Қазір қоғам талабына сай өзекті мәселелердің бірі білімді де парасатты, рухани құндылықтарды биік мақсат тұтатын азаматты тәрбиелеу болып отыр. Мектеп жасына дейінгі балаларының рухани адамгершілік құндылықтарын жетілдірудегі шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың негізгі міндеттерінің бірі.
Өнерге деген қызығушылықтың дамуына ықпал ететін балалардың шығармашылық қабілеттері ерте жаста қалыптасады.
Театрландырылған әрекет – өнердің бір түрі. Театрландырылған әрекет шығармашыл тұлғаны тәрбиелеуге жағдай жасайтын музыка, би, көркем сурет, шешендік өнер, актерлік шеберлікті, сонымен қатар рухани адамгершілік құндылықтарын да қамтиды. Сахналық қойылым арқылы бала қоршаған ортаны тани бастайды, ненің жақсы, ненің жаман екен біледі. Осы тұрғыда М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде ұйымдастырылған «Мен зерттеуші» атты зерттеу-жобалау байқауында Ұлжан Есмаханова апайдың жетекшілігінің арқасында «Кітап театры» жобасымен 1 орынды иелендім.
Балабақшадағы «Кітап театры» жобасы – мектепке дейінгі балалардың әдеби шығармаларға деген қызығушылығын арттыруға арналған тың бастама. Жобаның басты мақсаты – балаларды кітап оқуға баулу арқылы олардың тілдік құзыреттілігін қалыптастыру және шығармашылық, зерттеушілік дағдыларын дамыту. «Кітап театры» жобасы арқылы «Оқуға құштар балабақша» бағдарламасының талаптарына сай балалардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру көзделді. Жобаның негізгі міндеттері:
– Балаларды кітап бұрышымен таныстыру және кітапқа құрмет көрсетуге баулу;
– Коммуникативтік дағдыларын дамытып, шығармашылық әлеуетін арттыру;
– Көркем шығармаларды сахналық қойылымдар арқылы жеткізуге үйрету.
Жобаның негізгі бағыттары төмендегідей:
- Кітап бұрышын ұйымдастыру және толықтыру.
Балабақшада арнайы кітап бұрышы жасалып, ертегі кітаптар, балаларға арналған танымдық әдебиеттер орналастырылды. Ата-аналар кітап бұрышын толықтыруға белсенді қатысты. - «Кітап – біздің досымыз» іс-әрекеті
Балалар кітаптардың мазмұнымен танысып, оның сақталуына қамқорлық танытты. Жыртылған парақтарды желімдеп, кітаптарды қорғау мәдениетін үйренді. - Мобильді кітапханаға саяхат
Мобильді кітапхана арқылы балаларға QR-код көмегімен ертегілердің мультфильм нұсқаларын көру мүмкіндігі ұсынылды. Бұл әдіс балалардың визуалды және тыңдау арқылы ақпарат қабылдау қабілеттерін арттырды. - Ата-аналармен жұмыс
Ата-аналарға балалардың үйде кітап оқуға қызығушылығын оятуға арналған кітап бұрышын жасау ұсынылды. Бұл ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, бірлескен шығармашылық әрекетті қалыптастырды.
Жоба барысында келесідей нәтижелерге қол жеткіздік:
– Балалар кітап оқудың қызықты екенін түсініп, ертегі кейіпкерлерінің рөлдерін сомдауға қызығушылық танытты;
– Балалардың сөздік қоры, сөйлеу дағдылары мен коммуникативтік қабілеттері дамыды;
– Ата-аналардың жобаны жүзеге асыруға белсенді қатысуы отбасы мен балабақша арасындағы байланысты нығайтты.
Қорыта келе, «Кітап театры» жобасы балалардың оқу мәдениетін арттырып, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуда тиімді құрал екенін көрсетті. Мұндай жобалар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізеді. Алдағы уақытта жобаны кеңейтіп, заманауи технологияларды пайдалана отырып, жаңа әдістерді енгізу жоспарлануда.
Айдана АЛДИЯРОВА,
М. Мәметова атындағы
Қызылорда педагогикалық жоғары
колледжінің 4 курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!