«Балалар жылы» аясында Сырдария ауданынан «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы ашылды. Мемлекет қолдауымен жұмысын бастаған орталықтың қадамы батыл, жоспары өзгеше. Талантты балаларды өнер орталығына біріктіріп, жаңаша бағыт беруді көздеген орталық жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Анар Қалдыбаева бізге «Сұлу-ай» жайлы кеңінен әңгімеледі.
Анар Сраждинқызы ұзақ уақыттан бері балалар шығармашылығын дамыту мақсатында тың жобамен айналысуды жоспарлаған. Мәдениет саласында жинақтаған азды-көпті тәжірибесіне сүйенген ол үйірме жұмысын жандандыруды қолға ала бастайды.
‒ Ауданның мерейін тасытып, ел алдына еш қымсынбай шыға алатын өнер жұлдыздарын тәрбиелеу маңызды. Бұл ретте мемлекеттің қолдауы айрықша рөл атқарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастар қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді» деген болатын. Міне, бұл Жолдау мәдениет қызметкерлерінің жұмысын жаңғыртуға серпін берді. Өткен жылдың соңында Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы бұйрығы аясында «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы Сырдария ауданындағы елді мекендерден ашылды.
Негізгі мақсат – талантты балаларға қолдау көрсетіп, өнерлі өрендерді жарыққа шығару үшін кәсіби тұрғыдан білім беру. Мәдениеттің негізін қалаған майталмандардың еңбектері арқылы өнерпаздарға барынша бағыт-бағдар береміз. Әрбір жанр бойынша теориялық білім мен практиканы ұстаздарымыз қатар алып жүреді. Кез келген мамандықта терең білім болмаса көздеген мақсатқа жету қиын, ‒ дейді А.Сражадинқызы.
Қазір өнер орталығында 28 үйірме жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, Айдарлы ауылында «Эстрадалық вокал», «Шешендік өнер», «Домбыра», «Бисермен өру», «Домбырамен ән салу», «Көркем оқу», «Ұлттық би», «Кескіндеме сурет салу» үйірмесі шәкірттерді қабылдауға дайын. Сонымен бірге Жетікөл ауылындағы «Ұлттық би», «Эстрадалық вокал» үйірмесі жас таланттарды қабылдауда. Ал Бесарық ауылы «Ұлттық би», «Көркем сөз» үйірмесімен, Шіркейлі ауылы «Домбырамен ән салу» үйірмесімен, Ақжарма ауылы «Ұлттық би», «Эстрадалық вокал» үйірмесімен, Н.Ілиясов ауылы «Домбыра», «Ұлттық би», «Хормен ән салу», «Эстрадалық вокал» үйірмесімен, А.Тоқмағамбетов ауылы «Ұлттық би», «Эстрадалық вокал», «Добыра», «Кескіндеме сурет салу» үйірмесімен, «Іңкәрдария ауылы «Домбыра», «Көркем оқу», «Пернелі аспаптар», «Оркестр ансамбль», «Ұлттық би» үйірмесімен қамтылған. Аталған үйірмелерде барлық жағдай жасалған. Жүздеген өнерлі өренмен жұмыс істеу барысында үйірме оқушыларын кәсіби мамандар дайындайды.
Өнер орталығының атауы «Сұлу-ай» деп бекер қойылмаған. Бұл туралы бізге орталық басшысы айтып берді.
‒ Бұл – анамның есімі. Ол кісі – мәдениет саласының майталманы. Өз кезеңінде саланың дамуына зор үлес қосты. Қиын уақытта мәдениет ошақтарының жойылып кетпеуіне барын салды. Ғұмыры қысқа болған анам шығармашылық жолында аянбай еңбек етті. Жергілікті жерлердегі жас өнерлі өренді тәрбиелеуде өз қолтаңбасын қалдырды. Анамның көзін көрген кісілер «Сұлуай –тәртіптің падишасы» деп баға беретін. Ол мәдениет саласының майталманы ретінде өз еңбегін өнерсүйер қауым үшін аямады. 33 жыл ауылдағы клубтың меңгерушісі болған тұста облыс көлемінде өткізілетін шаралардың бел ортасынан табылды. Әлі есімде сол жылдары ауылдағы ескі ғимараттың орнына жаңа клуб салуға күш салды. «Ойын-сауық отауының» әзілкештері ауыл тұрғындарының көңілінен шықты. Қажырлы еңбегінің арқасында жоғары марапаттарға қол жеткізді. Сондықтан орталықтың атауын анамның есімімен атауды жөн санадым, ‒ дейді ол.
Айта кетейік, алдағы уақытта өнер орталығы жанынан спорттық секциялар ашу көзделуде. Жақында Н.Ілиясов ауылында спорттық үйірмелер жұмысын бастамақ.
Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!