7 қыркүйек — соғыс ойыншықтарын жою күні

Адамзат тарихына көз жүгіртсек, соғыс пен қақтығыс қаншама қайғы-қасірет әкелгенін көреміз. Бір елді екіншісі жауласа, бір әулеттен талай адам айырылды. Қаншама шаңырақтың оты өшіп, ұрпақтың тағдыры күйреді. Осыны көрген халық бейбіт өмірдің қадірін бәрінен артық бағалайды. Сол бейбітшілікті дәріптеу – ең алдымен бала тәрбиесінен басталады. Өйткені бүгінгі ойыншықпен ойнаған бүлдіршін – ертеңгі қоғамның мүшесі. Сол себепті жыл сайын 7 қыркүйек – Соғыс ойыншықтарын жою күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн балаларға қару емес, достық пен мейірімділік сыйлайтын ойыншықты таңдай білуді еске салады.

Ойыннан от шықпасын…

Әдетте біз ойыншықты тек ермек көзі деп ойлаймыз. Бірақ ойыншықтың да өз тілі бар. Ол балаға үнсіз тәрбие береді. Қуыршақ ойнаған қыз бала қамқорлықты үйренсе, құрылыс ойыншықтарын ермек көрген ұл бала ойлануға дағдыланады. Ал қолына мылтық пен пышақ ұстаған балаға «күшпен шешу» ойы еріксіз қалыптасуы мүмкін.

Психологтар мұндай ойыншықтар баланың агрессиясын күшейтетінін айтады. «Жауды жою», «қарумен жеңу» секілді түсінік ойында қалыптасып, шынайы өмірге де әсер етуі ғажап емес. Бір-бірімен ойнап жүрген бүлдіршіндердің «сені аттым», «мен сені өлтірдім» деп айқайлауы осының дәлелі. Бұл – бейкүнә ойынның артында үнсіз қатердің жатқанын көрсетеді.

Жас ұрпақтың санасына зорлықты ерлік ретінде сіңіру – болашақ қоғамға жасалған қастандықпен тең. Сондықтан әлемнің көптеген елдері балаларды бейбіт ойға жетелеп, 7 қыркүйекті ерекше күн ретінде белгілеген.

Қатігездікке бастайтын ермек

Қазіргі дүкен сөрелеріне қарасаңыз, түрі қорқынышты құбыжықтар мен үрейлі кейіпкерлерге толы ойыншықтарды жиі кездестіресіз. Қызығы сол – балалар дәл осыларға құмар. Қолында қанжары бар монстр, көзі қып-қызыл робот немесе құбыжыққа ұқсайтын қуыршақ қазір сәнге айналып үлгерді.

Тағы бір парадокс – мұндай ойыншықтардың бағасы арзан емес. Кейбірі қарапайым отбасының бір айлық табысына тең. Соған қарамастан, сұранысқа шек жоқ. Бұл – маркетингтің айласы. Өндірушілер балалардың қиялын жақсы жарнама арқылы баурап, ата-ананы қымбат ойыншық алуға итермелейді. Нәтижесінде бала бойына бірнеше қажетсіз қасиеттерді сіңіруі мүмкін.

Әлемнің дамыған елдері бұл мәселені ертерек түсініп, «бейбіт ойыншық» өндірісін жолға қойған. Мысалы, Жапонияда ғылымға қызықтыратын құрылғылар, Еуропада шығармашылыққа жетелейтін ойындар кең тараған. Олар баланың ойлау қабілетін дамытып, төзімділікке үйретеді.

Ал бізде әлі де әскерилердің автоматы немесе пышағы өтімді тауарлардың бірі. Бірақ таңдау ата-ананың қолында. Қарапайым конструктор, табиғатты танытатын үстел ойыны немесе сурет салуға арналған құрал – бір мылтықтан әлдеқайда пайдалы. Мұндай ойындар баланы қиялға жетелейді, білімге ынталандырады.

Әрине, ойыншық – балалық шақтың ажырамас бөлігі. Бірақ балаға берер ең үлкен сыйлық – оның дамуына сеп болатын пайдалы дүние. Бір қымбат роботтың орнына сүйікті кітабын сыйлау – ой-өрісін кеңейтеді. Бір пластик мылтықтың орнына спорт үйірмесіне жазу – денсаулығын нығайтады.

Музыкалық аспапқа баулу – құлақ пен қиялды шыңдайды, ал сурет салу құралдары – шығармашылыққа жетелейді. Мұндай дүниелер баланың тек уақытын қызыққа толтырып қоймай, оның болашағына салынған инвестицияға айналады. Бала өскенде ойыншықты емес, алған тәрбиесін ұмытпайды.

7 қыркүйек – Соғыс ойыншықтарын жою күні бізге жай ғана атаулы күн болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның мәні терең. Бұл күні әрбір ата-ананы «баламның қолындағы ойыншық қауіпсіз бе?» деген сұрақты мазалауы тиіс

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!