Өткен ғасырда еліміздің басына ауыр қайғы мен ауыртпалық әкелген Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан шамамен 1,2 миллион адам қатысты. Бұл елдің сол кездегі жалпы халқының айтарлықтай бөлігі еді. Соғысқа қатысқан қазақстандықтар Кеңес армиясының әртүрлі бөлімдерінде ерлікпен шайқасты. Олардың ішінде 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды, ал 100-ден астамы Даңқ орденінің толық кавалері болды.
Ұлы Отан соғысы жыл-дарында ел басына түс-кен ауыртпалықты тек майданға аттанған жа-уынгерлер ғана емес, тылда қалған балалар да сезінді. Аштық пен жоқшылық, еңбекке ерте араласу – сол кезеңдегі балалар өмірінің шынайы көрінісі болды.
Ұлы Отан соғысы – бүкіл ел үшін ауыр сынақ болды. Бұл зұлмат жылдар тек майдандағы сар баздарға ғана емес, со ғыс кезіндегі бей біт халыққа, әсіресе балаларға да ауыр тиді. Со ғыс өрті олардың балалық шақтарын ұрлады, аштық пен жоқшылыққа душар етті, кейбірін жетім қалдырды. Оларды балалық шақтың орнына ауыр еңбек күтіп тұрған еді. Соғыс басталғанда ер-азаматтардың көбі майданға аттанып, ауылдар мен қалаларда қарттар, әйелдер мен балалар ғана қалды.
Ересектермен бірге балалар да тылда еңбек етіп, майданға көмектесті. Олар зауыттарда, егістік алқаптарында жұмыс істеп, оқ пен қару-жарақ дайындауға, азық-түлік өсіруге атсалысты. Бала еңбегінің ең ауыр түрлерінің бірі – шахталар мен зауыттардағы жұмыс болды. 10-15 жас аралығындағы жеткіншектер теміржолда жұмыс істеп, көмір қазып, егін жинап, майданға қажетті жүктерді тиеуге көмектесті. Балалардың нәзік, әлсіз қолдарына ауыр құрал-саймандар мен ауыр жұмыстардың жүгі түсті.
Зұлмат соғыс басталғанда мен небәрі 6 жастағы бала едім. Менің балалық шағым жоқшы-лық пен ауыр еңбектің ортасында өтті. Соғыс басталған сәттен анаммен бірге үй шаруасына, колхоз жұмысына араласуға мәжбүр болдық. Ол кезде ауылдағы барлық бала ересектермен бірге еңбек етті: бірі шөп шапты, бірі егін жинады, енді бірі мал бақты. Мен де қолымнан келгенше көмек көрсеттім. Жер жырту, егін егу, шөп шабу – барлығы сол кездегі ауыл балаларының мойнында болды. Бала болып ойнамай, ересектерше жұмыс істеуге тура келді. Анам жұрт қатарлы тылдағы еңбекке белсене араласып, ауылдағы басқа әйелдермен бірге майданға азық-түлік, киім-кешек дайындады.
Сол уақытта біздің үйіміз бұрыңғы Сырдария ауданына қарасты Жаңатұрмыс колхозында тұрған. Жаз жайлауы Сарысу өзенінің бойы болатын. Әкем сол колхоздың түйесін бағатын. Бір күні Ақарық колхозында бірге тұрған Жүсіпбек деген туыс ағамыз суыт күйде үйге келді де: «Елімізге Герман деген соғыс ашыпты. Мені сол соғысқа шақырып, соған кетіп бара жатырмын», – дегенді айтты. «Сіздермен қайыр-қош айтуға келіп отырымын», – деп көзіне жас алды.
Колхоз мал шаруашылығымен айналысатын. Оған қарасты фермада екі отар қой болатын. Бір отарын әкемнің інісі Әбдісаттар, екінші отарды Тілеубай бағатын. Жылқыны Есмағанбет бағады. Ферма бастығы – Досжан.
Фермаға көп ұзамай өгізарба келді. Арбаға тиеген 4-5 ағаш бөшке бар. Жаңадан қосалқы киіз үй тігілді. Бұрын саулық қойдан сауылған сүтті түрғындар тұтынатын еді. Енді олай болмады, сауылған сүт майдан қажетіне өңделуі тиіс болды. Тақтайдан арнайы астау жасалды. Үлкен қазан дарға шикілей сүт ұйытылды. Астау ішіне кенеп төселіп, әлгі ұйытылған сүт астауға салы нады. Кенеппен орап, үстіне ауыр заттар қояды. Қатықтың бойындағы сұйықтық ағып, шамасы 2-3 сағаттан кейін ашады. Суы сарқылған қатық, бөлшектенбейтін шеміршектей қатты болады. Оны кенепке тигізбей төрт бұрыштап кесіп алып, су құйылып тұз салынған бөшкелерге салады. Бірнеше күн тұрғаннан кейін бөшкеден алып, ши үстіне жайып суын сорғытады. Бұл жей беруге дайын брынза болып шығады. Осы өнімді дайындаудың шебері – менің шешем Рысты болатын.
Күзге қарай Сырға келген соң «Мырзабай бауы» дейтін жерде қыстадық. Бұл жерде үш үй болдық. Бірі – Рақмет сиыршы, оның ересек қызы – Зағипа, бізбен қатарлас ер бала – Төлеш болды. Зағипа кейін Арын деген ағамызбен тұрмыс құрады. Бір-неше ұрпақ өсірді. Соның бірі Қайсар футбол клубының белді ойыншысы Қалымбетов Әбіл еді. Өкініштісі бұл ініміз ертерек дүниеден өтті. Екін-ші үй – Жүрсінов Смағұл болатын. Ол бұрынғы ферма меңгерушілігінен жоғарылап, колхоз партия ұйымының хатшысы болып сайланды. Үшінші – біздің үй.
Бір күні бір сиырымыз кешкі өрістен келмей қалды. Сыйырдың бұзаулауға жақын кезі болатын. Оны атқа мініп іздеуге шыққан әкем 2-3 шақырымдай жерде қыстап отырған інілерінің бірі Пазылға соғып, сұрау салады. Енді қозғалып жүре берген кезде абалаған ит аттың астына кіріп кетеді. Одан тулаған, мөңкіген ат құлайды. Құлаған аттың астында бір аяғы қалған әкеміз зардабын жыл бойы тартты.
Үйдің үлкен ұлы Биебай өгіз арбамен малшыларға шөп тасымалдайды. Колхоз орталығы Сарықұмнан көшіп, Бірқазан темір жол стансасының шығыс жағында Көкжиде деген жерге қоныстанды. Алдағы қысты көшкен колхоздың ескі орталығында 4-5 үй өткіздік. Бір күні көк көзді әскери формадағы киімі бар бір орыс пайда болды. Жас шамасы жиырмадан асқан болуы керек. Әр үйге қонақтап жүрді. Ол армиядан қашып жүрген екен. Кейін ескі бір жертөледе ажал құшқанын естідік.
Жаз шыға шешем мені бидай масағын теруге апаратын болды. Одан кейін күріштің арамшөбін теруге алып барды. Тізеге жететіндей суды кешіп жүріп арамшөпті теріп, орады. Менің жұмысым сол шөпті күріш шетіндегі атыз басына апарып тастау болатын.
Күзге қарай Биебай аға қырық басқа жуық баспаққа бақташы болды. Қыс түсе сала жаздай атқа рылған жұмыстарына еңбекақыға 3-4 қап қара күріш берген еді. Оны көп ұзамай соғыс мұқтажы деп қайтарып алды. Жылы киім өткізу міндеттеліп, оған қой терісінен илеп тіккен тонын да өткізді. Бағылып отырған баспақ «Шолақарық» жағасында қыстап шыққан еді. Қыс ортасында Бірқазанның шығыс жағында «Қаралағаш» деген жерге көшірді. Сол жерді қыстап отырған Пірмағанбетке баспақ өткізілді. Биебай ФЗО-ға (фабрика заводтық оқу) шақырту келді. Қызылордадан 3-4 күнде қайтып келді. Келгеннен кейін «экспедиция» деген атауы бар жұмысқа алынды. Апталап жоқ болып кетеді. Кейде 5-10 келідей ұн алып келеді.
Қыстың аяғына қарай колхозшылардың жина-лысы болып, оған Пірмағанбет қатысып келген болатын. Жиналыста соғыс мұқтажы үшін біздің үйдің айғырын алынатын айтыпты. Пірмағанбет әкеме: «Мен айтты демеңіз, ендігісін өзіңіз білесіз», – деп ақталғандай болды. Бұл хабарды естіген әкеміз ай ғырды басқа жаққа апаруды ұйғарды. Қазіргі қаланың «Коммунизм» деп аталатын мөлтек ауданы бұрыңғы «Кооператор» колхозы болатын. Осы колхоздың мал шаруашылығымен айналысатын Байұлы деген өзімен тетелес інісі болатын. Ол кісі 15-16 шақырымдай қашықтағы «Қостам» деген жерде тұрды. Айғырды сол інісінің қолына әкеліп тапсырады.
Пірекеңнің көрші ақысына адалдығына алғыстан басқа не айтуға болады. Жатқан жері жұмақтың төрі болғай. Ертеңіне түске таман винтовка асын-ған бір орыс пен қазақ кісі келді. Сұрағына дайындалған жауап: «Екі күн болды айғырды сату үшін Қызылордаға кеткен, әлі келмей жатыр ғой», – деген сөзеді.
1943 жыл. Жаз жайлауымыз «Әулиежыңғыл» деген жерде болды. Шешеміз ерте тұрып, қолда бар 7-8 қой-ешкіні сауып беріп, егіс басына жұмысқа кетеді. Мен сол малды және көрші Қарашаш әжемнің төрт-бес уақ малын жайылымға айдап бағып, түс қайта алып келемін.
Бір күні цирк келіпті. Кешке ойын көрсетеді деген хабар таратады. Қамыстан соғылған қақыра үйдің алды құмшауыттау бос жер болатын. Екі орыс түрлі ойындар көрсетіп жүр. Оның бір сөзіне де түсінбеймін. Ең қызығы біреуінің аюмен күресуі болды. Аю артқы екі аяқпен тік тұрады. Адаммен адамша құшақтасады. Күресте оншақты рет аю жеңімпаз болды. Бір күресінде ғана орыс аюды құлатып жеңіске жетті. Екі қолын көтерген орыс мәз болып тұр. Көрермендер ду қол шапалақтап, ойыннан тарасты.
Бір күні үй жағалап бір апай келді. Қолында дәптері мен қаламы бар. Мектепке балалардың оқуына есеп алып жүргенін айтты. Біздің үйдегі баланың оқуына әлі жасы жетпеген деп, әкемнің тізімге жаздырғысы келмейді. Сол уақытта сауатты болсаң ұлт ардақтылары сияқты қуғынға түсесің деген қорқыныш әкемнің есінде әлі жүрген ғой. Өзінің де қудаланып, алты жылдай қырғыз, өзбек жерінде болғаны бар. Мен оны түсінем бе мектепке баратынымды айтып тұрып алдым. Өйткені бұл кезде менің сегіз жасқа келген кезім. Ақыры тізімге ілігіп, мектепке баратын болдым.
Жайлауға жақын жерде егілген бақша дақылының басында отырып, 7-8 шақырымдай орталықтағы мектепке қатынадық. Тек қазан айының аяғында орталыққа көшіп келдік. Сабақты өткізетін өзіміздің туысқан ағамыз Жақыпов Бейсен Мықанұлы болатын. Соғыс басталғанда алғашқылардың бірі болып майданға аттанған. Бір аяқтың ортан жілі-гінің ортасынан төменгі жағын майдан даласына қалдырған екен. Қолтыққа тірелген балдаққа сүйеніп, бір аяқпен тұрып сабақ өткізді. Орталыққа көшіп келгенде Қарашаш әжеміздің үйіне жақын жертөлеге орналастық. Әжеміздің екі ұлы Тоқтарбай мен Тұрсынбай соғыс майданында болатын. Күнкөріс жағдай ауырлай бастады. 1943 жылдың аяғы болуы керек, тағы да көшу басталды. Шешемнің туған інісі Байұзақ оқудан қол үзіп, жұмыс істеуге кіріседі. Қызылорда қаласында «Военторг» мекемесінің қосалқы (подхоз) шаруашылығы көкөніс егетін болған. Ол қазіргі «Талсуат» елді мекеніне жақын теміржолдың теріскей беті болған. Алдымен жұмысшы, кейін есепші болып жұмыс атқарған. Ол шаруашылықтың бір отар қойы және қырық шақты сиыры бар еді. Ол мал шаруашылығы қаладан 35-40 шақырымдай қашықта, «Кілемжайған» атты жерде екен. Сол сиырды Биебай ағам бағатын болып орналасқан. Дәл осы «Кілемжайған» жерінде біздің үй орналасты. Сауаты жоқ әкеміз сол ферманың басшысы болып тағайындалды. Бұзаулаған сиырлар сауылып, сарымай дайындалады. Майды 12-15 күнде жөнелтетін еді.
Күзге қарай өрісте жүрген бір сиыр уланған болуы керек, өліп қалды. Он сегіз жасқа толмаған Биебайды әскерге дайындау үшін военкоматтан шақырту келді. Алматы төңірегінде арнайы жаттығудан өтетін болды. Сиырдың өліміне байланысты әкемді қызметінен босатты. Үй «Военторг» қосалқы шаруашылығымен іргелес орналасқан. «Авиа школдың» қосалқы шаруашылығына көшіп келді.
1945 жыл мамыр айында соғыстың жеңіспен аяқталуы, халықтың бұғаудан босағандай дәуірі туды ғой. Әкеміз осы шаруашылықтың егісіне қарауыл болып орналасты.
Күзгі сабақтың басталуына «Колос» колхозындағы мектептің бірінші класының партасына барып отырдым. Бір екі аптада мені екінші класқа көшірді. Бұл менің бұрыңғы Жаңатұрмыстағы әріп танығандығымның арқасы ғой.
Сол жылдары жеке үйлерге егістік жер берілді. Көкөніспен қатар дәнді дақыл, жүгері, тары егіліп, бірнеше қап астық алынды. Қыс қыстайтын орын Жүсіпбектің жертөлесі бізге тиді. Жүсіпбек жертөленің бір қабырғасынан тесіп үңгір жасапты. Сол үңгірде соғыстан қашып келген інісі жасырынып отырған екен. Ол қабырға бетіне алаша не кілем тұтып қоятын.
Осы қыстық ішінде орны толмас қасірет інім Аманбай үш жасында науқастанып қайтыс болды. 1946 жылы көктемде туған жер, ата қоныс деп Жалғызжалға үйіміз көшіп келді. Ақтоғандағы бастауыш (төрт жылдық) мектепті бітірдім. 1947 жылы көктемінде Жалғызжалға Қызылқайың совхозының мал фермасы келді. 1947-1950 жылдары әкем осы фермасының түйесі мен жылқысын бақты. Менің жазғы демалысым түйенің қомында, аттың жалында өтті.
1948-1953 жылдар аралығында «Бірінші май» колхозындағы Г.К.Орджоникидзе орта мектебінде білім алдым. Оныншы кластың екінші оқу тоқсанының аяғына қарай мектеп директоры С.Усабаевтың кабинетіне шақыртып, менің интернаттан шығарылатынымды айтты. Оның себебі әкемнің мал бақпайтындығы еді. Бұл кезде менің әкемнің 71 жасқа шыққан кезі болатын. Сонымен соңғы екі тоқсан оқуды Қызылорда қаласындағы П.Д.Осипенко атындағы аралас (қазақ-орыс) мектебінде білім алдым. Қалада нағашы ағамның үйінде жаттым.
Аттестат алып, арман қуып, Алматыға бардым. Зоотехникалық мал дәрігерлік институтқа құжат тапсырдым. Емтиханға кіріп билет алғанда сұрақтар орыс тілінде жазылыпты. Қиналыспен алғашқы екі емтиханды өткіздім. Келесі емтихан орыс тілі және әдебиетінен шығарма жазу екен. Өмірі қазақ ауылында, оның ішінде елден шет малшы елде өскен жанның орысшасы белгілі ғой. 1953 жылы қыркүйек айында КПСС ОК-нің пленумында Н.С.Хрущев Бас хатшы болып сайланған болатын. Оның ашқан басты жаңалығының бірі «Кеңес өкіметінің халқы орыс тілін неғұрлым ертерек меңгерсе, Коммунизмге соғұрлым ерте жетеміз», – деген сандырағына алғашқылардың бірі болып мен іліктім. Сол Коммунизмінің аяғы 1963 жылдың аяғында халықты арпа мен сұлы ұнының өзіне зар қылып қойды ғой.
Елге келіп мал фермада жұмысшы болдым. 1954 жылдың аяғы 1955 жылдың бас кезінде науқастанып 4-5 айдай ауруханада жатып шықтым. Жазға қарай учетщик (кіші есепші) деген атпен жұмыс атқардым. Күзде Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылық техникумына қабылданып, 1958 жылы бітіріп шықтым. Қызылорда қаласындағы автомобильдерді жөндеу шеберханасында слесарь болып жұмысқа кірістім. 1960-1965 жылдары Тартоғай совхозы №4 фермасында радист, қосалқы бастауыш мектепте мұғалімдік қызметті қоса атқарып, 1960-1965 жылдары Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы институтты сырттай оқып, тарих пәні мұғалімі мамандығын алдым.
1965-1967 жылдары Шиелі ауданына қарасты №153 Тартоғай қазақ орта мектебінде мамандығын бойынша қызмет атқардым. 1967-1971 жылдары Қызылорда қаласында жұмысшы жастар кешкі мектебінде және 1968-1970 жылдары Облыстық кәсіптік техникалық білім беру басқармасында қосымша тәлімгер болып қызметтер атқардым. Одан әрі қарай еңбек жолымды 1972-1976 оқу жылдары қаладағы ВЛКСМ-ның 50 жылдығы атындағы №212 қазақ орта мектебінде мұғалім болып, балаларға білмім мен тәрбие беруге өмірімді арнадым десем де болады.
1976-1986 жылдар аралығында №253 қазақ орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кейін мұғалімдік қызметтерін атқар-дым. 1980-2000 жылдары №212 мектепте мұғалімдік еңбек жасап, осы мектептен зейнеткерлікке шықтым.
Кезінде 1967 жылы КПСС қатарына қабылданған едім. Сонымен елге 45 жылдай еңбек жасап, жайлы демалыс күндерім өтуде. Еңбек атқару барысында 1976 жылдан бастап №253, №212 мектептерде бастауыш партия ұйымының хатшысы және об-лыстық соттың халық заседателі болып қоғамдық жұмыстар атқарған болатынмын. Облыстық ішкі істер бөлімі мен облыстық оқу бөлімінің «Құрмет» грамотасы, 2 рет облыстық ардагерлер кеңесінің, оншақты рет қалалық білім бөлімі мен мектеп дирекциясының алхыс хаттарымен марапатталып, 1988 жылы «Еңбек ардагері», 4 рет Ұлы Отан соғысындағы жеңісінің «Мерекелік» медальдарымен марапатталдым. 2023 жылы оқу-ағарту министрі Ғ.Б.Бисембаевтың Алғыс хатын алдым.
Отбасымызда жұбайым Ағыбайқызы Әлимаш екеу міз 6 ұл өсіріп, одан 14 немере, 21 шөбере көріп, ата-әже атандық. Өкініштісі 1993 жылы үлкен ұлымыз Серік 32 жасында ұзақ науқастан, екінші ұлымыз Мейрамбек 2013 жылы 49 жасында жүрек талмасынан өмірден өтті. Құдай қосқан қосағым Әлимаш 2017 жылы 76 жасқа қараған шағында ұзақ науқастан көз жұмды.
Қазіргі уақытта ұлдарым мен келіндерім және немерелерім түрлі салада жемісті еңбек етуде. Ал өзім қазір тоқсан бір жастың ішіне еніп, ел тыныштығы мен ұрпақтарының аман-саулығының тілеуқоры болып отырмын.
Есіме түскендерді баяндаған жоғарыдағы естелігімдегі менің балалық шағым – сол кездегі мыңдаған қазақ баласының тағдырының бір көрінісі. Біздер бала болсақ та, сол жылдардағы ауыртпалықты көтере білдік, еңбекпен шыңдалып, болашаққа жол салдық. Балалық бал дәуренін соғыс ұрлаған бұл ұрпақтың осыншама төзімділігі мен қажыр-қайраты кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Жолдыбай НҰРЫМЖАНҰЛЫ,
Еңбек ардагері, ұстаз
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!