кітапханаға келген кішкентай оқырман қандай тақырыпты оқығысы келеді?  Бізбен тілдескен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана қызметкері шетел жазушыларының кітабы жоғары сұранысқа ие екенін айтады.

Қарлығаш ҚҰЛМЫРЗАЕВА, балалар әдебиеті бөлімінің кітапханашысы:

‒ Кішкентай оқырмандар, яғни, мектепке дейінгі балалар көбіне қаріптері үлкен және дизайны әдемі, суреті мен иллюстрациялары көп кітаптарды жаздырып алады. Ал мектеп жасындағы балалар ертегілер мен түрлі тақырыптағы энциклопедияларға қызығады. Бастауыш сынып оқушылары  жануарлар әлеміне, соның ішінде ер балалар динозаврлар, автокөліктер жайлы білгісі келеді.

«Ертегілер елінде» атты сериямен шығатын кітаптарды балалар көп оқиды. Оқушылар Ы.Алтынсариннің әңгімелерін жиі іздейді. Тағы көп оқылатын автордың бірі ‒ әйгілі ертегіші Ганс Христиан Андерсен. Бүгінде балалардың жас ерекшеліктеріне қарай өзіндік талғамы қалыптаса бастаған. Жасөспірім кезеңде ұл балалар фантастика, шытырман оқиғаға толы кітаптарды көп оқиды.  Мысалы, Бердібек Соқпақбаев, Жүніс Сахиев, Эдгар По, Жюль Верн, Роберет Стивенсон, ДЖ.К.Ролинг, Николай Носовтың кітаптары. Ал, қыз балалар психология, махаббат романдарын, сондай-ақ түсіндірме сөздіктер, танымдық энциклопедияларды жиі парақтайтыны анықталды.

«Жас ұрпақтың талғамына сай шығармалар қандай болу керек?» деген сұрақты қойған кезде  ақын, манасшы Баянғали Әлімжановтың  келесі сөзі еске оралады: «Қазақта үлкеннің мыңына бергенше баланың біріне бер» деген сөз бар. Баланың ой-санасы тап-таза, оған қандай сөз жазылады, солай сақталады. Ал қазіргі балалар шашылып бара жатқан секілді. Оның алдын алу үшін барлық амалды пайдалану керек. Телефонға үңілген баланы «әй балам, енді кітап оқы» деп талап етпесе болмайды. Кітапты сол телефоннан оқитындай етсек. Өйткені киноң да, мультфильмің де – бәрі әдебиеттен бастау алады. Менің ұсынысым балалардың электронды кітапханасын ашып, дамытуымыз керек» дейді. Осы орайда менің ұсынысым, 3 Д форматта, әдемі суреттелген  көркем әдебиеттер ана тілімізде шықса екен, ‒ дейді ол.

Youtube-та да «Балалар әдебиеті» бар

Қазір аймақта 12 балалар кітапханасы жұмыс істеп тұр.  Олардың жалпы қорында 389 871 дана кітап бар. 2021 жылдың I тоқсанында балалар кітапханаларының қоры тағы 189 дана жаңа әдебиетпен толыққан. Бүгінде аймақта «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы аясында балалар әдебиетін насихаттау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде Ыбырай Алтынсарин, Бердібек Соқпақбаев, Марат Қабанбаев, Толымбек Әбдірайым, Зира Наурызбаева, Мәди Айымбетов секілді жазушылардың еңбектері бар.

Нұршат НАУРЫЗБАЕВА, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары:

Нұршат НАУРЫЗБАЕВА

– Жас ұрпақты парасатты, білікті, мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеуде кітап пен кітапхананың алатын орны ерекше. Бүгінде балаларды кітап оқуға тарту мақсатында көптеген шара атқарылуда. Мәселен, қазір кітапханаларда балаларға арналған 14 үйірме мен 5 клуб жұмыс істейді. Сонымен қатар «Сыр шаңырағы» уoutube каналынан «Балалар әдебиеті» айдары ашылды. Мұнда балалар кітапханалары қорына алынған жаңа әдебиеттермен және өткізілген қызықты шаралармен танысуға болады. Бұл олардың ынтасын ашады деп ойлаймын, – дейді ол.

P.S. Бала көңілі ‒ кіршіксіз әлем. Сөз басында айтқанымыздай, оларды алдауға болмайды. Сол үшін бар еңбегін балақайларға арнап жүрген ақын-жазушылардың жан айқайын ескерген жөн. Барлық мәселенің қаржыға байланысты екенін бағамдадық. Ендігі жерде мемлекеттен қолдау көрсетілсе игі…

Бетті дайындаған: Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!