Фото: pixabay.com

Тек соңғы екі аптада елімізде бірнеше бала өз-өзіне қол салып, өмірлерін қиды. Жасөспірімдер арасында жаппай суицидтің белең алуы қазақстандықтарды алаңдатуда. Қоғамдық резонанс тудырған балалар суицидінің қалай алдын алуға болатындығы жайлы «Шаңырақ» отбасын қолдау орталығының басшысы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, көпбалалы ана Ләззат Қожахметованың пікірін білген едік, деп жазады BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Ресми статистика 2024 жылдың өткен 8 айында Қазақстанда 2389 адам суицид жасағандығын айтады. Өзіне-өзі қол салғандардың 128-і 5 жас пен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер. Балалар омбудсмені Динара Закиева 11-13 жастағы балалар арасында суицид жасаушылардың саны өскендігін айтады. Бас прокуратураның мәліметінше, жасөспірімдер мен балалардың суицид жасауының себептеріне жалғыздық сезімі, ата-анасының ажырасуы, ата-анасымен немесе туыстарымен қарым-қатынастың бұзылуы, кедейлік, қиын материалдық жағдай, жазаланудан қорқу мен басқа да себептер жатады.

Өкінішке орай, елімізде соңғы күндері жасөспірімдер суициді белең алды. Ләззат Таймырқызы, балалардың осындай қадамға барып, өз-өздеріне қол жұмсап, өмірлерін қиюына не себеп болуы мүмкін?

Бірнеше жасөспірімнің өзіне қол жұмсауы бәрімізді есеңгіретіп отыр. Жұмыс, мансап деп жүріп бала-шағаны ысырып қойғалы қашан. Біздің де әке-шешеміз қасымызда отырмады. Дегенмен, ол кезде ұялы телефон болған жоқ еді. Қазір балаларымызды телефон тәрбиелеп жатыр. Жас ұрпақ тілді де, өнерді де, жақсыны да, жаманды да телефоннан үйренуде. Кез келген тәуелділік секілді телефонға тәуелділік те түбі жарға жығары белгілі еді. Тек оның балаларды өлімге итермелеуі – шегіне жеткендігі. Осы оқиғадан кейін әр ата-ана баласының ұялы телефоннан не көріп, не ойнайтындығына, кіммен дос екендігіне зер салуы керек деп ойлаймын. Бала көңілі сенгіш. «Жатты жақыным деп», «түймедейді түйедей етіп» қабылдауы мүмкін. Статистикалық мәліметтер суицидке 11-15 жас аралығындағы балалар жиі баратындығын айтады. Балалардың өзіне өзі қол салуына отбасындағы зорлық-зомбылық, мектептегі буллинг, жауапсыз махаббат, виртуалды бәс, тағы басқалары себеп болады деп ойлаймын. Жасөспірімдер мен балаларды суицидке телефондағы ойын, виртуалды достар ғана емес, кейде сыныптасы, танысы, тіпті туған-туысы да итермелеуі мүмкін.

Балаларымызды өз өмірлерін қиюдан қалай сақтаймыз? Қазір қоғамда белең алып, белден басып тұрған буллингтің қалай алдын алуға болады?

Булингке жас та, кәрі де төтеп бере алмайды. Әр ата-ана баласына жастайынан өзгеге буллинг жасамауды, қорламауды, мазаққа айналдырмауды, ұрып-соқпауды үйретуге тиіс. Буллинг жасау, суицидке итермелеу қылмыстық іс болып табылады, оның жазасы бар екендігін балалар да білуі тиіс. Жаңа заң бойынша баласы біреуге буллинг жасаса ата-анасы айыппұл төлейді. Себебі өзгені қорлауды бала үйінен үйренеді, яғни отбасы дұрыс тәрбие бермеген.

Мектептегі буллинг пен жасөспірімдер суицидінің алдын алу үшін мемлекет қандай шаралар атқарып жатыр?

Мемлекет осындай жағдайлар үшін 111 телефонын іске қосты. Әр ата-ана баласына осы телефонға кез келген жағдайда хабарласуға болатынын айтып, үйретіп, миына құюы керек. Балалар өз өміріне қауіп төнсе, мұңын бөлісетін адам таппаса, өзін жалғыз сезінсе, ешкім түсінбейді деп ойласа, зорлыққа ұшыраса осы телефонға хабарласып, көмек сұрай алатындығын білуі керек. Анонимно да хабарласуға болады.

Ләззат Таймырқызы, балаларымызды әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр деген пікірге келісесіз бе? Өзіңіз көпбалалы ана ретінде ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

Әлеуметтік желілер қарқынды дамып, жеңіл пайда, ар-ұяттан аттайтын әрекеттерді ашық жарнамалауда. Өкінішке орай, желідегі ақпараттың рас-өтірігін ажыратудан қалдық. Балалар қайдан айырсын? Әр ата-ана балалардың тик-ток, инстаграмм, телеграмм сияқты әлеуметтік желілерде көретін ақпаратын қатаң бақылауы тиіс. Балаңыз жат идеологияның, әумесер ойындардың құрбаны болмасын десеңіз, әлеуметтік желілерге кіруіне шектеу қойыңыз! Ата-аналарға айтарым, бала қандай қателік жасаса да, бүкіл қоғам теріс айналса да, баласынан әке-шешесі теріс айналмауы керек. Сонда суицидтің алдын аласыз. Жат ақпараттың жетегінде кеткен балаларымызды қайтару олардың өмірін сақтап қалумен тең болған заман туды. Менің ойымша, интернеттегі контентті балалар да тұтынатынын ескерсек, әлеуметтік желілерді реттейтін, шектейтін уақыт келді. Әр адам жариялаған ақпаратына заң алдында жауап беруі керек. Баланың өмірі мен қауіпсіздігіне мемлекет, мектеп емес, әуелі өзіміз жауаптымыз. Үйге оралайық ата-аналар, балаларымыз не күйде екен?!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!