Қазақта «Адам болатын бала алысқа қарайды» деген тәмсіл бар. Бала мықты болып өсуі үшін дұрыс тәрбие мен білім қажет. Президентіміз жаңа жылдық құттықтауында биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, түрлі мерекелік шаралар мен жиындар өткізу емес, басты мақсат өскелең ұрпақты қорғау, саналы, сапалы тұлға шығару екенін, ол үшін ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасау керегін атап өтті.
Айта кету керек, елімізде 2021 жылы бала туу көрсеткішінде жаңа рекорд тіркелді. Өткен жылы жаңа туған нәрестелер саны бірден 446,5 мыңға жеткен. Ал биылғы жылдың үш айында 95,6 мың туу туралы куәлік тіркелді. 2022 жылы көрсеткіш жоғары болуы мүмкін дейді мамандар. Халық санының 1/3-ін құрайтын балалардың сапалы білім алуына, денсаулығының нығаюына мән беріп, күн тәртібіндегі шешілуге тиіс маңызды мәселелердің бірі етіп қоюы да содан шығар. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай дайындалған іс-шаралар жоспарына назар аударсақ, шынымен де биыл балалар құқығының қорғалуына, денсаулық жағдайын, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың ахуалын жақсартуға, олардың сапалы білім алуына мүмкіндік беретін бірқатар іс-шара тізбегін көре аламыз.
Ал «Баласын жетімсіретпеген ел» жобасында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау бойынша іс-шаралар қолға алынды. Атап айтсақ, өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталықтарының функцияларын кеңейту, аталған санаттағы балаларды отбасыға қосудың баламасын, яғни «патронаттық кәсіби отбасын» енгізу бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуді қамтиды.
Осындай жүйелі жұмыс нәтижесінде соңғы 3 жылда балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны 32%-ға (6223-тен 4254-ке дейін), ал балалар үйі 30%-ға (138-ден 96-ға дейін) қысқарған. Балалар жылына орай қолға алынатын іс-шаралар балалар үйінде тәрбиеленетіндер санын азайтуға, балалар үйіне қайтарылған жеткіншектердің санын төмендетуге мүмкіндік береді деген үміттеміз.
Жәрдемақы өзгерісіне келетін болсақ, күнкөріс деңгейі мөлшерінің өзгеруіне байланысты 1 сәуірден бастап жәрдемақылардың мөлшері де өзгереді. 7 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеушілерге төленетін жәрдемақы 50 426 теңгеден 52 345 теңгеге артып отыр.Асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы 1 балаға 30 976 теңгеден 32 155 теңгеге көбейтілсе, тұл жетімдерге 44 120 теңге көлемінде әр балаға бөлек жәрдемақы төлеу қарастырылған.Бала туғанда оның күтіміне байланысты төленетін біржолғы және ай сайынғы жәрдемақы көлемі де біршама өсті.
Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы 1, 2 және 3-ші балаға 120 840 теңге көлемінде болса, 4-ші және одан кейінгі балаға 200 340 теңгеден төленеді.
Өткен жылдан бастап Президент тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды. Онда 2026 жылға дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген. Сәуір айындағы жағдай бойынша ЭКҰ арқылы 1307 бала дүниеге келді. Алайда қоғам мен мемлекеттің басты мақсаты – бала санын көбейту емес, бақытты, өзіне сенімді, ұлтын сүйетін, саналы ұрпақ қалыптастыру болса керек. Соған сай балаларға қатысты зорлық-зомбылық, әділетсіздіктер жайы жылдан жылға қоғамдық талқыға салынып, мемлекет тарапынан назарға алынып жатқанына қарамастан балалардың физикалық, психологиялық қауіпсіздігіне қатер төнуде. Оған себепкер – алыстағы бейтаныс емес, ата-ана, көрші, мектептегі оқушылар. Жыл басынан бері терезеден құлап кеткен, суға түсіп, өлі күйінде табылған, жоғары сынып балаларынан, тіпті, өз ата-анасынан жыныстық зорлық көрген балалар жайлы ақпараттар легі толастаған емес. Жария болмағаны қаншама…
Жүйелі жұмыс жүріп, мемлекеттік салалар бұл бағытқа жеңін түріп кіріскенмен балалар жылы шынымен балалар үшін бе деген ой келеді. Мүмкін, мәселе «шағын мемлекеттің» жүйесінде шығар?
Аяжан УБАЙДУЛЛА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!