2024 жылы 17 бала, ал былтыр 7 бала терезеден құлаған. Биылдың өзінде салғырттықтың салдарынан 4 қайғылы оқиға тіркелді.

Осы мәселеге байланысты Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, алдын алу бағытында ақпараттық жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар, жұртшылықтың назарын аудару мақсатында түрлі шара қолға алынған. Бұл туралы Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі, азаматтық қорғау майоры Олжас Тұрсынбаев мәлімдеді.              

– Соңғы 10 күнде болған 4 бүлдіршіннің жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынды. Мұндай оқиғалар көбіне 7 жасқа дейінгі балалар арасында кездеседі. Көпқабатты тұрғын үйлердегі терезелер міндетті түрде қорғалуы тиіс. Балалар өздігінен терезе алдына шығып, москит торына сүйенеді. Алайда москит торы 1 келіден артық салмақты көтере алмайды. Сондықтан терезеге арнайы блокиратор немесе құлып орнату қажет. Бұл – қас-қағым сәтте орын алатын жағдай. Сол себепті бала қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуіміз керек, – деді Олжас Тұрсынбаев.

Осы ретте Төтенше жағдайлар департаменті төмендегідей сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді:

  • Балаларға үй жағдайында қауіпсіздік ережелерін түсіндіру;
  • Терезе маңына үстел немесе басқа да жиһаздарды жақын қоймау;
  • Үлкен балаларды кішкентайларға қамқор болып, оларды бақылап жүруге үйрету;
  • Балалардың терезені өздігінен ашпауы үшін арнайы қорғаныс құралдарын орнату;
  • Балалардың терезені өз бетінше ашпауын үнемі қадағалау.

Бала қауіпсіздігі – әрбір ата-ананың басты міндеті. Балалар үшін терезеден сыртқы көріністі тамашалау қызықты болғанымен, оның қаншалықты қауіпті екенін олар толық түсіне бермейді. Әсіресе, 7 жасқа дейінгі балаларда қорқыныш сезімі әлсіз болады. Сондықтан ата-аналар баланың қауіпсіздігін әрдайым басты назарда ұстауға тиіс.

Ақерке Дарханқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!